Өскеменнің көрсеткіші өткен жылғыдан кем болмауы тиіс
Ағымдағы жылдың алдын ала болжанған қорытындысына жүгінсек, Өскемен қаласы негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесінде, бюджеттен бөлінген қазына қаржысын игеруде, инфляцияны тұрақтандыруда оң көрсеткіштерімен мақтана алмауда. Бұл туралы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қала активімен болған кездесуде айтылды.
– Мен әрдайым айтамын, облыстың экономикасы Өскеменге тікелей байланысты. Сондықтан бұл қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін былтырғыдан төмендетпеуге жұмыс істеуіміз керек. Алайда, жылдың аяқталуына жиырма күндей қалса да кейбір көрсеткіштер әлі де көңіл көншітпейді. Он бір айдың алдын ала болжанған қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі өткен жылғыдан 69 миллиард теңгеге кем. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті былтырғы деңгейге жеткізу мүмкін болмас. Дегенмен қарап отырмай қимылдау керек, – деп сөзін бастаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ басқа да бірқатар кемшін тұстарды атап көрсетті.
Айталық, шаһарда жұмыс істеп тұрған белсенді шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны да кеміп кеткен, өткен жылғымен салыстырғанда бұл шамамен 120-ға дейін азайыпты. Енді қалған жиырма күнде бұлардың қатары көбейіп шыға келеді дегенге сену қиын әрине.
Ал қазынаның қаржысын ұқсату мәселесіне тоқталсақ, ол енді бөлек әңгіме. Талай жиында қаузалып, талай мәжілісте қызу талқыға түскен тақырып бұл. Кәдеге жаратылмай жатқан қыруар қаржыда Өскеменнің де өзіндік үлесі бар. Өңір басшысының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, алдын ала анықталғандай, бүгінде облыста барлығы 7 миллиардқа жуық, ақша игерусіз қалып отыр. Оның ішінде Өскемен қаласы шамамен 1,5 миллиардтай теңгені іске асыра алмаған. Аз ақша емес.
– Сол себепті қай салада қаржы игерілмей жатыр, сол бағытта жұмысты ширату керек. Күнделікті бақылау жүргізіп, мердігер компанияларға қатаң талап қойылсын. Бұл іске құқық қорғау органдарын жұмылдырып, бірлесіп әрекет етіңіздер. Бюджет қаржысын мақсатты әрі уақтылы жұмсау жөнінде Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бар, соны орындауымыз керек, – деп нақтылаған облыс Әкімі өңірдегі бас шаһардың тазалығы мен тәртібі, абаттандырылуы, жарықтандырылуы, мерекелік безендірілуі ойлағандай іске аспай жатқанын тілге тиек етті.
Мәселен, «кәрі құда» босағадан аттап кірісімен-ақ қапалақтап жауған қар мен үрлей соққан боран қала көшелеріндегі қозғалысты қиындатып, аулаларды ақ күртікке нығыздап үлгерді. Ал тазалыққа жауапты «Өскемен тәртіп» мемлекеттік кәсіпорны бастаған коммуналдық мекемелер өздеріне артылған міндеттің үдесінен толық шыға алмауда. Атап көрсетсек, ЖМК, Защита ықшамаудандарында, Мирный кентінде, Меновное ауылында және басқа да қалаға қарасты аудандарда қар тазалау жұмыстары әлсіз жүруде. Аталған аудандардың тұрғындары бұл жағдайды облыс Әкіміне хабарлап айтып, тиісті шара қолдануды өтініпті.
Кездесуде Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев баяндама жасап, облыс орталығында ағымдағы бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың алдын ала қорытындысымен таныстырды.
