Қоғам

Өскеменнің үздік спортшылары марапатталды

Өскеменнің үздік спортшылары марапатталды

Өскеменде үстіміздегі жыл бойында бірқатар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарда қала намысын қорғап, жеңімпаз атанған, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан, ең үздік спортшылар мен олардың бапкерлері марапатталды.
Отандық спорттың өркендеуіне атсалысып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда өнеге көрсетіп жүрген үздіктердің үздіктерін Өскемен қалалық мәслихаты аппаратының басшысы Ермұхан Даменов құттықтады.
– Барлықтарыңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Еліміз үшін айтулы мереке қарсаңында көптеген іс-шаралар қолға алынды. Солардың бірі – бүгінгі спорт майталмандарына құрмет көрсету шарасы. Өтіп бара жатқан жыл оңай болмағанымен, қызыққа толы болды. Облыс орталығының экономикалық-әлеуметтік саласымен қатар, спорт саласы да кең қанат жайып келеді. Биылғы жылдың өзінде-ақ шаһарда ашылған Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика кешені, жабық бассейн, екі хоккей модулі және басқа да спорттық нысандар бұқаралық спорттың дамуына жол ашары сөзсіз, – деді аппарат басшысы.
Бұдан кейін Ермұхан Даменов жазда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне орай өткізілген XVIII халықтық ойындар жеңімпаздарын, жеңімпаз командалар мен олардың жаттықтырушыларын алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапаттап, гүл шоқтарын сыйлады. Өскемендік спортшылар дойбы мен шахмат, қазақша күрес, қол күресі, гір көтеру, үстел теннисі, қыздар арасындағы волейбол, ерлер арасындағы футбол, президенттік көпсайыс сияқты спорт түрлерінен мықты екендіктерін дәлелдеген. Марапатталушылардың арасында жуырда ғана Испанияның Малага қаласында дзюдодан ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Майқапшағай кеден бекетінің басшысы Руслан Сейілханов, атақты кикбоксингші Ержан Шегенов сияқты спорт жұлдыздары болды.
Сондай-ақ, шара барысында мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен спартакиадада жүлделі орындардан көріне білген командаларға да құрмет көрсетілді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button