Өскеменнің ауасы тағы ауырлап кетті

Өнеркәсіпті Өскеменнің ауасы осыдан 10-20 жыл бұрынғымен салыстырғанда жер мен көктей екенін ел жақсы біледі. Алыптардың газынан көз ашпаған қаланың көшелері мен көк аспаны бұдан бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда анағұрлым таза. Алайда «Казгидромет» бекеттері мен РАИСПЭМ (өнеркәсіптік- экологиялық мониторингті аймақтық автоматты өлшеу жүйесі) жүйесі соңғы екі жылда қала ауасында күкіртті газ тағы да көбейіп кеткенін тіркеп отыр.
ЕКІ ЖЫЛ БОЙЫ ЕКІНШІ ОРЫНДАМЫЗ
2015-2016 жылдары ауаның ластану көрсеткіші бойынша еліміздің 49 қаласының (ауа құрамына бақылау жүргізіліп отырған) ішінде тоғызыншы орында тұрған облыс орталығы соңғы екі жылдан бері екінші орыннан түспей келеді.
Бүгінде облыстағы ірі қалаларда «Казгидромет» орталығы облыстық филиалының 17 станса бекеттері ауа сапасына бақылау жүргізіп тұр. Өскемендегі сол бақылау стансаларының зерттеулері көрсеткендей, 2018 жылы атмосфералық ауаның ластану көрсеткіші Өскеменде 9,0 бірлікті құраған. «Казгидромет» филиалы кешенді зертханасының басшысы Татьяна Козлянскаяның айтуынша, бұл көрсеткіш жоғары ластану деңгейін білдіреді. Сол себепті еліміздің барлық қалаларымен салыстырғанда Өскемен қаласы ауаның ластану деңгейі жағынан екінші орында тұр. Алдымызда Қарағанды қаласы бар.
Былтыр Глубокое кентінде ауаның ластану көрсеткіші 5,0, Семей мен Риддерде де 5,0 бірлікті көрсеткен. Ал ластану көрсеткіші бұл қалалардағыдан төмен делініп көрсетілген Алтай қаласының ауасы туралы мәлімет шындықтан алшақ, оның ауасының ластану көрсеткіші Өскемендікінен асып түспесе, кем емес дегенді айтады Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков. Өйткені «Казцинк» кәсіпорнының өндіріс ошақтары шоғырланған Алтайда ауа сапасын зерттейтін заманауи стансалар жоқ. Қазір жұмыс істеп тұрған жалғыз станса бекеті қаланың сыртында орналасқан.
Облыс орталығы ауасының ластануына басты себеп болып отырған көпке белгілі шығарынды- күкірт диоксиді немесе күкіртті газ, былтыр оның шекті рауалды концентраты -2,4, азот диоксидінікі 1,8 ді құрап, рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кеткен. 2017 жылы да бұл көрсеткіштердің қала ауасында шамадан тыс көбейгендігі тіркелініп келген. Экологтар бұл газдардың артуына жел соқпайтын тымырсық күндердің көптігі де өз әсерін тигізіп отыр деген пікірде. 2018 жылы Өскеменде 63 қолайсыз ауа райы жағдайы күні тіркелген. Бұрнағы жылы осындай 84 қолайсыз күн болған. Биылғы қаңтарда 4 күн қолайсыз ауа райы жағдайы тіркелінген. Алайда желсіз күндер азайғанымен күкіртті газ, фенол, формальдегид, кадмий, мыс былтырғы көрсеткіш қалпынан өзгермепті.
ОБЛЫСТАҒЫ ЕҢ ЛАС ӨЗЕНДЕР
«Казгидромет» орталығының филиалы облыс аумағындағы 193 су көзін 48 гидротехникалық көрсеткіш бойынша тексеріп, мониторинг жүргізіп отыр. 2018 жылдың зерттеу, бақылау қорытындыларына сәйкес Марқакөл көлі, Қара Ертіс, Ертіс, Оба, Бұқтырма, Еміл, Аягөз өзендері барынша аз ластанған екінші класты ластану деңгейіндегі су көздеріне жатқызылған. Брекса, Үлбі, Глубочанка, Тихая өзендері жоғары ластанған 3 класты ластану деңгейіндегі, ал Красноярка өзені төтенше жоғары ластанған өзен деген қорытынды жасалынған. 2018 жылы өңірдегі су көздерінде 77 жоғары ластану жағдайлары тіркелінген. Соның ішінде экстремальді жоғары ластану жағдайы 3 рет орын алған. Марганец, мырыш металдары аса қатты ластанып отырған Брекса, Тихая, Үлбі, Глубочанка, Красноярка өзендерінде көп мөлшерде кездесуде. «Казгидромет» мамандары биыл да Тихая, Үлбі өзендерінен алынған сынамалардан жоғары ластану деңгейін байқаған, аталған өзендерде марганец металының концентраттары артқан. Ластануы жоғары өзендер қатарындағы Глубочанка, Красноярка өзендерін де ластап отырған осындай ауыр металдар қоспалары. «Казгидромет» филиалының бақылау қорытындылары облыстық табиғат қорғау прокуратурасы мен экология департаментіне күн сайын жіберіліп тұрады. Әрі қарай шара қолдану, кінәлілерді табу, жауапқа тарту сол органдардың құзыретінде. 2019 жылдың қаңтарынан бастап аймақтағы су көздерінің тазалығын анықтау халықаралық нормаларға көшіріліп отыр.
