Қоғам

Өскемендік найза лақтырушылар рекорд жаңартты

Өскемендік найза лақтырушылар рекорд жаңартты

Алматыда жеңіл атлетикадан Орталық Азия елдерінің жасөспірімдер командалары арасында өткізілген халықаралық жарыста өскемендік өрендер Қазақстан рекордын жаңартты.
Байрақты бәсекеге отандық спортшылармен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанның жеңіл атлеттері де қатысты. Еліміздің құрама командасы сапында біздің облыстан жеті саңлақ бақ сынап, олардың барлығының қанжығалары майланып қайтты.
Найза лақтырудан сынға түскен Артур Гафнер мен Варвара Назарова алтын медаль иегерлері атанып қана қоймай, еліміздің рекордын жаңартты. Найзаны 72,77 метрге бір-ақ шырқатқан Артур жеке дара көш бастап, бәсекелестерін маңына да жақындатпады. Нәтижесінде ол Қазақстанның спорт шебері нормативін орындап, маусым айының 4-6 аралығында Въетнамда өтетін жасөспірімдердің Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.
Варвараның жетістігі одан да жоғары. 18 жастағы жерлесіміз найза лақтырудан ересектер арасындағы еліміздің рекордын жаңартты. Оның көрсеткіші – 50,23 метр. Бұл осыдан 13 жыл бұрын Әлем чемпионатында қазақстандық Светлана Казанина лақтырған қашықтықтан 6 см-ға артық. Сондай-ақ, Алматыдағы халықаралық турнирде Владислав Сутягин мен Евгений Архипов 4х400 метрлік эстафетаға жүгіріп, алтын медаль иеленді. Оған қоса бұл екеуі жекелей жүгіруден өнер көрсетіп, алғашқысы 400 метрде қола жүлдені қоржынға салса, кейінгісі 800 метрде күміс медальға қол жеткізді.
Семейлік Надежда Дубовицкая биіктікке секіруден чемпион атанса, балға лақтырудан өскемендік Константин Скрынник пен Алексей Владимиров сәйкесінше күміс және қола медальдарды жеңіп алды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button