Экономика

Өскеменге «Сергек» камералар орнатылады

Өскеменге «Сергек» камералар орнатылады
Күршімдегі Бұқтырма көпірінің құрылысына мемлекет қаржы бөлуі мүмкін. Бұл туралы өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтов айтты.
Екіжақты серіктестік аясында жүзеге асатын жобалар саны бүгінде 169-ға жетіпті. Жалпы құны – 165,4 млрд. теңге. Ш.Бұқтұғұтов бұл жобаларды екі топқа бөліп талдады. Бірінші топқа жаңадан салынатын нысандар кірсе, екінші топқа жекеменшіктің «сенімді басқаруына» берілетін әлеуметтік нысандар енген.
Аталмыш жобалардың басым бөлігі білім саласына тиесілі. Яғни екіжақты әріптестік аясында 20 балабақша бой көтеріп, 66 балабақша «сенімді басқаруға» беріледі. Бір ғана Риддер қаласының өзінде 10 балабақша «сенімді басқару» арқылы ел игілігіне қызмет етпек. Сондай-ақ, Өскемен қаласында 11 балабақша, Семей қаласында бес балабақша концессиялық келісім бойынша жаңадан салынуы тиіс.
Облыс әкімі Даниал Ахметов концессионер компаниялардың бұған дейінгі қызмет жолын мұқият зерделеп, ниетінің дұрыс екеніне мән беру керектігін ескертті. Мысалы, Семей қаласында бес бірдей балабақша салуға ұсыныс білдірген «Каз-Азмеко» компаниясымен жасалған келісімшарт сот шешімімен бұзылыпты.
-Денсаулық сақтау саласындағы бес жобаның жалпы құны 37,8 млрд теңге. Өскемендегі 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысына ғана 21 мрлд. теңгенің инвестициясы қажет. Бұл жобаға төрт бірдей концессионердің көзі түсіп отыр. Семей қаласында 200 орындық балалар ауруханасын салуға 16,2 млрд теңгенің инвестиция керек, – деді Ш.Бұқтұғұтов.
Сондай-ақ, Өскемендегі №4 аурухана, бүйрек және хоспис орталықтары «сенімді қолдарға» тапсырылады. Әзірге бұл нысандардың жекеменшікке қандай шарттармен берілетіні белгісіз.
Спорт және денешынықтыру саласында «Тарлан батырлары» ЖШС ұсынып отырған жоба іске асуы тиіс. Осы жоба бойынша Семей қаласында үш жыл ішінде бокс, күрес, таэквондо, дзюдо, ауыр атлетика шеберлерін дайындау жоспарланған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Зырян қаласы мен Ақтоғай кентінде (Аягөз ауд.) үш жоба жүзеге асуы тиіс. Зырян қаласының орталық жылу қазандығын қайта жарақтау бойынша екі бірдей жобаға концессиялық конкурс жарияланып отыр. Ал Ақтоғай кентінде тұрмыстық қалдықтар полигонын салу үшін 69,3 млн теңгенің инвестициясы қажет.
Концессиялық келісім аясында салынады деген Бұқтырма көпіріне мемлекет те қомақты қаржы құюы мүмкін. Ш.Бұқтұғұтовтың айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкі бұл жобаны тиімсіз деп тауып, қаржы құюдан тартынып отырса керек.
-Бұл көпір «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынады. Жоба құны – 37,4 млрд. теңге. Мемлекет оған ортақ қаржыландырушы ретінде кіреді, – деді ол.
Ал Өскемендегі Виноградов көшесін Өскемен-Таврия тасжолымен Ертіс арқылы тікелей жалғайтын көпір құрылысына 62,1 млрд. теңгенің инвестициясы қажет. Дәл осы жобаға еуропалық банк қызығушылық танытып отыр.
Өскемен «ақылды Астанадан» үлгі алмақшы. Облыс орталығында да елорда көшелеріндегідей «ақылды қала» жобасы енгізілуі мүмкін. «Сергек» деген ат алған, 360 градус аумақты қамтитын бейнебақылау жүйесін қаланың ең ұрымтал тұстарына орнату үшін бес миллиард теңге қажет.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Өскемен мен Семей қалаларының жарықтандыру жүйесін жаңалау жобасын жалғастырып, дағдарыс орталықтарын құруға да жекеменшік нысандарын тарту қажеттігін атады.
-Әріптестіктің бұл түрі бизнесті де дамытады, әлеуметтік мәселелерді де шешеді. Сондықтан барлық әкім өз аумағындағы жобалардың кешікпей жүзеге асуына жауапты. Риддердің әкіміне қалалық аурухана құрылысына инвестор табуды тапсырамын. Ол үшін әуелі қала аумағында жарамды ғимарат қарастыру қажет. Болмаса, екіжақты әріптестік аясында саламыз.
Әріптестік келісімнің кепілдік мерзімін 10 жылдан 15 жылға ұзарту қажет, өйткені 10 жыл ішінде мемлекет құрылысқа салынған шығынды өтеп бітеді. Концессионер нысанды өткізгеннен кейін барлық ауыртпалық мемлекеттің мойнына түспеуі керек, – деді ол.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button