ШЫҒАРЫНДЫЛАР АЗАЙСА, КҮКІРТТІ ГАЗ НЕГЕ КӨП?
Өскеменнің ауасын «Казгидромет» орталығымен бірге қаладағы Экологиялық қауіпіздік орталығы да РАИСПЭМ жүйесі бойынша онлайн режимінде бақылап отыр. Жуықта өткен облыстық қоғамдық кеңес жанындағы экологиялық мәселелер жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысында жария етілген РАИСПЭМ жүйесінің қорытындылары да Өскеменнің ауасында күкірт диоксиді мен азот диоксиді концентарттары шекті мөлшерден асып отырғанын көрсетті. РАИСПЭМ бақылау нүктелерінің көрсеткіштері экологиялық қауіпсіздік орталығы базасына әр 20 минут сайын түсіп отырады. Бақылау бекеттері негізінен қаланың өнеркәсіптік аумақатарында, тұрғын үйлер маңында орналасқан. Автоматты мониторинг жүйесінің көрсеткіштері сегіз қоспа бойынша бақыланады. Былтыр бұл жүйе де қалада диокисид азоты мен күкірт диоксиді қоспаларының көрсеткіштері ай сайын өсіп отырғанын тіркеген. Әсіресе, өткен жылдың желтоқсанында аталған зиянды қоспалар көлемінің күрт артып, ауаның қатты ластанғаны байқалған. Қалада азот диоксиді концентрациясы 2014 жылдан бері жыл сайын артып бара жатса, күкірт диоксиді бір деңгейден түспей келеді. Жоғары ластану жағдайлары 2018 жылы көбінесе қысқы уақытта көп қайталанған. Кәсіпорындар шығарындылары азайып келе жатқанымен олардың өндірістерінен шығарылып жатқан диоксид азоты, күкірт диоксиді азаймай, керісінше орта есеппен 2 , 2,5 ШРК-ке жетіп, өсіп кеткен.
«Казгидромет» мамандарының айтуынша, орталық Өскеменде ауа сапасына бақылау жасайтын бақылау бекеттерін жыл сайын көбейтіп отыр. 2013 жылы бақылау бекеттері 15 болса, биыл 22-ге жеткен. Сол жылы ауаның ластану көрсеткіші 7,6 болып, Қазақстан бойынша Алматы, Қарағанды, Теміртаудан кейінгі төртінші орынды көрсеткен. 2015-2016 жылы тоғызыншы орынға түскенімен, 2017-2018 жылы қайтадан Қарағандыдан кейінгі лас қала болып, екінші орынға шыққан.
«Қала ауасы неге бұлайша қайтадан ластанып кетті?» деген заңды сұраққа «Казгидромет» мамандарының өздері «мынау» немесе «анау» деген ешқандай себеп айтпады.
Геннадий Корешков, Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:
-«Казгидромет» 49 қаланың ауасын тексереді. Біздің қала ауаның ластану көрсеткіші бойынша шынтуайтында төртінші, бесінші орында. Өйткені көптеген қалалардағы автоматты бекеттердің саны біздің қаладағыдан өте аз, бар болғаны үш-төрттен ғана. Үш-төрт бекеттің зерттеулерді толық жүргізіп, қадағалауға мүмкіндігі аз. Ал біздің Өскеменде барлығы 16 пост бар. Бізде қала ауасының сапасын шынайы, толық қамтып көрсетіп отырған жан-жақты нақты ақпарат бар. Тек Алтай қаласына ғана бекет керек. Алтайдың ауасының сапасы Өскеменнен кем түспейді. Соңғы он жылда Өскемендегі көлік саны үш есе артып, 100 мыңға жетті. Қаладағы 300 мыңнан асатын халықтың әрбір үшіншісінде көлік бар. Шетелдерде көліктер баяғыдан бері Еуро- 5 маркалы жанармаймен жүреді. Ал біздің жанармайдың сапасы мүлде төмен. Көмірдің сапасы да өте нашар. Қарағанды, Екібастұз қалаларындағы ауа сапасы тіптен жаман. Өскеменнің ауасын тазарту, жақсартуға орай қала кәсіпорындары табиғат қорғау шараларын үздіксіз жүргізіп келеді. Нәтижелерін көріп отырмыз.
