Қоғам

Өскеменнің іргесі іріп жатыр

Өскеменнің іргесі іріп жатыр
«Көктем кімнің не «көмгенін» әшкере етеді», – дейді орыс мәтелі. Өскеменнің кейбір аудандарындағы санитарлық жағдайға осы мәтелді тура мағынасында қолдануға болады.
Дзержинский – Астана көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының арасында жатқан келте көшелердің бірі. Өткен жазда Астана көшесімен тоғысқан тұсын абаттандырып, шағын баққа орын ашқан болатын. Үлбіге етегін малып жатқан ауданда ықшам да абат бұрыштың пайда болғанына қариялар әлі күнге риза. Бірақ бұл Дзержинский көшесінің көзге көрінер тұсындағы көрініс. Аулаға қарай мойын созсаңыз, күзден бері қар астында әбден «сүрленген» қоқыстардың үстінен түсесіз. Күзден қалғанына сенімді болатынымыз, таутөбе болып қобырсып жатқан үйіндінің дені – ағаш бұтақтары. Ауланың әр жерінде мүйіз тұқылындай қылтиып қалған томарлар өткен жылы бұл аулада бірталай ағаштың оталғанын әйгілеп тұр. Ағаш отаушылардың отынға жарамды діңін алып, бұтағын бейберекет шашып кеткені түсініксіз. Тазалыққа жауапты қызметтер бұлай немқұрайдылық танытқан соң, қарапайым халық олардан қалыссын ба? Дорба-дорба қоқыстарын орта жолда бұтақ үйіндісіне тастай берген. Қаланың өзге аулаларынан да осы сияқты қар астында ұмыт қалған қоқыс үйінділерін табуға болады. Оларды анықтап, «КСК» ұйымдарын тезге салатын тұрғын үй инспекциясы дейтін арнайы орган бар. Суретте көрсетілген үйіндінің тағдырын солардың құзырына қалдырайық. Бізді қаланың ішіндегі көрініс мұндай болғанда, шеткі ауылдар мен кенттердің күйі нешік деген сауал алаңдатты.
Біздің ауыл күресін етегінде
Бұл ауданды жұрт «Лесхоз» деп атайды. Ресми атауы – Комсомол кенті. Қаладан екі аттам жерде жатқанымен, әкімшілік тұрғыда Глубокое ауданына қарап келген. Тек осыдан үш жыл бұрын ғана облыс орталығының картасына қайта енді. Өскеменді аттап өтіп, Глубокое кентіне қатынаудан әбден мезі болған ағайын үшін бұл аса жағымды жаңалық еді. Оның үстіне 1959 жылдан бері келе жатқан күресіннің мәселесі біржола шешілер деген үміт қылаң берген. Әзірге ол үміт ақталмай тұр. Күн сәл жылынса болды, бүкіл кент күңірсіген иіске бөгіп, қара шыбынның жынойнағына айналады. Жергілікті халық күресінге сыймай, тұрғын үйлерге ауатын егеуқұйрықтан да көресіні көріп отыр. Ал күз бен көктемде елді мекен түгелдей «қанатты дорбалардың айлағына» айналады.
Ағаш біткен ақтық байлағандай целофан дорбалардан кебін оранып алған. Бізді күресіннің кіре берісінен учаске шебері Ерік Бақтияров қарсы алды. Бір қызығы күресінге кіретін шлагбаум болғанымен, сыртында қоршауы жоқ. Соның кесірінен жел тұрса болды, жеңіл қоқыстың бәрі айдалаға ұшып, маңайдағы елдің ауласын былғауда.
-Бір кездері бұл күресін қаңғыбастардың қалашығы іспеттес болатын. Қазір де торуылдап жүретіндер аз емес. Оларды ішкі істер органының өкілдері уақытында келіп, тиеп әкетеді. Полициядағылар да «бомждардың» бұл жаққа қашан қаптайтынын әбден біліп алған. Ал далаға шашылған целофандарға келетін болсақ, жер кепкен соң жұмысшыларымыз оларды теріп алады. Жыл сайын солай істейміз, – дейді Ерік Бақтияров.
58 жылдық тарихы бар күресінге иелік етіп отырған «Өскеменспецкоммунтранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күресінді қоршауға асығар емес. Оған қаржы шығындау үшін қоқыс қабылдау тарифін көтеру керек деген уәждері дайын. Айтуларынша, соңғы рет тариф 2008 жылы өзгертілген екен. Кенттің кейпін кетіріп, елдің тынысын тарылтып тұрған жасанды тауды серіктестік шетінен кеміре бастапты.
-Өткен жылдың аяғынан бастап мұндағы қоқысты сұрыптай бастадық. Әзірге тек пластик пен полиэтиленнен жасалған бұйымдарды, қаңылтыр банкаларды екшеп аламыз. Оларды сығымдайтын қондырғы сатып алғанбыз. Сығымдалған қоқыс қоймада сақталуда. Әжетке жаратудың жолдарын қарастырмақпыз. Мүмкін өзге облыстағы кәсіпорындардың біріне сатамыз. Өйткені, облыс аумағында қоқыс өңдейтін орын жоқ, – дейді серіктестік директоры Николай Воробьев.
