Әскерге шығарып салдық
Биылғы көктемде ел Қарулы Күштерінің қатарын 1 271 шығысқазақстандық толықтырады. Өскемендегі Республика алаңында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас жігіттердің бір тобын салтанатты шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бұл күні әскерге аттанған 21 жерлесіміз алдағы бір жыл бойы Әуе қорғаныс күштері қатарында азаматтық борышын өтейтін болады. Жас сарбаздар алдымен Алматы облысына, кейін Қарағанды қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы Әскери-әуе күштерінің 50185 әскери бөліміне (610-шы әуе базасы) жеткізілмек. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Айдар Мүсірепов мәлім етті.
– Өздеріңіз білесіздер, бүгінде елімізде Қарулы Күштердің техникалық жарақтандырылуына ерекше көңіл бөлінуде. Елбасы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тапсырғандай, ең алдымен армияның білімі мен біліктілігіне жіті мән берілу керек. Біздің Қарулы Күштер қатарында заман талабына жауап беретін кәсіби мамандар қызмет етуі тиіс. Сол себепті, әскерге бірінші кезекте жоғары не орта білімі бар азаматтарды шақырудамыз, – деді ол.
Оның айтуынша, биыл өткен жылдың күзімен салыстырғанда әскерге шақыртылғандар саны біршама артқан. Жоғарыда айтқанымыздай, 2017 жылдың көктемгі шақырту науқанында қарулы күштер қатарын 1 271 шығысқазақстандық толықтырса, былтырғы күзде 260 адамға кем болыпты.
Екі медициналық комиссиядан, сондай-ақ, психологиялық сынақтан іркілмей өткен болашақ жауынгерлер енді таңдаулы Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтемек.
– Жылда біздің облысқа үміткерлерді таңдап алу мақсатында бірнеше әскери бөлемшенің өкілдері арнайы келеді. Биыл да солай болды. Әскерге шақырылған жігіттердің физикалық, психологиялық жағдайын, білімін тексерген олар сыннан сүрінбей өткендерін өз қатарларына қабылдады, – дейді Айдар Мүсірепов.
Әдеттегідей, бұл күні Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас жігіттерді шығарып салу салтанатына олардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты. Сонымен қатар, шара барысында облысымыздың аудан-қалаларынан келген «Шығыс ұландары» кадет сыныптары оқушыларының шеруі өтті. Айта кетейік, бүгінде аталмыш кадет сыныптары өңіріміздің барлық қаласы мен ауданында бар. Республика алаңында өткен салтанатты шараға 400-ден астам кадет қатысты.
Сонымен қатар, алаңға жиналған қауым алдында 27943 әскери бөлімінің сарбаздары мен 5518 әскери бөлімі кинологиялық қызметінің мамандары өнер көрсетті.
Нүркен Әбдіров атындағы 610-шы әуе базасы командирінің орынбасары, полковник Қасымбек Кенжебаев әскерге аттанғалы тұрған жігіттерді осынау датамен құттықтай келе, жас шығысқазақстандықтар өз міндеттерін абыроймен орындап шығатынына сенім білдірді. Жақындарының арасына аман-есен оралуын тіледі. Сонымен қатар, Қасымбек Кенжебаев бүгінде Қарағандыдағы әуе базасында әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер жерлесіміздің анасы Гүлжанат Рүстемоваға командир алғысын жеткізді.
Нұржан Кенжеұлы