Әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты

Өскеменнің іргесіндегі Ахмер ауылында орналасқан 27943 әскери бөлімінде Тұңғыш Президент күніне орай Ұлан ауданының Таврия және Гагарин орта мектептерінің 9-11 сынып оқушыларымен ашық есік күні өтті.
Іс-шараның мақсаты – әскерге шақырылу алдындағы жеткіншектерді әскери бөлімнің тыныс-тынысымен толық таныстыру, Қарулы Күштердің имиджін арттыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және патриоттық рухтағы сананы ояту.
Әскери бөлімдерде тоқсанына бір рет ұйымдастырылып тұратын аталмыш шараға Таврия орта мектебінің сынып жетекшісі Сәуле Нұртазова 9 сынып оқушыларын, ал Гагарин орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанболат Күлмесхан 11 сынып оқушыларын алып келді.
27943 әскери бөлімінде іс-шараны өткізуді өз қолына алған бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Асыл Ерғалиев тәрбиеші офицерлермен бірге келген қонақтарды бөлімнің бақылау-өткізу пунктінен қарсы алды. Ашық есік күнінде болашақ Отан қорғаушыларға әскери бөлім аумағындағы нысандар, жауынгерлік машиналар паркіндегі әскери техникалар мен қару-жарақтар және казармадағы жатын орын мен бөлімнің күнделікті тұрмыс-тіршілігі таныстырылды.
Сонымен бірге, қызметте қолданыстағы далалық жағдайдағы жатар қап пен заттық дорбаның пайдалануын оқушылар қызығушылықпен және ықыласпен тыңдап, арнайы спорт, жауынгерлік дайындық бұрышын тамашалады. Келген қонақтар гарнизонның спорт кешеніндегі жаттығу залдарын аралап, әскери бөлімнің спорттық іс-шараларда жеткен жетістіктерінен де хабардар болды.
Нұржан Малгаждаров,
27943 әскери бөлімнің
аға офицері.