Қоғам

Өскеменге «Тұлпар-Тальго» пойызы келді

Өскеменге «Тұлпар-Тальго» пойызы келді

Алматыдан аттанған «Тұлпар-Тальго» жолаушылар пойызы өткен бейсенбіде Өскемендегі «Защита» теміржол вокзалына келді. Аймақ жұрты асыға күткен жүрдек пойызды көпшілікпен бірге облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қарсы алды.
Бұл күні алыстан ат терлетіп келген жолаушыларды қарсы алу рәсімі әдеттегіден өзгешелеу болды. Жиналған кісілердің қарасы көп. Қолдарына гүл шоқтары мен түрлі-түсті шарлар ұстап, бал-бұл жанған жастардың жүзінен қуаныш лебі еседі. Асқақтаған ән мен күмбірлеген күй ырғағы мерекенің сәнін арттыра түсті. Мың шақырымнан астам қашықтықты жылдам жүріп келіп «солықтап» тұрған «Тұлпардың» жаңа вагондарынан кезекпен түскен жолаушыларды әжелеріміз шашу шашып қарсы алды.

Өскеменге «Тұлпар-Тальго» пойызы келді

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде міне, еліміздің ірі қалаларынан облыс орталықтарына осындай барлық заманауи талаптарға сай келетін жүрдек пойыздар қатынай бастады. Бұл жер көлемі ұлан-ғайыр біздің ел үшін өте тиімді болмақ. Бұрын адамдар Алматы мен Өскеменнің арасында 27 сағат жүрсе, енді «Тұлпар-Тальгомен» 17 сағатта жетеді. Уақытпен санасқан қазіргі заманда 7 сағат деген үлкен үнем. Ең бастысы, жаңа пойыздағы жайлылық, қызмет көрсету сапасы барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда 3 мың шақырымға жуық жаңа теміржол желілері салынды. Айталық, Астанадан Қостанай арқылы Ақтөбеге жүретін, Қытайдың шекарасынан Алматыға жүретін жолдар тартылды. Жақында ғана Жезқазған мен Бейнеудің арасын жалғайтын желі іске қосылды. Осының барлығы еліміздің қуаты артып, экономикасы дамып келе жатқанын көрсетеді, – деп атап өткен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жаңа көлікпен қызмет көрсете бастаған «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына алғысын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы бүгінгі күні өңірдегі вокзалдар мен стансаларды заманның талабына сай жөндеуден өткізіп, теміржол құрамдарын жаңартуда. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Өскемендегі «Защита», Зырян ауданындағы Зубовка теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өткізілген. Одан бөлек тағы 9 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– «Тұлпар-Тальго» вагондары отандық өнім, Астанада құрастырылады. Мұндай пойыздар бүгінде алты бағыт бойынша жолаушылар тасымалдауда. «Алматы-Защита» бағытындағы мына пойыз жетінші болып тіркелді. Осы жылдың соңына дейін тағы екі маршрут іске қосылады. Оның біреуі Астана-Защита бағытында қатынайды. Сондай-ақ, қазір бұл теміржол көліктері күнара қатынаса, келешекте күнделікті жүретін болады, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның басқарма төрағасы Ермек Төлегенов.

Өскеменге «Тұлпар-Тальго» пойызы келді

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының хабарлауынша, күнара қатынайтын жүйрік пойыз құрамында жалпы саны 23 вагон тіркелген, оның ішінде екі «Бизнес-класс» (купе), екі «Гранд» (жайлылық сапасы жоғары), 14 «Турист» (плацкарт), бір мейрамхана, бір бар және үш техникалық вагон бар. «Тұлпар-Тальго» Өскеменнен жұп күндері сағат кешкі 17.00-де жолға шықса, Алматыға ертеңінде күндізгі сағат 11.00-де жетеді. Ал Алматыдан тақ күндері түнгі сағат 22.00-де шығып, ертеңінде кешкі сағат 16.00-де Защитаға келеді. Жол жүру ұзақтығы – 17 сағат. Жол бойы Сарыөзек, Үштөбе, Матай, Ақтоғай, Аягөз, Шар стансаларына аялдайды. Билеттердің құны вагондардың жайлылығы мен сатып алу уақытына байланысты. Айталық, билетті жолға шығардан 44-35 тәулік бұрын сатып алған жолаушыға 35 пайыз, 34-25 тәулік бұрын алғандарға 25 пайыз, 24-8 тәулік бұрын алғандарға 15 пайыз жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жеңілдіктер алдағы қараша айының 14-інен бастап іске қосылады. Жеңілдіксіз сатып алған жағдайда плацкарт билеттері адам басына 9800 теңге болса, купе – 14400 теңге, гранд – 19700 теңге.
– «Тұлпар-Тальго» пойызымен бірінші рет жүріп тұрмын. Бұрынғы пойызбен салыстырғанда билет құны қымбат әрине, бірақ мұнда 7-8 сағаттай уақыт үнемдейсіз. Жаңаның аты жаңа ғой, бәрі заманауи үлгіде жасалған. Жайлылығы жағынан артықшылықтары көп, – дейді Алматыдан келген жолаушылардың бірі Мейрамгүл Сатыбалдықызы.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button