Өскеменнің өркендеуі өңірдің дамуына оң ықпал етеді
Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың былтырғы атқарылған жұмыстар жөніндегі қорытынды есептік жиынына облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Мәжілістің, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары қатысты.
Бұған дейін қала әкімі облыс орталығының түрлі ықшам аудандарында осындай жеті кездесу өткізген болатын.
. 2013 жылғы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталған Темірбек Қасымжанов бірқатар көрсеткіштер бойынша өсу қарқыны байқалатынын атап өтті. Мәселен, былтыр қала бюджетіне 120 миллиард теңгенің салығы түскен, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Осының өзі-ақ өндіріс саласының өркендеп келетінін аңғартады. Бағаның құнсыздану мөлшері 1,6 пайызды құраған, яғни, 2012 жылға қарағанда едәуір төмен.
Ең бастысы, атқарушы билік алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік тауарлары мен жекелеген ақылы қызмет түрлерінің айтарлықтай қымбаттауына жол бермеді. Бұған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен жасалған меморандумдардың, демалыс күндері өткізілген жәрмеңкелердің, сондай-ақ, арнайы ашылған тұрақтандыру қоры дүңгіршектерінің да септігі тигені анық.
Инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін қазынадан 12 миллиард теңге қаржы бөлінген. Мұнымен қатар, облыс орталығындағы кәсіпорындар 240 миллиард теңгенің 240 ірі жобасын қолға алған, бұлардың бәрі дерлік жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.
Қаланы абаттандыру ісіне соңғы жылдары жіті көңіл бөліне бастады.
– Өткен жылы қалада жалпы қашықтығы он шақырымнан астам жол жөнделіп, Үлбі көпірі қалпына келтірілді. Биыл шаһар көшелерін жарықтандыру үшін энергия үнемдегіш технологияларды кеңінен пайдалана бастаймыз. Қазіргі кезде Бажов көшесінің, Тәуелсіздік даңғылының, Гагарин бульварының бойына және Ахмер кентінде қуатты аз тұтынатын шамдар орнатылған. Енді аталмыш технология Защита, Меновное, Өндірістік база сияқты мөлтек аудандарда енгізілмек.
Осы жылы қалалық әкімдік Үлбі кентін жылумен қамту жөніндегі көпжылдық мәселені біржолата шешпек, аталған мақсатқа жергілікті бюджеттен 840 миллион теңге қарастырылған, – деді қала әкімі.
Өскемен қаласының әкімі Т.Қасымжанов өз есебінде облыс орталығы экономикасының әрбір саласына кеңінен тоқталды. Ол, сонымен бірге, өткен жылы жетім балалар мен жас мамандарға алғаш рет баспана берілуін негізгі жетістік ретінде атап өтті. Бұл іс биыл да жалғаспақ, себебі пәтер кезегінде 1300-ден астам адам тұр. Қала әкімі өткен жылы балалар үйінің 22 түлегіне тұрғын үй берілгенін, біртіндеп өзге жетім балалар да өз баспаналарына ие болатынын айтты. Осы жағдайға қатысты аймақ басшысы екінші жыл өткізіліп келетін «Мейірім» акциясының арқасында 200 миллион теңге қаражат жиналғанын алға тартты. Бұл қаржы баспана алуға жұмсалады. Осы кезең ішінде ата-анасыз қалған балалардың 80 пайызы қамқоршылыққа алынған.
Дәрігерлердің жетімсіздігі – қаладағы өткір мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда Өскемен ауруханаларына 170-тен астам медицина қызметкері қажет. Жас мамандарды тұрғын үймен қамту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қалада ашылған Семей медициналық университетінің филиалында жүз шақты адам оқытылып жатыр.
Кездесуге жиналғандар тарапынан Өскемен қаласының әкіміне қойылған сұрақтар аз болған жоқ. Тұрғындардың бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған «Металлург» саябағының жөнделуі, жерүсті жүргіншілер өткелдерінің құрылысы, шағын аудандарды абаттандыру бойынша сауалдарға жауап алғысы келді. Темірбек Қасымжанов барлық сұрақтарға бірден жауап беруге тырысты, кейбіреулерін бақылауға алып, нәтижесі міндетті түрде көпшілікке хабарланатынын жеткізді. Қала басшысы кездесуге қатысушыларға «Металлург» саябағы осы жылы қалыпқа келтірілетінін айтты, қазіргі кезде оның жобалық құжаттары әзірленуде.
