Қоғам

Өскеменнің жанынан жаңа ауыл салынып жатыр

Өскеменнің жанынан жаңа ауыл салынып жатыр


Қызыл кірпіштен қаланып жатқан бірыңғай сәулеттік үлгідегі үйлер әлі толық салынып бітпесе де, әлден-ақ көз тартып, мен мұндалап тұр. Аумағы атшаптырым жерде күн санап қанат жайып келе жатқан бұл 28-ші ықшам аудандағы жер үйлердің құрылысы енді екі айдан соң түбегейлі аяқталып, тұрғындардың пайдалануына беріледі.

«ҮЙ СУЫҚ БОЛА МА?» ДЕП ҮРЕЙЛЕНБЕҢІЗ

Қазір мұнда 54 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Театр киім ілгіштен басталса, үй іргетасынан басталады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің іргетасы берік етіліп, 1,5 метр тереңдікке дейін құйылған екен. Шығыс ауылының сол жақ қапталында, Өскемен-Семей трассасы өтетін жолдың бойында жатқан осы 28-ші ықшам ауданға алдағы уақытта 1000-нан астам тұрғын үй салынады. Қаланың бас жоспарына сай ықшам ауданда мектеп, балабақша басқа да әлеуметтік нысандар бой көтермек.

Құрылыс басында жүрген семейлік «Компания Восток Строй» ЖШС-нің учаске шебері Нұрлан Сарқытбек бізге салынып жатқан тұрғын үйлердің жылы болатынын алдымен бөле-жара айтты.

-Мына қабырғаларға қараңыз! Қабырғалары қалың. Екі жақтан қаланған кірпіштің ортасына жылу ұстайтын шынымақта (стекловата) материалы салынып жатыр. Үй қабырғасының қалыңдығы 60 см. Бөлменің биіктігі – 2 метр 80 см. Қабырғаның сыртынан әрлеу кірпіштері қаланып жатыр. Екі ортадағы жылуды ұстап тұрады, суықты кіргізбейді. «Үй суық бола ма?» деп үрейленбеңіз, жылы болады.Үйлердің сейсмикалық қауіпсіздігі жоғары, жеті балға дейін шыдас беретіндей, -деген учаске шебері құрылыстың сапасы жоғары екендігіне сендіріп бақты.

Шебердің айтқаны шын болып, жылы болсын. Әйтпесе, күре жолдың ар жағында тұрған Шығыс ауылының қағаз үйлері қысы-жазы жылынбай, қандастарымызға азабын әлі күнге дейін тарттырып келеді.

Мұндағы тұрғын үйлер жоба бойынша электр қазандығымен жылынатындай етіліп салынуда. Үйдегі температура мөлшеріне орай өздігінен қосылып, ажыратылып отыратын қазандық релесі үй иелері жоқ кезде де үйді жылытып, жылу жүйелерінің қатып қалмауын қамтамасыз етеді. Тас көмір жағып, күл шығарғаннан электр қазандығымен жылытқан рахат болғанымен, оның «жейтін» энергиясының құны қатты отынның қаржысынан екі есе көп болып, елді шығынға шаш етектен батырып жүрмей ме? Көкейге келген сұрақтың жауабын келешек көрсетеді.

КІРПІШ ӨСКЕМЕННЕН, АҒАШ СЕМЕЙДЕН АЛЫНУДА

Жеке тұрғын үйлердің қабырғасына Глубокоедағы «Изотерм» компаниясының жылу ұстағыш материалдары салынып жатыр. Қаланып жатқан кірпіш Өскемендегі кірпіш зауытынан, ағаш өнімдері Семейдегі кәсіпорындардың бірінен сатылып алынуда. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс материалдарына тек жергілікті жердегі кәсіпорындардың өнімдері пайдаланылып жатыр.

Үйлердің іргетасы қара күзден бастап құйылғанымен, құрылыс жұмыстары енді ғана қарқын алыпты. Қысқы аяздарда, қарлы, жаңбырлы күндерде тоқтап қалған шаруаларды жеделдете жүргізу үшін құрылысшылар саны көбейтілуде, енді ұжым үш ауысымда жұмыс істеуге көшпек. Қазір құрылыс басында «Компания ВостокСтрой» ЖШС-нің жеті техникасы, елуден астам адамы жұмыс істеп жатыр. Кесте бойынша 54 жеке тұрғын үйдің бәрі де мамырдың аяғына дейін салынып бітуі тиіс.

Қасқырша қарпып қалудың, көзбояушылыққа барудың, біліксіз жұмысшыға, білімсіз маманға салдыртудың салдарынан бүгінде мемлекеттік бағдарламалармен бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің ішінде жертөлесі сасып, қабырғасы қақ айырылып қалатыны, төбесінен су тамшылайтыны көбейіп барады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан бұл 54 баспананы да ертең жер алу кезегінде тұрған тұрғындар, үйсіз-күйсіз жүргендер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге сатып алмақ. Қарызданып алғандары сапасыз үй болып шықса, шырқырмай қайтсін халық?!

Дидар Кеңесбаев, Өскемен қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

-Өскемен қаласы 28-ықшам ауданының 3-ші кезегінде салынып жатқан үйлердің құрылысын аяқтау күнтізбелік кестеге сәйкес осы жылдың маусым айына жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыстың, шамамен, 58%-ы салынды. Үйлер құрылысында қолданып жатқан құрылыс материалдарының 90% өзімізде – Қазақстанда шығарылған құрылыс материалдары. Құрылысқа жобалық-сметалық құжат бойынша энергия үнемдейтін материалдар қолданылуда. Үй құрылысының барысы « Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңы аясында құрылыс жүргізуге тиісті лицензиялары бар авторлық, техникалық қадағалаушылармен, мердігер ұжыммен және де тапсырыс берушімен қадағалануда, сонымен қатар мердігер ұжым көрінбеген ақауларды жөндеуге, қабылдау актісі күнінен бастап үш жылдық кепілдік мерзімін береді. Жалпы 28-ықшам ауданының 3-ші кезегінің аумағы 195,5 га жерді алады, мұнда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша 1002 тұрғын үй салу қарастырылып отыр.

