Өскемендік өрендер отыздан астам медаль иеленді
Өскемендегі Жекпе-жек сарайында балалар мен жасөспірімдер арасында таэквондодан облыстық ашық біріншілік өтті.
Оған Зырян, Көкпекті аудандарынан, Семей, Атырау, Павлодар және Өскемен қалаларынан командалар қатысты. Жарыстың мақсаты – басқа қалаларымыздағы спортшылармен тәжірибе алмасу. Сонымен қатар балалардың тек спортзалда ғана емес, осындай жарыстарда өздерін көрсетіп, дәрежелерін көтеру болып табылады.
Осы орайда турнирдің ұйымдастырушысы Мерхат Болатұлы:
– Жыл сайын таэквондоның техникасы мен ережелері өзгеріп отырады. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – балалардың техникалық және практикалық тәжірибесін шыңдау. Былтыр біз өте жақсы нәтиже көрсеттік. Себебі, кадеттер арасынан Қаби Мақсат Тайпейде болған Азия чемпионатынан үшінші орын алды. Ендігі жоспарымыз – ресми чемпионаттарда әр салмақ бойынша орын алу, – деді.
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Өскемен қаласының «Достар» командасы I орынды, «Бейбарыс» клубы III орынды иеленді. Ал жүлделі екінші орын Семей қаласының спортшыларына бұйырды.
Қазылар тарапынан өнері жоғары бағаланған жеңімпаздар арасында Дарын Зайнеш, Елнұр Мұратхан, Әнуар Мұхаметкәрімов, Мадияр Саябеков, Әмина Азаматова, Дария Бекбергенова сынды спортшыларды ерекше атап айтуға болады.
Айта кетуіміз керек, осы турнирде өскемендік таэквондошылар барлығы 11 алтын, 14 күміс, 9 қола медальға ие болса, семейлік өрендер әртүрлі дәрежедегі 22 медальды олжалады.
Гүлден Шәкәрімова