Қоғам

Өскеменнің «өкпесі» қалай жұмыс істеп тұр?

Өскеменнің «өкпесі» қалай жұмыс істеп тұр?


Өкпе тіршілік иесінде ғана бола ма? Әлде шаһарларда да бар ма?.. Бар ғой. Неге болмасын? Қала деген «түнде ұйықтамайтын, күндіз отырмайтын» тірі жан емес пе!

– Қазір қалада ағаштар күзеліп, көшеттер отырғызылып жатыр. Бірақ осы іс жүйелі түрде істеліп жатыр ма? Жоқ, біз қолдан келгенше ғана істеп жатырмыз. Көшет отырғызудың өзіндік тәсілі бар. Оны баптау – өз алдына бөлек үлкен шаруа. Егер мамандар дендрологиялық карта жасап, мұнымен ғылыми түрде айналысса, онда қазір қаладағы қанша ағашты отап, қанша тал егу керек және қандай ағаш егу керегін нақты білетін едік, – дейді «Азиялық эколог-аудиторлық» серіктестіктің бас директоры Талғат Нұрғалиев.

Жуықта «Жасыл елім» деген акцияның аясында облыс орталығындағы санаториялық балабақшаның бөбектері көшет отырғызды. «Тал – ауырған балалардың тез сауығуына көмектеседі» дейді өздері.

– Осы қалада тудым, осы қаланың ауасымен тыныстап өстім, өркендедім. Бала күнімде бұл қала да шап-шағын еді. Көгі жайқалып, тамылжып тұратын. Мынау техниканың дамыған заманында кәсіпорындардың жұмысы қарқындап, зәулім үйлер бой көтеріп, шаһар жылдам өсіп келеді. Болашағымыз да осы қаламен байланысты. Ендеше денсаулықты ұмытпаған ләзім. Осыдан 10 жыл бұрын «Экология-Мемлекет-Бизнес-ҒӨБ-БАҚ» атты бірлескен жобаны қолға алып едік. Қазір оның жұмысын жалғыз өзім жүргізіп келемін. Әр кезде әркімнен көмек сұрап, осындай шаралар ұйымдастырылады. Биыл «Азиялық эколог-аудиторлық» серіктестік қолдау көрсетті. Бөлінген көшеттерді жеткізіп беріп, жұмысшы және құрал-жабдықпен қамтамасыз етті, – дейді жоба жетекшісі Татьяна Нетунаева.

Тал-дарақ – қаланың өкпесінің функциясын атқарады. Фотосинтез процесіне қатысады. Егер олар зауыттан шыққан газды бойына сіңірмесе, адамдар лас ауаны жұтады. Ағаштар оттегін бөлмесе, тіршілік иелері бірнеше минуттан кейін қырыла бастайды. Адамның өкпесі сау болуы үшін, қаланың өкпесі сыр бермеуі керек.

– Қолға балта алғанда қандай ағашты шабу керек, соны біл, – дейді табиғат жанашыры Талғат Қапашұлы.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button