Баяндамашының сөзін ден қойып тыңдаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ кейбір проблемаларға қатысты сыни пікірлер айтты. Мәселен, қаладағы базарлар мен сауда орындарының тәртібі. Оның ішінде «Заречный» базарының санитарлық жағдайы, өртке қарсы қауіпсіздігі, тазалығы мен жайлылығы ешқандай сын көтермейді. Сөйте тұра бұған жауапты орындар «Заречныйдың» қожайынына қандай да бір талап қоюға немесе шара қолдануға аса құлықты емес сияқты. Неге? Сұрақты осылай төтесінен қойған облыс басшысы жақын арада қаладағы барлық сауда орындарын, базарларды тәртіпке келтіріп, жабайы сауда нүктелерінің көзін жоюды мықтап тапсырды.
Мерекелік безендіру мәселесін көтерген облыс Әкімі слайд арқылы көрсетілген суреттерді парақтай отырып, Әуезов көшесі, Абай даңғылы, «Азия Авто» АҚ-ның, ҚАЕУ-дің, ауыл шаруашылық басқармасының, салық комитетінің, әділет департаментінің, қалалық прокуратураның және басқа да бірқатар мекемелердің ғимараттары алдағы мейрамдарға лайықты көркемделіп, безендірілмегенін сынады және осы айдың онына дейін бұл кемшіліктің орнын толтыруды міндеттеді. Сонымен қатар коммерциялық құрылымдарды да безендіру мен жарықтандыру ісінде көштен қалмауға шақырды.
Актив жиынына қазына қаржысын игеріп үлгермей жатқан құрылыс компанияларының жетекшілері де шақырылыпты. Олардың қатарында «КАИР-Строй» ЖШС, «Назар» ЖШС, «Профиль XXI» ЖШС, тағы басқалары бар. Аталған серіктестіктердің өкілдерін жеке-жеке тұрғызып, сұрақтың астына алған аймақ басшысы жоспарда белгіленген уақытта нысандарды өткізбесе, бюджет ақшасын уақтылы игермесе, әңгіме басқаша болатынын еске салды.
Бұған қоса кездесуде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын терможаңғырту бағдарламасының орындалу барысы, индустриялды аймақты пайдалану, баға саясаты, жекеменшік нысандарды мемлекеттің иелігіне қайтару, бұқаралық спортты дамыту сынды мәселелер де айтылды.
Қала әкімінің дерегінше, ағымдағы жылы бұл бағдарламаға сәйкес 37 тұрғын үйді жөндеу жоспарланса, соның қазір 31-інде жұмыстар толық аяқталған. Қалған алты үйдің шаруасы жақын арада тәмамдалмақ. Ал бағаға келсек, қала бойынша 19 әлеуметтік бөлімде әлеуметтік бағамен халыққа қажетті азық-түліктер саудаланса, жеке кәсіпкерлермен бағаны тұрақтандыру мақсатында 30-ға жуық меморандум жасалған. Мұның сыртында әр аптаның соңына қарай өтетін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, көшпелі сауда сияқты игілікті шаралар бар.
Жиынға келгендер облыс басшысына өздерін мазалаған көкейкесті сауалдарын қоюға да мүмкіндік алды. Қатысушылардың бірі ЖМК ықшамауданында ауыл шаруашылық жәрмеңкесін және мерекелік шараларды өткізетін лайықты орындардың жоқтығын алға тартса, енді бірі Самсоновка ауылында ауызсу мәселесі өткір тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, субмердігер мекеменің өкілдері атқарған жұмыстары үшін әлі күнге мердігер компаниядан ақшаларын ала алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы жұртшылықтың көтерген мәселелері ескерусіз қалмайтынын тілге тиек етіп, тиісті орындарға тапсырмалар берді.
– Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған басты міндет ағымдағы жылды жақсы нәтижемен аяқтау, облыстың, соның ішінде Өскемен қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өткен жылғыдан кем болмауы тиіс. Жыл соңына дейін біз осыны қатты қадағалап, қолға алуымыз керек. Сол сияқты қысты да қаперден шығармайық, қажетті техникалар, жылыту нысандары, отын-көмір қорлары бәрі сақадай сай болсын, – деп түйіндеді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.