Қоғам

Өскеменнің үздік аспазы кім?

Өскеменнің үздік аспазы кім?


Өскеменде алғаш рет екі күнге созылған «Франция дәмі» атты фестиваль өтті. Аталған іс-шараға Қазақстандағы Франция елшілігі мен қала әкімдігі, сонымен қатар «Serebro» мейрамханасы мұрындық болды.

Әлемде тек 800 аспазшыға берілген ең беделді Мишлен жұлдызының иегері Марк Вака өскемендік мейрамханалардың бас аспаздары үшін арнайы шеберлік сабағын өткізді. Фестивальдың бірінші күнінде 20 қатысушы конкурстық тағам дайындауға тапсырма алды. Оның нәтижесін Марк Вака бастаған комиссия мүшелері бағалады.

– Осындай ауқымды фестивальдың Өскеменде өтіп жатқаны әрине бізді өте қуантады. Өйткені осындай шеберлік сабағын өткізуді жоспарлап жүргенімізге бірнеше жыл болды. Іс-шара Қазақстанда бірінші рет өтіп жатқанын айта кеткен дұрыс. Жалпы қазақ халқы да, француздар да дәмді ас ішкенді ұнатады. Сол себепті бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, білікті кадр даярлауда мұндай бастамалардың берері мол, – дейді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ.

Шеберлік сабағының басты ерекшелегі Франция асханасындағы тағамдарды жергілікті өнімдерден жасау. Сайысқа қатысушылардың бәрінде бірдей өнім болды. Олар: көкөніс, сүт өнімдері және көксерке. Қатысушылар арасынан үздік шыққан жеңімпазды ерекше сыйлық күтіп тұрды. Ол – Париждің «Le Cordon bleu» үздік аспаздық мектебінде білім алу. Айта кетейік, «Le Cordon bleu» мектебі 1895 жылы Франция астанасы Парижде ашылып, әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан халықаралық аспаздық институт. Ол жерде 75-тен аса мемлекеттен келген студенттер білім алады. Аталған институттың әлемнің 15 елінде 30 мектебі бар. Оқыту мерзімі – үш айдан тоғыз айға дейін. Мектепте әлем бойынша іріктелген 80 бас аспаз сабақ береді.

– Аспаз болу оңай емес, оған кез келген адам бармауы тиіс. Мен бүгін Өскемендегі аспаздардың шеберлігіне баға беремін. Қарапайым тағам болса да дәмді шығуы керек. Аспаздың бойында өз ісіне және өзінің тұтынушысына деген үлкен құрмет, махаббат болуы керек. Егер аспаздың көзінде от, істеген тағамында махаббат болмаса оның бәрі бекер. Аспаз сиқыршы емес, егер керекті өнімдері болмаса, не өнімін құртып алса, онда еңбегі еш кеткені. Яғни, аспаздың мойнында үлкен жауапкершілік бар. Мен асханада өте қаталмын. Бұл байқауда ешкімге жеңілдік жасалмайтынын атап өткім келеді, – дейді франциялық маман Марк Вака.

Өскеменнің үздік аспазы кім?

Байқауға қатысушы аспаздар баяу жанған отта тауық етін пісіріп, оның құрамындағы протеиндерді сақтауға тырысты. Сондай-ақ алмадан жасалған десерт әзірледі. Сайысқа қатысқан 20 аспаздың ішінен үшеуі топ жарды. Атап айтсақ, жүлделі үшінші орынды «Da Vinci» мейрамханасының бас аспазы Владислав Малышев иеленіп, аспаздық кітапша мен орамал, шай, сонымен қатар «Le Cordon bleu» логотипі бар алжапқышты сыйға алды. Екінші орынды «Royal B» мейрамханасының бас аспазы Томилин Дмитрийге бұйырды. Ол құны 800 еуро тұратын «Le Cordon bleu» мектебінің атаулы пышақтарын сыйлыққа алды. Отыз бес жастағы аспаз өмірінің он тоғыз жылын асханада өткізіпті. Екінші орын алғанына дән риза, оның айтуынша пышақ аспаздың басты құралы.

– Сайыстан рақат алдым, үлкен сабақ алдым. Мен үшін одан асқан жетістік жоқ, – дейді ол.

Ал дүбірлі доданың бас бәйгесін «Serebro» мейрамханасының бас аспазы Евгений Петров қанжығасына байлады. Тұңғыш фестивальдың жеңімпазы Париждегі «Le Cordon bleu» халықаралық мектебінде бір апта бойы тегін білім алатын болады.

– Сайысқа қатысқан бүкіл аспаздың бір ғана арманы болды, ол –жеңіс. Қуанышымда шек жоқ, өте ризамын. Барлығымызға бірдей өнім берілді, тек әрқайсымыз өз әдіс-тәсілімізге салып әзірледік. Балық және көкөністер, сүт өнімдерін қолдандық. Фестивальдан үлкен тәжірибе жинадым. Сазгерге нота қалай керек болса, аспаз үшін жаңа тәжірибе соншалықты қажет. Әлемдік деңгейдегі аспазшымен бір асханада жұмыс істеу әлбетте керемет әсер қалдырды. Париж қаласына барып білім алу мен үшін үлкен бақыт, – дейді сайыс жеңімпазы Евгений Петров.

Фестивальда қалалық әкімдік тарапынан Франция елшісіне, шеберлік сабағының жетекшісі Марк Вакаға және «Le Cordon bleu» мектебінің атқарушы директоры Филипп Рошронға арнайы сыйлықтар ұсынылды. Франциядан келген қонақтар қонақжай халқымызға өздерінің шексіз алғысын жеткізіп, қазақстандық аспаздарды мектепке білім алуға шақырды. Шараның соңына қарай қызықты ойындар ойнатылып, шағын концерт қойылды. Сайыс жеңімпаздары мен Марк Вака әзірлеген тағамдардан жиналған көпшілік те дәм татты.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button