Руханият

Өскемендіктер Жолаушымен жолықты

Өскемендіктер Жолаушымен жолықты


Шығысқа ұлттық аспапттардың хас шебері Жолаушы Тұрдығұлов келді. Туған жеріне жыл құсындай жылына бір соғып кететін айтулы азаматты Өскемен жұрты неше мәрте кездесуге шақырды.

Өскемендіктер Жолаушымен жолықты

Әуелгі кездесу облыс орталығындағы Өнер мұражайынан басталды. Кездесуде жұртшылық ағаш өнерінде көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған жерлестеріне көңілдерінде жүрген көп сауалды қарша боратты. Ақжарма тілектерін арнады. Кеш тізгінін ұстаған жас ақын Аян Қалымбек ағасына әзіл-шыны аралас арнау жырдан шашу шашты. «Мына кешке арнау жыр айту үшін, біреудің домбырасын сұрап келдім» деп жорта көсілген ақын інінің арғы арманын ұққан шебер, жұрт алдында өнерлі студентке бір домбыра байғазы беруге уәде етті. Міне мәрттік, міне қазақи дәстүр. Әйтпесе, біздің елде «Жолаушының домбырасы» деген бренд қой. Оған қоңыр қалта студент түгілі, өнер өлкесінде жүргендердің өзі қол жеткізе бермейді. Шебердің айтуынша қазірге дейін екі мыңға жуық қазақтың қара домбырасына ұлттың үнін сыйлаған. Қазақ өнерінің қаранары Қайрат Байбосыннан тартып, Мейрамбек Беспаевқа дейінгі өнерпаздардың 80-90 пайызы қазір осы кісінің домбырасымен ел алдына шығып жүр.

Марқакөл өңірінің аядай ауылынан шығып, алаш аспанына қалықтаған шебер еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастапты. Ал өзінің алғашқы домбырасын Венгрияда әскер қатарында жүргенде жасаған екен.

Кездесу барысында шебердің журналист досы һәм жерлесі Болат Салықбаев, домбыра жасаумен айналысып жүрген өңірдегі шәкірттері келді. Шебердің айтуынша Алтайдың қарағайы мен аршасы шешен домбыра жасауға таптырмайтын ағаштар екен. Оның ішінде қарағайдың бұтақсыз өсетін аналық түрі болып шықты. Көпшіліктің ішінде ағаштың да аналығы болатынын естіп аңырып қалғандар да болды. Ертістің үйеңкісінен де ерекше домбыра жасауға болады екен. Бірақ ол ағаштарды кесудің ең ұтымды уақыты – қыс. Дәлірек айтсақ, қақаған аязда.

Жерлестері үшін ештеңесін жасырмай айтқан құрметті қонаққа Өнер мұражайы шапан жапты, бірге жүрген жары Зояға көрермендер гүл сыйлады. Ал қазақы дәстүрден жаңылмаған кеш иесі мұражайға үкілі домбырасын сыйлап, сол домбырамен әуелетіп ән салып берді. Негізі аталмыш өнер ордасында Жолаушы Тұрдығұловтың бұдан басқа да оншақты туындысы бар екен…

Жолаушы ағадан көрермендер күй шертуін өтінді. Ол кісінің өз кезінде саусағынан бал тамған күйші болғанын, біреу білсе біреу білмес. Бірақ саусақтарын сүргі мүжіген ағамыз ол өтініштен бас тартты.

– Қазақтың қасиетті аспабының құдіретті үнін түсінбесең, ешқашан дұрыс домбыра жасай алмайсың. Мектепте жүргенде-ақ, домбырашы бала болып танылған едім. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай бірнеше саусақтың басын сүргі алып кеткен. Сондықтан шала-жансар күй шерткім келмейді, – деді.
Келесі кездесу Пушкин атындағы облыстық кітапханада жалғасты. Бұл жерде де кеш қонағы мен көрермендер арасында салиқалы сұхбат болып, қызықты әңгімелер айтылды. Ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенттері шебердің өзі жасаған домбырамен ел алдында өнер көрсетсе, ардагер әріптесіміз Оңдасын Елубай Құрманғазының «Балбырауын» күйін бебеулетті. Шәкірттерінің бірі Амангелді Смағұлов ұстазы туралы ойларын ортаға салды. Бұл кешке облыс орталығындағы зиялы қауым өкілдерінің дені қатысты. Ағайын-жұртпен алқа-қотан әңгімелесудің орайын туғызған кітапхана ұжымына кеш қонағы «Жолаушы» атты кітабын сыйлады. Сонымен кітапхана қоры тағы бір өнерге қатысты бай қазынамен толықты.

Екі күн бойы хас шебердің парасатты әңгімесін тыңдаған өскемендік ағайынның рухы бір серпілгендей болды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button