Қоғам

Әскеріміздің әлеуеті қандай?

Шақырым жерде орналасқан нысананы зеңбірек және пулеметпен дәлдеп ату, су толы орлар мен жасанды тоғандардан жүзіп өту, қияға шығып-түсу, қилы кедергілерді артта қалдыру… Міне, Өскеменнің іргесіндегі әскери полигонда ұйымдастырылған Қазақстанның үздік БТР экипаждары мен автокөлік жүргізушілерін анықтау сайысының негізгі міндеттері осы.

Үздіктерді анықтаған үш кезең

Үш күнге созылған сайыс барысында «Шығыс», «Орталық», «Оңтүстік» және «Батыс» сынды төрт әскери округ пен Қаратемірдегі 6654 әскери бөлімнің және Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұланның әскери институтының автокөлік жүргізушілері мен БТР экипаждары барын салды.

Бірінші болып жарыс жолына шыққан БТР экипаждары әскери көлікті орнынан қозғау уақытынан бастап, жоғары жылдамдықта нысананы көздеп ату, тереңдігі үш метрге жуық су толы бассейнді шектеу сызықтарынан аспай жүзіп өту, ирек жолдағы кедергілерді айналып өту, габаритті тоннельден өту, батпақ толы орды кешіп өту бойынша шеберліктерін көрсетті.

Бұл жерде БТР экипажының механик-жүргізушісінің ғана емес, сондай-ақ экипаж командирі мен көздеуші-оператордың да шеберліктері сынға түсті. Командалық әдісті қалыптастыра білген бронетранспортер экипаждарының арасында қобалжу болмады деуге келмес. Кейбірі су толы бассейнде қиғаштап кетсе, енді бірі оқ ату шебінде мүлт кетіп жатты. Дегенмен экипаждар өздеріне жүктелген міндетті кеш те болса орындап, межелі жерге бірі қалмай жетті.

Екінші кезекте жарыс жолына автокөлік жүргізушілері шықты. Жүргізушілер арасындағы сайыста нысананы көздеп ату мен су толы бассейнді жүзіп өту болмағанымен, сегіздікті айналып өту, тауға шығып-түсуде кілт тоқтау, батпақ толы орды кешіп өту, жолсыз жерлерді жоғары жылдамдықта жүру сияқты кедергілер тұрған еді.

– Бүгін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысының бұйрығымен үшінші конкурс өткізілуде, – деді Ұлттық Ұланның техника және қарулану бойынша бас қолбасшысы, генерал-майор Сағатбек Нұрахметов. – Конкурстың мақсаты – үздік автокөлік жүргізушілері мен БТР экипаждарын анықтау. Сондай-ақ бұл әскерилер арасындағы дайындықты тағы бір пысықтау болып табылады. Біз осындай сайыстар өткізу арқылы әскеріміздің деңгейін анықтап, жауынгерлердің тосыннан болатын жағдайларға дайындығын тексереміз

.

Ұлттық Ұланның соғыс жағдайындағы оқыс оқиғаларға дайындығын сынаған сайыс Өскеменнің Аблакет кенті іргесінде орналасқан оқу-жаттығу полигонында өтті. 5518 әскери бөлімнің автодромында бақ сынаған әскери округтер мен әскери институт жауынгерлері жарысты таң бозынан бастап, түс ауа жеңімпаздар анықталды.

 Бұл жолғы сайыс бұрынғыдан күрделі

– Мұндай конкурстарды ауа райының қолайсыздығына қарамастан тұрақты түрде өткізуге тырысамыз, деді Ұлттық Ұланның техника және қарулану бойынша басқармасының бастығы, полковник Константин Ворнкин. – Әр сайысты еліміздің қолбасшылықтары базасында кезекпен өткізуге тырысамыз. Бұл жолғы автодром өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Жүргізушілер үшін біршама қиын болғаны рас. Ал БТР-ге келер болсақ, қазіргі уақытта ол еліміздің басты әскери техникаларының бірі болып табылады. Бұдан бөлек Қазақстан әскерінде Урал-ВВ, Тигр бронекөліктері де жетерлік.