– Сіздер жобалау жұмыстарымен екі жыл бойы айналысып жатырсыздар, сонда да істің соңы көрінбейді. Бұл саябақ қаланың нақ ортасында тұр, ол қалалықтар мен қонақтар үшін көңіл көтеретін, демалатын сүйікті орындардың біріне айналуы тиіс. Сол себепті саябақты биыл толық қалпына келтіріп шығу қажет, – деді осы ретте аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Жарыссөзге шыққан Титан-магний комбинатының өкілі Жаңа Согра шағын ауданында жабық мұз айдынын салатындарын жеткізді.
– Кәсіпорынның медициналық орталық, өзге де әлеуметтік нысандарды салғаны қуантады. Осы ықшам ауданда шамамен 20 мың адам тұрады, олардың дені қазіргі және болашақ комбинат еңбеккерлері екенін естен шығармаңыздар. Хоккей модулінің құрылысын тездетіп бастау керек, – деді осы орайда облыс Әкімі.
Шығыс кентінен келген өкіл елді мекеннің қазіргі жай-күйі турасында баяндады.
– Қазіргі кезде Шығыс ауылында ешқандай көкейкесті мәселе жоқ, барша тұрғындарға жұмыс ұсынылып, өз кәсібін ашам деушілерге барлық жағдай жасалған. Осы мақсатта бұрынғы мектеп ғимараты ішінен кәсіпкерлікті қолдау орталығы құрылған, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Жиын барысында оқушыларға тегін бал беру міндетінің толық орындалмай келгені белгілі болды. Мұны өңірдегі бал өндірушілер қауымдастығының төрағасы Валерий Қасымбаевтың өзі мойындап отыр.
– Біз сіздермен бірге облыстың барлық оқушыларын тегін балмен қамту жөнінде міндеттеме алдық. Жуық арада қала мектептері мен омарта шаруашылықтары арасында тиісті меморандумдар жасалуы керек. Балаларды сүтпен қамтамасыз ету бойынша да осындай жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деп тапсырды облыс Әкімі.
Ол, сонымен қатар, облыс бюджетінен ара және марал шаруашылғын дамытуға 200 миллион теңге көлемінде субсидия бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Аймақ басшысы осы ретте Үкімет тарапынан марал шаруашылығын дамыту бойынша арнайы бағдарлама қабылданбай отырғанын еске салып, бұл іске Мәжіліс депутаттарының атсалысуын сұрады.
Кездесуді түйіндеген облыс Әкімі Өскеменнің негізгі мәселелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты екенін қадап айтты.
– Коммуналдық проблемалардың біразын біз шештік және алдағы уақытта да осы іспен шұғылданатын боламыз. Әсіресе, Аблакетка ауданын жылумен және электр қуатымен қамту мәселесіне жіті көңіл бөлінбек. Бұл жұмыстар келесі жылдың жоспарына енгізілген. Соградағы ауызсу және кәріз жүйесі мәселелері де шешілуде. Жібек маталар комбинатымен іргелес аумақта шамамен 20 мың адам тұратын жаңа мөлтек аудан салынып жатыр, – деді облыс Әкімі. – Біз тұрғындарды барынша алаңдататын мәселелерді әлеуметтік зерттеулер арқасында жақсы білеміз. Егер бұрындары адамдар сыбайлас жемқорлыққа наразылық білдірсе, қазіргі кезде негізінен денсаулық сақтау мекемелерінің қызметіне шағымданады. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, жаңа мекемелер салынып, салаға білікті мамандар тартылуда.
Тұрғын үйлер құрылысының қарқынын арттыруға да алдағы уақытта басты назар аударылмақ, аймақ басшысы атап көрсеткендей, атқарушы билікті баспана кезегінде тұрған азаматтардың көптігі алаңдатуда.
– Өскеменнің өркендеуі тұтас өңірдің экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Жалпы алғанда қалалық әкімдік табысты қызмет етіп жатыр, бірақ әлі де атқарылар шаруа жетерлік. Сондықтан, барлық бағыттағы жұмыстарды барынша ширата түсу қажет, – деді аймақ басшысы.
Ержан Әбіш