Қоғам

Өскеменнің іргесінен тағы бір елді мекен бой көтереді

Өскеменнің іргесінен тағы бір елді мекен бой көтереді


Өскемендегі Шығыс ауылының қарама-қарсы тұсынан тағы бір тұрғын аудан бой көтермек. 1000 үйге шақталған жаңа елді мекеннің жобасымен облыс әкімі Даниал Ахметов мерекелік демалыс қарсаңында танысып қайтты.

«Нұрлы жер» бағдарламасының шапағатымен бой көтеретін тұрғын ауданға алғашқы лекте 54 үй салынады. Бір айдың ішінде олардың тағаны түзіліпті. Енді іргетас құю жұмыстары қызып жатыр.

-54 үйдің 31-і 80 шаршы метрлік баспана болмақ. Қалғандары – 100 және 130 шаршы метр. Келер жылдың ортасына дейін 54 үйдің кілтін табыстауымыз қажет. Оларды халық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатып алады, – дейді «Восток Строй» компаниясының директоры Әділет Бордатқанов.

Қызыл кірпіштен қаланып, сырты декаративті кірпішпен өрілетін бұл үйлердің бір шаршы метрі 120 мың теңге болады деген есеп бар. Орталықтандырылған жылу жүйесінен алыс болғандықтан, үй иесі өз күшімен жылытуы тиіс.

Қыстың көзі қырауда басталған жобаның аяқ алысы облыс әкімінің көңілінен шықты.

-№28 тұрғын ауданда әуелі 54 үй салынады. Барлық үй Елбасы тапсырмасына сәйкес, «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылады. Сол арқылы өзіміздегі ішкі сұранысты толық жабамыз. 2019 жылы осы аумақта 5 мың шаршы метр баспана пайда болады деген сөз. Қаржы жеткілікті, мердігер сенімді. Инфрақұрылым да жуықта дайын болады, – деді облыс әкімі.

Жобаның жалпы құны – 600 млн. теңге.

Облыс басшысы Ертіс өзенінің бойынан салынып жатқан «Самал» саябағын да аралап көрді. Қаланың қақ ортасынан орын тепкен саябақ қыста ел мол жиналатын орынға айналатын түрі бар. Қазірдің өзінде мұз айдыны құйылып, шырша қойылыпты.

-Мұнда демалыс күндері екі мыңнан астам адам келіп жүр, – дейді «Өскемен-тәртіп» мекемесінің директоры Тамара Рахымжанова.

Аймақ басшысы саябақ аумағында әлі де болса бос орынның көп екенін ескеріп, негізгі жағажайды Ертіс аңғарынан алшақ тұсқа құруды тапсырды.

-Мұнда скейтбордқа да, жағажай волейболына да, шаңғы жолына да, велосипед жолағына да орын жеткілікті. Ал бос тұрған қазаншұңқырға негізгі жағажай салу қажет шығар. Ертістің аңғары қалай дегенмен де қауіптірек. Осы жағын ойластырыңыздар. Ал мынау мұз айдынын тамаша ойластырғансыздар. Бұл жер жазда бос жатса да болады. Есесіне қыста мұз айдыны құйылады, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button