Алдағы уақытта БТР-лар сайысын танк биатлоны сияқты халықаралық жарыстардың біріне айналдыру мақсатының да жоқ еместігін алға тартқан ол бүгінгі сайысқа келген экипаждардың бұған дейін де бірнеше жарыс кезеңінен өткен сайыпқыран жауынгерлер екенін атап өтті. Ол жарыс кезеңдерін үйде өту мен қонақта өткізудің арасы жер мен көктей екенін айтады. Дегенмен, алда-жалда болатын қақтығыстар кезінде таңдау жасауға мүмкіндік болмайтынын әр жауынгер білуі керек.

 Жауынгерлік рухты қалыптастырады

Жауынгерлер арасында өткен тартысты бәсекені тамашалауға балалар үйінің тәрбиеленушілері мен орта мектептердің кадет сыныптарындағы курсанттар да шақырылды.

– Біз мұндай әскери жарыстарды тамашалауға жиі келіп тұрамыз, дейді №4 мектептің оқушысы Балғын Хайдаров. – Кадет сыныптарының оқушылары болғандықтан, бізді үнемі «Бүркіт» арнайы бағыттағы әскери бөлімшесі қолдап отырады. Олармен жиі кздесулер өткізіп тұрамыз. Бүгінгі сайыста жауынгерлердің түрлі әскери техникаларды жақсы меңгергендеріне көзіміз жетті. Осындай әскери жаттығулар мен сайыстарды біз сияқты ұрпақтың алдында өткізу барлығымыздың бойымызда отанқорғаушылық сезімді оятады деген ойдамын.

Бүгінде кадет сыныбының оқушысы болып жүрген Балғын алдағы уақытта Ұлттық Ұланның әскери институтына түскісі келетінін де жасырмады. Болашақта құрлықтық әскер құрамында қызмет етуді мақсат тұтқан ол бүгінгі сайыстан ерекше әсер алғанын айтады.

Бүгінгі жарыс әдеттегіден күрделі болды, деді 3477 әскери бөлімінің аға лейтенанты, БТР экипажының командирі Сардор Мухтаров. – Десек те, барлық толқулар мен кедергілер артта қалды. Осындай жарыстарды өткізіп отырған басшылығымызға үлкен рақметімді айтамын. Мұндай сайыстар арқылы әскердің рухы көтеріліп, айбыны арта түсері анық. Оның үстіне, Қазақстанның әр түкпірінен жиналған жауынгерлер өз білгенін осындай ортада көрсетеді. Сондықтан мұндай жарыстар тәжірибе алмасу алаңы болу үшін таптырмайтын жер екені рас.

Өткен жылы осындай жарыста екінші орын алған ол биыл туған жердің топырағы мен жерлестерінің қолдауы үздіктер қатарына жеткізгенін атап өтті.

 

Байрақты бәсекеде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері жеңісті қолдан бермеді. Жарыс қорытындысы бойынша «Үздік жүргізуші» байқауында 73 ұпай жинаған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жүргізушісі жеңіс тұғырынан көрінсе, 71 ұпай жинаған 6654 әскери бөлімінің жүргізушісі екінші орынды иеленді. Ал үшінші орынға 5573 әскери бөлімінің жүргізушісі көтерілді.

«Үздік БТР экипажы» байқауында бірінші орынды 114 ұпай жинаған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері иеленсе, екінші орынға 105 ұпаймен «Орталық» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері табан тіреді. Ал 103 ұпай жинаған «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері қола жүлдені місе тұтты.

 Танк биатлоны – әлемнің түрлі елдері арасындағы танкті жүгізу және танкке орнатылған негізгі және қосымша қарудан дәл ату шеберлігін көрсету бойынша экипаждар арасындағы жарыс. Тұңғыш рет танк биатлоны бойынша халықаралық жарыс 2013 жылы Мәскеу маңындағы Алабино полигонында өтті. Сол кезден бері қазақстандық әскери қызметшілерден құралған команда жыл сайын үздік үштіктен көрініп келеді. Ендігі кезекте еліміздің әскери басшылығы БТР экипаждарын да осы қатарға қосып, жауынгерлер арасында үздіктерді анықтауды бастамақ ниетте.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button