Өскемендік семсершілер бүкіл жүлдені иеленді

Өскеменде семсерлесуден облыс біріншілігі өтті. Жарысқа 2001-2005 жылдар аралығында туған әскери оқу орнында білім алып жүрген ұлдар мен қыздар қатысты.
Бір айта кетерлігі, бұрымдылар арасындағы жеке сайыстардың барлық жүлделі орындарын облыс орталығының спортшылары қи сыпырып әкетті. Әсіресе, чемпионаттың ең жас қатысушысы атанған 2005 жылғы Вероника Бестужеваның шеберлігі көпшілік көңілінен шығып, жанкүйерлердің қызу қошеметіне бөленді. Өзінен жасы үлкендермен тең дәрежеде өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынды иеленген өскемендік кішкентай қыздың болашақта әлі талай олжа саларына ел сенді.
Сонымен қатар кадеттер арасындағы бәсекелерде де Өскеменнің өрендері биіктен көрінді. Олар: бірінші орынды жеңіп алған Артем Митрофанов, екінші орынға табан тіреген Александр Цишевский және үшінші жүлдені теңдей бөліскен өскемендік Михаил Кузьмин мен семейлік Шалқар Аманбеков.
Бұл жарыс ел чемпионаты қарсаңында өткізіліп отырғандықтан жеңімпаздар мен жүлдегерлер 11-13 қарашада Шымкентте жалауы желбірейтін республикалық додаға қатысып, Шығыстың намысын қорғайтын болады.
«Дидар» ақпарат