Қоғам

Өскеменге тропикалық көбелектер әкелді

 Өскеменге тропикалық көбелектер әкелді

Жаңбыр жауар себелеп,
Гүлге қонар көбелек, дегендей, гүлден гүлге қонған көбелек – біздің кішкентай кезімізден жақсы білетін жәндіктеріміздің бірі. Өйткені, көбелек қуып күнді өткізген тәтті кездер көпшілігіміздің көз алдымызда әлі сайрап тұр. Бір қуанарлығы, көк көйлекті көктеммен бірге Өскеменге көбелектердің жылжымалы көрмесі де келді. Облыстық өлкетану музейінде ашылған тропикалық аймақтарда ғана кездесетін көбелектердің көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша көңілкүй сыйлайды.

Тропикалық аймақтарда ғана кездесетін бұл көбелектер керемет күй талғайды. Бөлме температурасы 25, 30 градус жылы болмаса, көбелектердің тіршілігіне қауіп төнеді. Сондықтан да ұйымдастырушылар көрме залының температурасы мен ауаның ылғалдылығына ерекше мән береді. Көрмеге келушілер бұл жерден тропикалық көбелектердің 10-11 түрін тамашалай алды. Ал егер инсектариумдағы көбелектердің барлығы көбейетін болса, олардың 17-18 түрін тамашалауға болады екен.

Көбелектердің өмір сүру ұзақтығы өте қысқа. Небәрі 5-7 күн, көп дегенде екі апта. Десе де осы аралықта олар келушілерге ерекше көңіл күй сыйлап үлгереді.

Бір атап айтарлығы, тропикалық көбелектердің жылжымалы көрмесі Өскеменге алғаш рет келіп отырған жоқ. Бүған дейін біздің қалада екі рет болыпты. Осынау ерекше көрмені ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынып жүрген – Екібастұз өңірінің тумасы Игорь Холодарь деген жігіт.
– Игорьге тропикалық көбелектер көрмесін ұйымдастыру туралы ой Тайландқа барған кезінде келіпті. Тайландта көбелектердің арнайы үлкен паркі де бар көрінеді. Ал 2011 жылдың соңында ол Павлодар қаласында алғаш рет тропикалық көбелектер көрмесін ұйымдастырды. Халық өте жақсы қабылдады. Содан бері көрме жыл сайын бүкіл Қазақстанды аралап шығады, – дейді экскурсовод Алиса Еремина.

Алисаның айтуынша, көбелектердің әрқайсысы өзінше ерекше. Мысалы, Атакус Атлас деген көбелек әлемдегі көбелектердің ең ірісі болып саналады. Оның қанаттарының үлкендігі шамамен 20 сантиметрге, ал кейде табиғатта 30 сантиметрге дейін жетеді екен. Ал Амазонка өзенінің аумағында тіршілік кешетін Көгілдір Марфо үнділердің тілінен аударғанда «жерге түскен аспанның бір бөлшегі» деген ұғымды білдіреді. Мамандардың айтуынша, оның бұлай аталуы қанатының қасиетіне байланысты екен.

Көбелектер түрлі жемістер мен гүлдердің шырынын қорек етеді. Кейбір көрмеге келушілер көбелектердің жарық дүниеге қалай келетініне де куә болып жатады.

– Көрме, әсіресе, балалар үшін өте қызықты. Олар көп нәрсені білгісі келіп, көп сұрақтар қояды, – дейді экскурсовод Алиса Еремина.
– Өзім металлург болсам да, мен табиғатты өте жақсы көретін адаммын. Осы көрмеге әдейі келдім. Мұндай көрмелер адамның дүниетанымын кеңейтіп, табиғатты өзге қырынан тануға жола ашады, – дейді қала тұрғыны Жомарт Әлдібеков.

Қала тұрғындары мен қонақтары көрмені мамыр айының 14-ші жұлдызына дейін тамашалай алады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button