Өскеменнің жанынан жаңа ауыл салынып жатыр

ҚАЙДА, КІМГЕ ХАБАРЛАСУ КЕРЕК?

Тірнектеп жинағаны текке кетпес үшін құрылыстан аз-маз хабары бар Өскеменнің тұрғыны Нұрлан Жұбанов 28-ші ықшам ауданда тұрғызылып жатқан тұрғын үйлердің салыну барысын, сапасын өз көзімен көруге әдейілеп құрылыс басына келген екен.

– Осы ықшам ауданда «Нұрлы жермен» жер үйлер салынып, жаңа ауыл бой көтеріліп жатыр деген хабардың дүбірімен келіп тұрмын. Үйлердің төбесі жабылмай тұрып, қабырғалары қаланып жатқан кезде материалын, сапасын көрейін деп. Үй салынып біткен соң, қалай салынғанын оның қабырғасын ашып, төбесін қопармасаң көре алмайсың. Қазіргі күні шала-шарпы салынған жаңа үйлер көп. Төрт ұлым бар. Балама үйді қаладағы қорап баспанадан емес, осы жерден сатып алсам деген ойдамын. Бұл жерден үйді қалай сатып алуға болады, қандай талаптары бар деген сұрақтарым да бар, -дейді құрылыс басына келгендегі басты шаруасын жеткізген Нұрлан.

Учаске шеберінің айтқанындай, құрылыс барысын, сапасын компания басшыларымен бірге техникалық бақылау органы, жобалаушылардың өздері, қалалық сәулет-құрылыс бақылауы бөлімінің мамандары келіп бақылап, қадағалап отыр. Жобадағы барлық нормалардың сақталынуы ерекше бақылауда. Екі үйдің ауласының ара қашықтығы он метр, алдыңғы, артқы жағының арасы елу метрден. Тұрғын үй ауласының үй орнымен қоса есептегендегі жалпы ауданы он сотық. Осы ықшам ауданның бір шетінен кейін саяжай кешені де салынады екен.

«Қаланың маңында салынып жатқан бұл жер үйлерді қалай сатып алуға болады?» деген Нұрланның сауалы көпшіліктің де көкейінде жүргені анық.
Аталған бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар жер алуға өтініш бергендерін (немесе беруі керек) және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне немесе екінші деңгейдегі банктерге барып, өздерінің төлем төлеу қабілеттерін растауы қажет.

28-шң ықшам ауданда салынып жатқан жеке үйлерді сатып алу мәселелері бойынша Өскемен қалалық жер қатынастары бөліміне хабарласуға немесе мына мекенжайға баруға болады: Өскемен қаласы, Киров к-сі,33 үй, 9 кабинет, 8 (7232 )57- 84- 96; Сондай- ақ Өскемен қалалық құрылыс бөліміне: Өскемен қ., Қазақстан к-сі,27, 405 кабинет, 8 (7232 ) 24 -08-99; Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне: Головков к-сі, 25/1. 8(7232) 40-26-32 нөміріне хабарласуы керек. Үйлер 30 пайыз көлеміндегі алғашқы жарнамен беріледі. Үйдің бір шаршы метрінің бағасы – 120 мың теңге. Ауданы 80 шаршы метр үйдің бағасы – 9 млн. 600 мың теңге,100 ш.м – 12 млн. теңге,130 ш.м. – 15 млн. 600 мың теңге.

Жеке жер үйлерге қатысты ешқандай санатқа жеңілдік қарастырылмаған. Қазіргі күні Өскеменде жер алуға 4000-дай адам, Семейде 24 000 адам кезекте тұр. Семейде бас жоспар бойынша жер үйлер салуға жоспарланған учаскелер саны 13 700 ғана, сол себепті өтініш бергендердің бәрі бірдей жер ала алмайды. Бірыңғай жоба бойынша салынып жатқан жер үйлер облыс, қала тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтумен қатар облыс орталығында жеке меншік жер үйлерді бейберекет салуға жол бермес үшін де жасалып отыр.

Өскеменде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 6 478 жеке тұрғын үй салуға тоғыз ықшам аудан анықталып, бекітілген: 28-ші тұрғын ауданның 3-кезегі; 20, 21, 22, 25, 27-ші тұрғын аудандар; 28-ші тұрғын ауданның 2-кезегі; Самсоновка және Ахмер тұрғын ауданы. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандарға берілетін жер бәріне бірдей емес, кезегі келген тұрғындарға ғана берілетінін айтады. Өскеменнен жер алуға 2005 жылдан бері қарай қалыптасқан кезек бар. 10 сотық жер жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сумен, электр желісімен, жолмен қамтамасыз етілуі жағдайына қарай беріледі. Бұл – 2016 жылы Жер кодексіне енгізілген жаңа нормалар бойынша бекітілген талап. Бағдарлама аясында учаскелерге, тұрғын аудандарға су, жарық тарту, жол салу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазіргі күні «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаланың осы Шығыс ауылы жанындағы 28-ші ықшам аудан және 20-ші ықшам аудандағы жер учаскелері бағдарлама аясында қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіліп жатыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button