«Казцинк» 20 жыл көлемінде өнеркәсіптік шығарындыларын 70 мың тоннадан 18 мың тоннаға түсірді. Әрине, біз ауа сапасын одан әрі жақсартуға, ауаға шығарылатын өндірістік шығарындылар көлемін азайтуға бар күшімізді салуымыз керек. Қала тұрғындарының арасында Өскеменнің ауасы нашар, денсаулықты құртып жатыр деген баяғыдан бері қалыптасып қалған бір экофобия, қорқыныш бар. Дәл қазір олай емес. Оның есесіне адамдар, аналар, қыздар өз денсаулықтарының өз қолдарында екенін біліп, арақ ішпей, темекі тартпай, жылы киініп жүргені, ұрпақ денсаулығын ойлағаны абзал.
-Биыл «Казгидромет» филиалы Өскемен қаласына ауа сапасын бақылайтын тағыда үш автоматты бақылау бекетін қоймақ. Бекеттер халық көп шағымданатын ықшам аудандарға: КШТ ықшам ауданына, мұнайбазасы ауданына, ҮМЗ кәсіпорнының қарама-қарсы тұсына қойылмақ. Сонда тек біздің мекемеден барлығы он бекет ауа сапасын зерттейтін болады. КШТ-ға РАЙСПЭМ жүйесінің бекеті де қойылды, – дейді алдағы айларда облыс орталығының ауасын бақылайтын бекеттер санының көбейетіндігін айтқан «Казгидромет» филиалының өкілі Татьяна Козлянская.
Экологиялық сараптамалық жұмыс тобы отырысында «Казцинк», «ТМК», Өскемен, Согра ЖЭО өкілдері аталған кәсіпорындарда атқарылып жатқан қоршаған ортаны қорғауға қатысты іс-шараларды баяндады. «Казцинк» компаниясының экологиялық мәселелер жөніндегі бас маманы Вадим Кушнарев өткен жылы қорғасын, мырыш зауытының өндірістік шығарындыларын сүзіп тұрған «Хольдор Топсе» қондырғысының негізгі жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, қайтадан іске қосылғанын айтты. Биыл оның бірнеше метрлік мұржасы да жаңадан салынбақ. Атқарылып жатқан экологиялық шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы Өскемен металлургиялық кешенінен сыртқа шығарылатын шығарындылар көлемін 500-550 тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр.
Қала ауасына күкірт диоксиді концентраттарын шығарып отырған басты ластаушы осы «Казцинктің» металлургиялық кешені екені көпке мәлім, ауадағы күкіртті газдың 70 пайызы аталған кәсіпорынның үлесінде. Сондай-ақ қаладағы ЖЭО мен 90-ға жуық жекеменшік қазандықтарда, жеке тұрғын үйлерде жағылған көмірден де күкіртті газ бөлініп жатыр. Металлургтердің мәдениет сарайынан әрі қарайғы Защита ықшам ауданы аумағын, Аблакетка жақты қыста жеке тұрғын үйлерден бөлінген күкіртті газға толы қалың түтін басып тұрады.
«Казцинктің» шығарындылар көлемі бір кездегі 70 мың тоннадан бүгінде 17 мың тоннаға дейін түскеніне қарамастан атмосфералық ауада күкірт диоксиді, күкіртті газ көлемі неге азаймай тұр? Шығарындылар әлденеше есеге азайған шақта ауадағы күкіртті газдың көлемі төмендемей, сол күйінде қалып отыр. Компанияның экологиялық шараларға жұмсап жатқан көп қаржысының қорытындысы қайда, неге нәтижесі көрінбейді? Өскеменнің ауасында күкірт диоксиді неліктен азаймай тұр?
Бұл сауал «Казцинк» кәсіпорны басшыларын да алаңдатып отырған көрінеді. Экологиялық сараптамалық жұмыс тобының отырысында компанияның бас экологы осы сауалға жауап табу үшін былтыр қаладағы университеттің бірімен қала ауасының аталған газбен ластану жағдайына жан-жақты талдау, зерттеу жүргізуге келісімшарт жасасқанын жеткізді. Қалада күкірт диоксиді концентраттарын шығарып жатқан «Казцинктен» басқа ластаушылар болса оны да анықтамақ. Былтырдан бері оқу орны мамандары бұл жайтқа түбегейлі терең талдау жасауды қолға алыпты. Компания экологтарының ойынша Өскеменде ауа сапасының жақсарып қалғаны көрер көзге анық байқалып тұрғанымен қағаз жүзінде күкірт диоксиді мөлшері азаймай тұр.
Кім, қалай ластап жатса да қала тұрғындарына керегі ауаның тазарғаны. Өскеменді екі жыл бойы екінші орыннан түсірмей келе жатқан күкіртті газдың неге азаймай тұрғаны жыл соңында аяқталуы тиіс университет талдауларының қорытындысында белгілі болады деген үміттеміз.
Жанаргүл Мұқатай