Оқиғалар

Өскемендік екі жігітті өлтіргендер ұсталды

 Өскемендік екі жігітті өлтіргендер ұсталды

Өскемендік екі жігітті өлтіргендер ұсталды

Наурыз айының 30-нан 31-не қараған түнде облыс орталығында жан түршігерлік оқиға орын алды. Астана қаласынан осы қылмысты жасауға әдейі даярланып, қаруланып келген бұрынғы өскемендік азамат қала сыртында екі адамға қасақана ажал құштырды. Ең өкініштісі сол, бұл іске құқыққорғау органдарының қызметкерлері де қатысып, алдын алудың орнына болған жайтты барынша жасырып бағуға тырысқаны анықталып отыр. Қазіргі уақытта бұл іске қатысты күдіктілердің бәрі де қамауға алынған.

Осы оқиғаға орай облыс прокуратурасы 4 сәуір күні кешкісін шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді.
Онда айтылған мәліметтерді алға тартар болсақ, 2017 жылдың 31 наурызында облыстық ІІД тергеу басқармасы Өскемен қаласының екі тұрғынын өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Алдын ала мәлімет бойынша өлген жігіттердің біреуі Астана қаласының тұрғынымен бұдан бұрын жанжалдасқан (Жоғарғы Соттың қауіпсіздік қызметінің және қаржы полициясының бұрынғы қызметкері).

– Наурыздың 30-нан 31-не қараған түні Астанадан келген С. кегін алу үшін өзін ренжіткен жігіт пен оның туысқанын автокөлігіне отырғызып, қала сыртындағы Шешек асуындағы тауға апарған. Ер адамдардың арасында сол жерде жанжал туындаған. Нәтижесінде астаналық тұрғын екеуін де мылтықпен атып өлтірген. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін С. қамауға алынды, – деді облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов.

Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыс жасалған жерде облыстық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкері де болғаны белгілі болды.
– Қазіргі кезде облыстық ІІД бастығының бұйрығымен полиция қызметкерінің беделін түсіргені үшін ол құқыққорғау органындағы қызметінен босатылды. Жасалған қылмысты Өскемен қаласының тағы екі тұрғыны білген. Аталған тұлғалар қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін күдіктілер ретінде ұсталды. Олардың адам өлтіру қылмысына қатысы бар-жоқтығы тексерілуде, – деді баспасөз мәслихатында Нұрлан Бижанов.

Қоғамдық резонанс тудырған іске қатысты объективті тергеу жүргізу мақсатында облыс прокуратурасы облыстық ІІД-мен бірлесіп, облыстық прокуратураның арнайы прокуроры басшылық ететін ведомствоаралық тергеу-жедел тобын құрды. Сондай-ақ, іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалды (Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры).

Тағы бір мәлім болғаны, екі адамды өлтірген соң астаналық жігіт мүрделерін өз көлігінің жүксалғышына салып алып, Астана қаласына барар жолда тастап кеткен.
Нұрлан Бижановтың айтуынша, қазіргі уақытта олардың денелері табылған жоқ, алайда, ұсталған екеудің берген түсініктемесінен болжамды орны анықталып отыр. Онда тергеу тобы жұмыс істеуде.

Прокуратурада белгілі болғандай, екі адамның өліміне күдікті азамат та бұрын Өскемен қаласында тұрған. Алдын ала болжам бойынша қылмыстың орын алуына қаржы полициясы органынан шығып қалуға негіз болған бұрынғы жанжал себеп болуы мүмкін.
Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысын облыс прокуроры мен ІІД бастығы ерекше бақылауға алған.

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button