Негізі ондай зауыт Өскеменнің өзіне де керек. Тек бұл іске қаржы құятын инвестор табылмай отыр. Облыстық экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин бұған дейін талай инвестор талпыныс жасағанымен, мәселені дендеп зерттеген соң бастарын ала қашқанын айтады.
-Қазір күресінге иелік ететін кәсіпорын ондағы қоқыстың бір бөлігін өз бетінше сұрыптап жатыр. Соңғы дерек бойынша сұрыпталған қоқыс барлық үйіндінің екі пайызын құрап отыр, – дейді ол.
Ал қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне қарасты жобалау алдындағы құжаттамалар секторының меңгерушісі Наталья Силина қоқыс өңдейтін зауыт салу үшін қаланың сыртынан арнайы жер телімі бөлінгенін айтады. Ол жоспар бойынша өндіріс ошағы Самсоновка ауылынан үш шақырым жерде орналасуы тиіс. Алайда, жер бөлінгенімен болашақ зауыттың не жобасы, не техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалмаған.
Қала билігі күресінге қатысты нақты бір шешімге келгенше, лесхоздықтар қолқаны қапқан иіске тұншығып, көздеріне көк шыбын үймелеп күн кеше тұруға мәжбүр.
Өскеменнің іргесі іріп жатыр
Шошқа фермасынан зардап шегіп келеді
Комсомолдықтар үшін Борис Митиннің иелігіндегі «Родничок» шаруа қожалығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Әсіресе, «Эдельвейс» саяжайы мен Комсомол кентін мекен еткен 300 үй осы шошқа фермасынан зардап шегіп келеді. Тұрғындар жел соқса болды, үйден шыға алмай қалатындарын айтады. Талпақ танауды түлік деп танымайтын қазақтар жазда үйіне қонақ шақырудан қалған.
Ержан Көшубаев атты тұрғын әсіресе, күн ысығанда шошқа ферманың тұсынан өту мүмкін еместігін айтады.
-Мен өзім Комсомол кентінде тұрамын. Күн қатты ысығанда ферманың маңайынан жүру мүмкін емес. Оған іргесі тиіп жатқан саяжай тұрғындары қалай өмір сүріп жатқанына таңым бар, – дейді ол.
«Эдельвейс» саяжайын мекен еткен Ерлан Сәрсенбаев шошқа қорадан шыққан қи мен нәжіс жерге сіңіп, құдықтан шығатын суды ластап жатқанын айтады.
-Иісінен бұрын суға әсері алаңдатып тұр. Не ішіп жүргенімізді ойлағым да келмейді. Біз қанша дабыл қаққанымызбен, экологтар да, санитарлық қадағалаушылар да істі тексеріп, су мен топырақтан сынама алып көрген жоқ, – дейді ол.
Экологтар тарапынан ешқандай тексерудің жүргізілмегенін Дмитрий Кавригин де растады. Тұрғындардың шағымы бойынша тексеру өткізбек болған департамент қызметкерлерінің өз басы дауға қала жаздапты. Борис Митин оларды не ауласына, не шошқа қораға кіргізбей қойған. Онымен қоймай, шағын және орта бизнес нысанына қысым көрсетіп жатыр деген желеумен, департамент мамандарының үстінен арыз түсіріпті.
-Б.Митиннен жауап аламыз деп барып, ақырында өзіміз прокуратураға жауап жазғанбыз. Бұл адам заңның қалтарыстарын өз ұпайын түгендеуге ұтымды пайдалана біледі. Иелігінде үш бірдей ғимарат бар. Бірақ соның барлығы бір ғана мекенжайға тіркелген. Негізгі қоражай мен өндіріс ошағы өмірде бар да, құжатта жоқ. Тексере келген адамдарды құжатта көрсетілген мекенжайға алып барады. Онда кәсіпкердің екі қабатты зәулім үйі мен шағын қора-қопсы ғана бар. Ал қағазда тіркелмеген фермасында ресми емес деректер бойынша 8000 бастан астам шошқа асырап отыр, – дейді департамент директоры.
«Көрші қақысын тәңір ақысы» деп білмейтін кәсіпкерді жөнге салу үшін шаруа қожалықтың жұмысы елді мекеннің аумағында жануар асыраудың ережесіне томпақ екенін заңдық тұрғыдан дәлелдеу қажет. Ол үшін құзырлы органдардың тексеруіне негіз болатын тұрғындардың ресми шағымы керек екен. Д.Кавригин осыған дейінгі шағымдардың нәтижесіз қалуына бизнес нысанын тексеруге қарсы мораторийдің жариялануы тосқауыл болды деген уәж айтады. Бұл мәселегі қатысты сауалмен СЭС өкілдеріне де хабарласқанбыз. Қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы шошқа фермасы мемлекет тарапынан санитарлық-эпидемиологиялық қадағаланатын нысандар тізбесіне кірмейтінін айтып, қысқа қайырды.
…Кәсіпкердің өз уәжін тыңдап көруге тырысқанбыз. Бірақ шаруа қожалық өкілдері бізбен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Әзірге бұл шошқа қораны басқа аумаққа көшіру немесе жұмысын мүлде тоқтату мәселесі күн тәртібіне қойылмаған да. Өйткені, шаруа қожалықтың әрекеті заңға қайшы екенін дәлелдейтін құжаттық айғақ жоқ.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button