Руханият

Өскемендіктер Пасханы тойлады

 Өскемендіктер Пасханы тойлады


Облыс орталығындағы православиелік христиандар Пасха мерекесін тойлады.

Думанды күн басталмай тұрып аймақ басшысы Даниал Ахметов:

– Барша шығысқазақстандықтарды Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – ең жоғарғы рухани құндылықтардың жарқын бейнесі. Миллиондаған адамдарды біріктіріп, жүрекке махаббат пен қуаныш ұялатады. Қайырымды істерге жетелейді. Көктемнің осы бір шуақты мерекесінде облыстың барша тұрғындарына тек жақсылық және бақыт тілеймін! Бейбіт аспан астында өркендеп, өсе берейік! – деп құттықтау лебізін білдірген еді.
Осыдан кейін көпшілік қауым Андреев кафедралды соборына бет алды. Шіркеуде діни жоралғылар жасалып біткен соң, жұртшылықты «Достық үйінде» мерекелік концерт тосып тұрды.

– Бүгін қайырымды істер жасауға ұмтылуымыз керек. Сонда ғана Пасха күндері әлдеқайда жарқын, шуақты әрі салтанатты бола түседі. Бұл – мейірімнің, рухани тазарудың мерекесі, – дейді епископ Амфилохий.

«Достық үйі – қоғамдық келісім орталығына» уәделі уақыттан бұрын жетіп алған қауым қолөнер шеберлерінің көрмесін армансыз аралап көрді. Көрмеге қойылған бұйымдарды негізінен шығармашылық бірлестіктер жасаған екен. Дегенмен бірді-екілі жергілікті шеберлердің туындылары да бар. Олар мерекеге орай өз беттерімен әдейілеп келіп, көрме көрігін қыздырып отыр.

Концертті күтіп тұрып, қалалықтар әжептәуір қауқылдасып қалды. Ескі тамыр-таныстар табысып дегендей… Бейне Наурыз келгенде, ой-қырдағысы жиылып, сағынысып көрісетін қазақ халқы сынды. Бірақ Пасхаға басқа емес, үлкендер жағы асығады екен. Бұл жердегі көпшілік – түгелдей дерлік асарын асап, жасарын жасаған жандар.

Сөйткенше болған жоқ, думан басталып кетті. Жасы үлкендер бұл күнде естілмей кеткен, ертеректегі таныс әуендерін қосыла шырқап, жасап қалды, білем. Қандай ән айтылмасын, барлығында іштей бір үндестік бардай көрінді. Халық та сол әуендермен ілесіп, бірде тұңғиық тыныштыққа, бірде саялы бір бақтың көлеңкесіне еніп кетіп, елтіп отырды. Музыкада тіл бар ма, шек бар ма?! Бәлкім, православиелік христиандар осы кезде рухани тазарған шығар.

Айтөре Ақжігіт

Осы айдарда

Back to top button