Өскеменге алғашқы электробус келді

Бұл қоғамдық көліктің басты артықшылығы – экологиялық жағынан таза, экономикалық жағынан тиімді болуында. Бір ай бойы қала ішінде жолаушылар тасымалдап, сынақтан өткізілетін жаңа заман техникасы сенімді ақтай алса, облыс орталығына мұндай электробустардың тағы бірнешеуі әкелінбек.
Егер сынақ қорытындысы аталған көліктің адамдарға жайлы әрі үнемді екенін көрсетсе, Өскемен жаңа заман көлігі қатынайтын еліміздегі төртінші қала болады. Қазақстандық ғалымдардың қытайлық мамандармен тезі қосып жасаған «Quazar» электробустары, ең әуелі экологиялық мәселені шешуге бағытталған. Компания өкілдерінің айтуынша, олар дизельмен жүретін автобустармен салыстырғанда әлдеқайда үнемді. Егер бүгінгі автобустар күніне 250 шақырымға 125 литр жанармай шығындаса, электробустар бір ауысымда 189 кВт энергия жұмсайды.
– Оларды әлі сатып алған жоқпыз. Біздің жолдарда өзін қалай көрсетеді, мүмкіндігі қандай, алдымен осыны анықтап алуымыз керек. Ол үшін алғашқы электробусты №44 бағыттағы автобустар қатарына қостық, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Айта кетейік, аймақ басшысы облыстағы үлкен қалаларға қоғамдық көліктерді жаңарту туралы тапсырма берген-ді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі