Өскемендік көліктер Қытай нарығына жол тартты
«Азия Авто» зауыты өз өнімдерін Қытай нарығына теміржол арқылы жөнелтті. Қаңтар айында өскемендік автомобильдердің алғашқы екі легі жүк көлігімен жеткізілген болатын.
Бұған дейін облыс басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей араласуымен «Азия Авто» компаниясының автокөліктерін көрші мемлекеттерге саудалау жөнінде бірнеше келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылғанын газетімізде хабарлағанбыз. Сол меморандумдарды іске асыру биыл да жалғасын тапты. Бүйірінде «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар вагондар 120 дана LADA 4х4 маркалы көлікті Қытай шекарасына дейін жеткізетін болады. Сол жерде барлық ресімдерден өтіп, әрі қарай қытайлық дилерлердің қолына өтеді.
-Алғашқы лекпен Қытайға ел арасында «бес есікті «Нива» аталып кеткен LADA 4х4 маркалы жол талғамайтын көліктердің 100 данасы шығарылған. Бұл пилоттық жөнелтілім болатын. Енді міне, тағы 120 көлікті теміржол арқылы жіберіп отырмыз. Бүгінгі күннен бастап вагондармен көлік жөнелту тұрақты жүретін болады. Жылдың екінші тоқсанында 800-ден астам өскемендік автомобиль қытайлық иелерін табуы тиіс, – дейді «Азия Авто» компаниясының өндіріс жөніндегі вице-президенті Андрей Толстиков.
Екі арадағы көлік саудасы жыл аяғына дейін тұрақты жүрмек. Солайша, кәсіпорын Қытай нарығына бір жылдың ішінде 3500 автомобиль кіргізуді жоспарлап отыр.
-Қытай нарығы – ең бір жабық нарықтардың бірі. Барлық алым-салықтар мен ресімдеуге кететін шығын көлік құнының үштен екісіне тең. Оған әкімшілік кедергілер қосылады. Біз осы жолдың бәрінен өтіп, көліктерімізге сертификат алдық. Әзірге қытайлықтардың LADA маркасына деген сұранысы жоғары болып тұр. Сыртқы нарықты игерудің маңыздылығын ел Президенті өз Жолдауында ерекше атады. 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты дамыту міндеті қойылды. Біздің бүгінгі жұмысымыз осы міндетті орындауға үлкен үлес қосады деп ойлаймын, – дейді Андрей Толстиков.
Бір айта кетерлігі, «Азия Авто» акционерлік қоғамы экспорттық көліктерді өз күшімен тасымалдауда. Бүгінде компанияның логистикалық паркінде 320 теміржол вагоны, 37 жүк көлігі бар.
Компания өз көліктерін Қытайға сатумен ғана шектелмейді. Қазақстандағы ең ірі автомобиль өндіруші болғандықтан, алдағы уақытта экспорт аясын кеңейте түсуге күш салмақ. 2016 жылы Түркіменстан мен Қырғыз Республикасына өскемендік көліктер партиясы жеткізілген. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктеріне де 50 дана LADA 4X4 Urban және бес есікті LADA 4X4 көліктері саудаланған болатын.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