Қоғам

Өскемендіктерді тропикалық құстар таңғалдырды

Өскемендіктерді тропикалық құстар таңғалдырды

Өскемендегі өлкетану мұражайында тропикалық құстардың көрмесі өтіп жатыр.

Қызғаншақ тотықұс сыңарын «сабап» тастапты

Еліміздің барлық қалаларын аралап жүрген бұл көрме Өскеменге 22 қарашада ат басын тірепті. Содан бері қала халқының, әсіресе, балалар қауымының ерекше көз қуанышына айналып келеді. Көрген жанның көзін сүйіндірер бұл құстарды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Әрісі Америкадан, берісі Үндістаннан келген 25 түрлі құстың әрқайсысының өз ерекшелігі бар.

Көрме залына кіріп барған адамды әртүрлі құстардың әдемі әуені мен балалардың риясыз күлкісі баурайды. Одан әрі өзің-ақ әр құстың әдемілігіне сүйінумен уақыт өткізесің.

Барлық құстың ерекшеліктерін жазуға мүмкіндік болмағандықтан, ішіндегі бірнеше құстың дене тұрқындағы, мінезіндегі қызықты жағдайларға тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Аталмыш мұражайдың ғылыми қызметкері Бақыт Сабырбаеваның бастауымен көрмедегі құстарды көріп шықтық.

Есіктен кірген адамның назарына бірден ілігетін құс – тукан токо. Ол ел назарын өзіне үлкен тұмсығымен аудартады. Жаратушы бұл құсқа сорайтып тұмсық бергенімен, көлемді қылып дене бермепті. Сондықтан болса керек, өте нашар ұшады екен. Десе де, тар қапасындағы ағаштарға кезек секіріп, көрермендерін жалықтырмауға тырысатын сыңайлы. Оңтүстік Америкада мекендейтін тукан 40-45 жыл өмір сүреді екен.

Тағы бір қызықты жәйтті қызыл лори деген жұп құстан көрдік. Бір себетте отырған жұп лоридың бірінің мойнын ажырғы қажағандай қылқиып, жүні түсіп қалыпты. Екі көзі жәудіреп отырған бейшараға жанымыз ашыды. Қасындағысы сап-сау. Сау отырғаны аталығы екен. Біз жанына таяған сайын аталығының тынышы кетіп, азап көрген аналығына айбар шегеді. Сөйтсек, аталық лори сыңарын келген елден қызғанып, мойын жүнін жұлып тастайды екен. Молукк аралынан әкелінген бұл «махаббатшыл» құс 15-20 жыл жарық дүниеде өмір сүреді. Ал шуақты аратинга деген жұп құс та бірін-бірі сондай «сүйеді». Бірақ лоридай қызғаншақ емес, қайта бір-бірінің арқасын қасып беретін кемпір мен шал секілді, бірінің қауырсынын бірі тарап береді екен. Міне, құстардың арасында да осындай махаббат бар болып шықты.

Ал мұндағы әкелінген құстардың ішінде ең ұзақ ғөмір сүретіні – көгілдір маңдайлы амазон. Ол 80-90 жыл тіршілік етеді. Өз иесіне немесе отбасындағыларға тез бауыр басатын амазон иесінің отбасын басқа құстардан жанын сала қорғайтын қасиеті бар көрінеді. Бірақ, бір кем дүниесі жемістер өсетін бау-бақшаға қырғидай тиеді. Өйткені, негізгі қорегі – пальма ағашының жемістері.

Жако 15-ке дейін жаңылмай санайды

Бұл көрмедегі ең ақылды құс – жако сұр тотықұсы. Жако ақылдылығымен Гиннесстің рекордтар кітабына кіріпті. Күлген дауысы ер адамдардың күлкісіне ұқсайды. Тіпті, 15-ке дейін жаңылмай санап бере алады екен. Бірнеше ауыз сөзді де іркілмей сөйлеп бере алады. Ең көп сөйлейтін кезі – таңертеңгі уақыт. Бақыт Сабырбаеваның айтуынша, жако таңертең маңындағы барлық құстардың атын атап шақырып оятады екен. Бірақ жаконың тілі де орыс тілінде шығыпты.

Айтпақшы, қалың құстың ішінде бір маймыл бар. Ол жалғыздығына қарамай көрерменнің көбін өз маңына жинапты. Небары бір жастағы аққолды гибон сүйкімді қылығымен жиналғандарды сүйсіндіруде. Қытайдан әкелінген маймылдың бұл түрі 25 жыл өмір сүреді екен. Ал ең қызықты қылығы, ол ең әуелі ойнағысы келген адамның түріне қарап алады. Егер ұнатпаса ол ешқашан оны серік етіп ойнамайтын болып шықты.

Бұл осындағы көрмеге қойылған құстардың бірнешеуінің ғана кейбір қызықты мәліметтері. Ал зер салған адамға әр құстың әр тал қауырсынының өзінде бір мақалаға жүк боларлық сыр, әдемілік жатыр. Бір-бірімен үндесе шыққан бұлбұлдар үнін айтсаңшы. Әсемдіктің, әдеміліктің куәсі тотылар тәкаппарлана таранып отыр…

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button