Өскемендік инженер жылу роботын ойлап тапты
Өскемендік Сергей Котов Астана қаласында өтетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне шақырту алды. Оның «Гидрокавитациялық модульді жылу-энергиялық робот» жобасы Қазақстан атынан ұсынылатын инновациялық жобалар қатарына еніпті.
Аты айтып тұрғандай, бұл жоба жылу энергетикасы саласындағы экологиялық мәселелерді түбегейлі шешуге бағытталған.
Біріншіден, онда көмір, мазут, дизель, атом сынды отын көздері қолданылмайды. Жылу тек су мен электр қуатынан алынады. Оны тасымалдайтын да су. Сондықтан сарқылып бара жатқан табиғи ресурстардың қолданысын шектейді. Сондай-ақ, атом энергетикасына қарағанда қауіпсіздік тәуекелі жоқтың қасы. Екіншіден, жанармай ретінде ешбір отын пайдаланбағандықтан, ауаға зиянды түтін мен қалдықтар бөлінбейді. Осы екі артықшылығы оны аса үнемді технология ретінде танытпақ.
Сергей Котов пен Валерий Рак ойлап тапқан жылу роботы үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлік қажетті мөлшерде су толтырылған ыдыстың қызметін атқарса, екінші бөлігі салқын судан кавитация әдісімен жылу энергиясын өндіреді. Бұл құбылыс физикада механикалық энергия әсерінен судың құрамындағы ауа көпіршіктерінің қысым туғызып, ыстық буға айналуы ретінде сипатталады. Пайда болған ыстық бу генераторға жинақталып, сол жерден желі арқылы сыртқа жылу таратады.
-Кавитациялық құбылыстың бұл эффектісі бұрыннан мәлім болғанымен, оны жылу энергетикасына пайдалану тәжірибесі сирек кездеседі. Бұған дейінгі бірен-саран тәжірибелерде кавитациялық өріске болат материал пайдаланылыпты. Болат қанша берік болғанымен, тұрақсыз қысым мен су буынан тез тотығып, тозып қалады. Біз сол үшін полимер материалын қолдандық, – дейді С.Котов.
Жылу роботының қазіргі нұсқасы 220в. кернеуге арналған, қуаты 2 квт., кернеудің жиілігі 50 гц. болатын электрлі қозғалтқышқа жалғанған. Суды сапырып тұратын генератор білігі минутына 4500 ретке дейін айнала алады. Біліктің айналу жылдамдығы да, қажет температура да реттеледі. С.Котов жылуды түнгі тариф бойынша арзанға өндіріп, он жылу жинақтағыш аккумулятор арқылы біртіндеп беріп отыруға болатынын айтады.
Аккумулятордағы будың температурасы белгілі қалыптан түссе, генератор өздігінен іске қосылып тұрады. Осындай қасиеттерінің арқасында бұл тәсіл дәстүрлі жылыту жүйелерінен 3-4 есе арзанға түседі. Ал экологияға зияны мүлде жоқ.
Құрылғының қозғалтқышы ретінде зергерлік өндірісте қолданылатын шағын импорттық мотор орнатылған. Ал генераторды әкесі Валерий Ракпен бірге өздері ойлап шығарған. Оның сызбасы да жеке өнертабыс ретінде патенттеліпті.
-Біздің құрылғы электр тогы жететін жердің барлығына орнатыла береді. Тұрғын аудандармен қоса өндірістік ғимараттарды да жылытуға болады. Жылу қажеттігіне қарай қозғалтқыштың қуаты мен генераторлар санын көбейте беруге болады. Жылу жүйесінен бөлек, ыстық су кәрізін де осы технологияға қосуға мүмкіндік бар, – дейді Сергей.
Жобаның экономикалық сарапшысы Валерия Левитанус жылу роботын нақты өмірде пайдалану арқылы баламалы энергия үлесін арттыру әбден мүмкін екенін айтады.
-Қазақстан бойынша тек білім беру саласында ғана 3100 нысанды автономды жылыту технологиясына қосуға болады. Ал біздің жылу роботы бұл технологияға таптырмайтын құрылғы болар еді, – дейді экономист.