Қоғам

Әскерге әйелдер де шақырыла ма?

  Әскерге әйелдер де шақырыла ма?

Облысымызда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Қазіргі уақытта әскер қатарына іліну де оңай шару емес көрінеді. Осы мәселеге байланысты облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ержан Жекуповпен тілдескен едік.
Оның айтуынша, биылғы көктемде облысымыздан Қарулы күштер қатарына бір мың жас сарбаз алынады екен. Дәл осынша сарбаз күзде де шақырылмақшы. Ең алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара әскеріне 200 адам іріктеліп алынады, оған арнайы комиссия құрылып әскерге шақырылатын сарбаздардың жеке істерін ҰҚК, АХАТ, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарының өкілдері зерттейді.
Екінші кезеңде Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштері қатарына сарбаздар алынады. Оған 300 адам іріктеледі екен, қазір шақыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде орта кәсіби білімі бар немесе «В», «С» санаттардағы жүргізуші куәлігі бар жастар таңдалынып алынады.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне шақыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ол жерге бар-жоғы 20-30 адам алынатындықтан, талап өте жоғары. Көбінесе тракторшы, бульдозерші, жүк кранында жұмыс істей алатын және Өскемен, Семей қалаларындағы оқу орындарынан құтқарушы, өрт сөндіруші, фельдшер мамандықтарын алып шыққан жастар қабылданады.
Ішкі әскери жас сарбаздар көп алынады. Шақыру жұмыстары маусымның 25-іне дейін жүргізіледі, 400 сарбаз ел ішіндегі тыныштықты сақтау үшін арнайы жедел бөлімдерге аттанады.
Ержан Жекуповтың айтуынша, жоғарғы оқу орындарындағы әскери кафедраларды бітіріп шыққан жастарға бірден «запастағы офицер» шені беріледі. Егер Қорғаныс министрлігінен арнайы наряд немесе мемлекеттік тапсырыс болмаса, жастарды ешкім әскерге баруға мәжбүрлемейді. Негізінен әскерге өз еркімен барғысы келгендер ғана шақырылып, олар азаматтық борышын екі жыл өтейді. Егер әскери еңбек жолын әрі қарай жалғастырамын десе, рапорт жазып келісімшартқа отырады.
– Іріктелетін жастардың денсаулығына қатты мән береміз. Жүрек-қан тамырлары аурулары, жүйке жүйесінің ауытқушылықтары, психологиялық дайындығы төмен жігіттерді алмаймыз. Егер оның ата-анасы ұлының, ал әскерге шақырылушы өзінің «әскерге дайын емес» екендігін айтса, оны да алмаймыз. Үйткені Қарулы күштер қатарында қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді,-дейді ол.
Әскерге бару мерзімін шегеру «Әскери қызмет туралы» Заңның аясында жүзеге асады. Яғни, шақырылушының денсаулық жағдайы, оқуы немесе үйдің жалғыз асыраушысы болса ғана. Егер шақырылушы әскерге барғысы келсе, ата-анасының нотариус арқылы бекітілген келісімін алып бірден өтініш жаза алады. Қазақстанда әскер қатарына 27 жасқа дейін шақыртылады.
Әскер қатарында баламалы түрде қызмет ету мәселесі де қарастырылған. Бұл – біржарым айлық әскери дайындықтан өткізетін арнайы әскери-техникалық мектеп. Курсанттар оқуға ресми түрде 260 мың теңге төлеп, алғашқы әскери дайындықтың негіздерін үйренеді және әскери билет алып шығады. Айтпақшы, аталмыш билетпен кез келген мемлекеттік қызметке және келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасуға болады.
Подполковник Ержан Жекуповтың айтуынша, әскерде әйелдер атқара алатын қызметтер де қарастырылған.
– Олар байланысшылар, телеграфтар, дәрігерлер, психологтар және басқа да әскер мамандықтар болып жалғаса береді. Сондай-ақ, қыздарды клуб меңгерушілері, тылдағы қойма басшылары сияқты қызметтерге алады, – дейді ол.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button