Өскемендіктер нанды 60 теңгеден алып жатыр
Облыс орталығының тұрғындары нанды 60 теңгеден сатып алып жатыр. Қала әкімдігінің Глубокое ауданындағы «Шахан ата» ЖШС-мен қабылдаған меморандумы қаланың 70 сауда орнында бағасы арзан нан сатуға мүмкіндік беріп отыр.
Глубокоелік кәсіпкер Александр Лысаковтың «Шахан ата» ЖШС қалаға арзан нан өнімдерін жеткізуге өздері ұсыныс жасапты. Қазіргі күні серіктестік наубайханасының қаладағы үш фирмалық дүкенінде салмағы 500 грамдық нан 60 теңгеден сатылып жатыр. «Жәрдем», «ДосНар», «Заречный» базарлары жанындағы бұл фирмалық дүкендерде күніне 700-800 бөлке нан саудаға шығарылуда.
– Сондай-ақ, Өскемендегі 70 шақты дүкенге аталған серіктестік наубайханасының нан өнімдері 65 теңгеден жеткізіліп, өзгелерден біршама арзан бағамен саудалануда, – дейді Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қымбат Ақажанова. – Қалада нан бағасы көтерілмейді. Бүгінде Өскеменде 15 наубайхана жұмыс істеп тұр. Жақын маңдағы өңірлерден келетін нан өнімдері де көп. «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларымен несие алып, наубайхана ашу жобасын жасап жатқандар да бар.
Жанаргүл Мұқатай