Қоғам

Өскеменнің өз жағажайы болады

Өскеменнің өз жағажайы болады


Енді өскемендіктер аптап ыстықтарда Сібе мен Тайынтыға сенделмей, қала ішінде Ертістің жағалауын саялайтын болады.

Өскемендегі Комендант аралы Алакөл мен Сібе көлдерінің үлгісімен абаттандырылатын болды. Ертістің жағасындағы жабайы жағажайда елдің қалай демалып жатқанын көрген облыс әкімі Даниал Ахметов қала әкімдігіне осындай тапсырма берді. Апта сайын орталықтан 90 шақырым жердегі Сібе мен Тайынты көлдеріне қатынауға мүмкіндігі жоқ тұрғындардың көбі жаздың аптабын осы Комендант аралында өткізеді. Жағажайда шомылуға рұқсат берілгенімен, қажетті инфрақұрылым жоқтың қасы. Құтқарушы мұнарасы, балалар алдаңқайы мен ойын алаңдары, көлік тұрағы сияқты заманауи жайлылықтардың бірі де жоқ. Бұл кемшілікті жою үшін қала әкімдігі 60 гектар аумақты заманауи жағажай ретінде абаттандыру жобасын дайындапты.

Ол жоба бойынша өзен жағасынан ені 20 метр аумаққа құм төселмек. Жағажайдың аумағында 2,5 шақырым веложол тартылып, жас ерекшелігіне қарай балалардың түрлі ойын алаңдары бой түзеуі тиіс. Ересектер үшін футбол және жағажай волейболының алаңдары дайындалады. Қоғамдық дәретхана мен шайыну бөлмелері де орнатылмақ. Даниал Ахметов жағажай аумағына көлікпен кіруге тыйым салып, ақысыз тұрақ ашу керектігін атады.

Өскеменнің өз жағажайы болады

– Әуелі мұнда тәртіп орнату қажет. Жергілікті полиция бекет орнатып, көліктің өзен жағасына келмеуін қадағалайтын болсын. Ертістің ағысы қатты. Сондықтан шомылуға қауіпсіз жерлерді арнайы белгімен қоршау керек. Ал кәуап дайындайтын орындар бір жерде шоғырланатын болсын. Жағажайдың аумағы түнде де күндізгідей жарқырап тұруы тиіс. Бір аптаның ішінде осы жұмыстардың бәріне қанша қаражат керек екенін нақтылаңыздар. Тамыз айында заманауи талапқа сай, қауіпсіз әрі жайлы жағажай қолданысқа берілуі керек, – деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы қаладағы ұсқынсыз жарнамалар мен көріксіз сауда нүктелерін сынға алды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың айтуынша, Тәуелсіздік даңғылы бей-берекет жарнамалардан толық тазартылған. Ал қалған көшелер әлі тәртіпке «бағынар» емес. Оны қойып, қала әкімі бірнеше билборд иесімен келісімшарт мерзімін созған.

– Әуезов, Қазақстан сияқты орталық көшелер көлбеңдеген жарнамадан көз ашпай тұр. Бұл біріншіден, көлік қозғалысына кедергі. Сондықтан билборд иелерімен келісімшартты тоқтатуды тапсырғанмын. Қала әкмінің тапсырмаға неге қайшы әрекет еткенін анықтаңыздар, – деді облыс әкімі.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button