Өскеменге үш дүркін олимпиада чемпионы келеді
Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысып, жекелеген сауда орындарындағы азық-түлік бағасын тексерді.
19-тұрғын ауданындағы шағын отбасыларға арналған жатақханаға көп кешікпей 70 отбасы қоныстануы тиіс. Бұл кешен «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген. Бағдарлама шартына сәйкес, мұндағы пәтерге қол жеткізу үшін отбасы мүшелерінің жасы 29-дан аспауы керек. Баспанаға тұрғылықты мекенжайы мен тұрақты жұмысы бар кез келген жас жанұя талап білдіре алады. Жатақханадан баспана алған отбасы «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкімен» келісімшартқа отырады да, бес жылдың ішінде ипотекаға қажетті алғашқы жарнаны жинақтайды. Уақыты келіп, пәтер алған соң жатақханадағы орнын басқа жас отбасыға босатады. Уақытша баспананың жалдау құны түтінін тіктеп үлгермеген жанұяның қалтасына айтарлықтай салмақ салмайтын көрінеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сәуле Жүніспекованың айтуынша, жатақхана тұрғындары коммуналдық қызмет ақысына қоса айына екі мың теңге төлеуі тиіс.
Мұндағы екі бөлмелі пәтерлер балалы-шағалы жас отбасыларға берілсе, жаңадан шаңырақ көтергендер шағындау пәтерлерге орналастырылады.
Күн жылынғалы облыстық драма театрының құрылысы да қыза түсіпті. Жексенбіге қарамастан құрылыс басында 200-ге тарта адам жұмыс істеп жүр. Бұл жерде облыс басшысына театрдың ішкі және сыртқы келбетінің үлгісі ұсынылды. Өз кезегінде ол ұсынылып отырған үлгілердің о бастағы жобадан әлдеқайда жақсы екенін айтып, өзгертуілерді толық мақұлдады. Мердігер ұйым өкілдері дүйсенбіден бастап құрылысқа 300 адамды жұмылдыруға уәде берді. Іші-сырты гранитпен әрленетін жаңа театрға жетелейтін жолдың келушілер үшін ыңғайлы болу керектігін ескерткен аймақ басшысы ғимараттың ішін әрлеу кезінде қазақи оюлардың түр-түрін неғұрлым көбірек пайдалануды тапсырды. Құрылысқа пайдаланып жатқан материалдар мен тартылған жұмысшылардың құрамына назар аударған ол жобаға жауаптыларды жергілікті өнім мен мамандарды тартуға көңіл бөле түсуге шақырды.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Fresh market» фермерлік дүкеніне бас сұқты. Ауылдың өнімін облыс орталығына саудалауға машықтанған фермерлер уақыт өткен сайын тұрақты тұтынушылардың саны артып келе жатқанын айтады. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Арман Бекбосынов тұрақтандыру қорында сақтаулы азық-түлік мөлшерінің жеткілікті екенін айтып, қосымша қорды ұстау үшін облыстың әр түкпіріндегі ірі өндірушілермен байланысты нығайтқандарын жеткізді. Келешекте осы сауда орнының аумағында ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу көзделіп отыр. Оған дүкеннің аумағы жеткілікті. Дүкен қожайындары болса, мұндай қадам келушілердің санын одан бетер артыратынына үмітті.
Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың атындағы Жеңіл атлетика манежінің құрылысы да аяқталуға жақын. Оның ашылу салтанатына әйгілі балуан, Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы Александр Карелин келеді деп күтілуде. Ғимараттың сыртқы келбетіндегі кейбір олқылықтар мен маңайының абаттандырылуына сын-ескертпелер айтқан аймақ басшысы қала әкімінің орынбасары Владимир Головатюкқа кемшіліктерді жоюды тапсырды. Манеждің жаттығу залындағы арнайы жабынның сапасына ерекше мән берген облыс Әкімі барлық жұмыс талапқа сай, байыппен, кесте бойынша жасалуын қатаң тапсырды. Неміс технологиясы бойынша жабдықталатын бұл манеж барлық халықаралық талаптарға сай. Тіпті, кез келген халықаралық турнирлерді өткізуге мүмкіндік беретін сертификат та берілген. Облыс басшысы осының бәрін ескере келе, облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаевқа алдағы уақытта мұнда Азия чемпионаты сынды ірі туринирлерді өткізуге күш салуды тапсырды.
Жекпе-жек сарайында еркін күрестен өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы республика чемпионатының ақтық белдесулерін тамашалаған облыс басшысы ашық бассейннің құрылысымен де танысты.
Аймақ басшысы Қайсенов көшесінің бойындағы «Қазмед» клиникасының жұмысымен де танысты. Мұнда бір күннің ішінде 500 адам ақылы ем қабылдайды. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мұндағы заманауи медициналық құырлғылардың сапасына ерекше назар аударды.
Ертістің жағасынан көркі көз тартар тағы бір қонақүй бой көтерді. Түрік кәсіпкерлер салған «Dedeman» қонақүйінің ашылу салтанаты Наурыз мерекесіне орайластырылып отыр. Аталмыш мейманхананың қызмет түрлерімен, шартымен танысқан облыс басшысы қала билігіне өзен жағалауын қонақ үйдің келбетіне сай етіп, абаттандыруды тапсырды. Қонақүй қожайындары нысанның ашылу құрметі мен Наурыз мейрамына орай амфитеатрда өтетін мерекелік концертке қала тұрғындарына сыйлық ретінде Аврам Русомен қатар әйгілі түрік әншілерін шақырғандарын айтты. Бұл шара 21-наурыздың кешіне жоспарланған.
Есімжан Нақтыбайұлы