Қоғам

Өскеменге «Алтын адам» келді

Өскеменге «Алтын адам» келді

Шымкенттің «Golden Nomad» фабрикасында тігілетін отандық костюм-шалбарлар «Алтын адам» брендімен сатылымға шықты.
Елбасымыздың өзі киіп жүрген қазақстандық костюм-шалбар қандай екен дейсіз ғой. Ең бастысы, бәсекеге қабілетті өнім өндірушіге қойылатын негізгі төрт талапқа сай. Әуелі бағасы қымбат емес, содан кейін сапасы жақсы, киюге ыңғайлы және сәнді.
Жеңіс даңғылының бойындағы «Мұзтау» сауда кешенінің үшінші қабатында ашылған жаңа бутикте бұдан былай тек қана отандық киім үлгілері саудаланатын болады. Алматы, Астанадан бастап, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Тараз сияқты қалаларында, тіпті Семейде де ашылып қойған «Алтын адам» дүкендер желісі Өскеменде де өз жұмысын бастады.
Аталмыш дүкендер желісін ашып отырған кәсіпкер Олжас Қадыровтың айтуынша, киімге қажетті мата Түркиядан алынады екен.
-2015 жылдан бастап, «Golden Nomad» фабрикасынан шығатын, отандық «Алтын адам» брендін сатылымға шығардық. Мақтанышпен айтқым келетіні, тұтынушыларымыздың біздің киімге деген ризашылығы. Түркиядан ең сапалы деген материал жеткізіледі. Ал фабрикада ең заманауи үлгідегі костюм-шалбарлар пішіліп, тігіледі. Әзірге ер адамдардың ғана киімдерін сатудамыз. Костюм-шалбарлардың бағасы 25 мың теңге,-дейді кәсіпкер.
Ине-жіптен жаңа шыққан сәнді костюм-шалбарлар расында да әдемі. Сөрелерге әркімнің қалауына қарай мол түр-жинақ үлгілері қойылыпты. Алдағы уақытта аталмыш фабрика ерлердің аяқкиімдерін және қолсағаттарын шығаруды жоспарлап отыр екен. Дүкенде сондай-ақ, мектеп басшыларына көрсетуге арналған оқушы формалары да тұр.
-Мектеп оқушысының толық киімі 16 мың теңге тұрады. Кез келген мектептің талғамына сәйкес тапсырыс алып, оқушылардың костюмдеріне мектеп эмблемаларын қоса тігіп береміз,-дейді Олжас Қадыров
Отандық өнім сататын жаңа дүкеннен бірден төрт костюм-шалбар сатып алған Марат Атабаевтың айтуынша, киімнің сапасы жақсы және бағасы көңілге қонымды.
-Арзан матадан асығыс жасалатын қытайдың костюм-шалбарларының бағасы удай. Маған бұл жердегі баға ұнап тұр. Костюм модельдері заманауи үлгіде пішілген, ең негізгісі, шебер де жатық тігілген,-дейді клиент.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button