Өскемендік қария «Қазақстан» тауына жүгіріп шықты

Өскемен көшерлері тағы да думанға бөленіп жатыр. Бұл күні ел тарихындағы ерекше сәт – мемлекеттік рәміздер күнін тойлады қала тұрғындары.
Айтулы күнде қала мектептерінен жиналған жас желаяқтар мемлекеттік рәміздер қойылған тауға жарыса шығуға сайланды. Халық арасында «Қазақстан» тауы деп аталып кеткен жотаның етегінде жасөспірімдермен бірге егде тұрғындар да сап түзеген еді. Ұзын саны жетпіс желаяқ. Оның ең кішісі – он жаста болса, үлкені – Виктор Қабдулин жетпістің жетісіне шыққан қария. Қалада өткен жүгіру марофондарына қалт жібермей қатысатын қария салауатты өмір салтын ғұмыр бойында сақтап келе жатқан көрінеді.
Бұл жүгіру сайысына жоғары санатты ұлттық қазы Александр Кругликов төрешілік етті.
– «Тәні саудың – жаны сау» деген қарапайым әрі хақ қағидатты үнемі айтып жатамыз. Жаны сау дегеніміз, яғни рухы мықты дегенді білдірмей ме. Бүгін осы нақылдың айқын көрінісін тамашалап тұрмыз. Рухты, отансүйгіш әрі салауатты өмірді дос көретін жасөспірімдер көк ту желбіреп тұрған асуды бірінші болып бағындырмаққа асығып тұр. Бұл спортты бағалайтын елдің басты жетістігі, – дейді бас төреші.
Енді бір сәтте барша желаяқ қатар түзеді.
– Балалар, біздің туымыздың түсі қандай, – деді Александр.
Көк, көк, –деп жамырай жауап қатты жасөспірімдер.
– Иә, ол шексіз көк аспанның бейнесі. Еліміздің төбесінде әрдайым сондай бейбіт көк аспан болсын, – деген төреші тілегінен соң сайыс басталды. Жетпіс желаяқ таудағы рәміздерге қарай жарыса басты.
Аяқтың емес, қаламның жүйрігін баптап жүрген біз біршама уақытта тау биігіне көтерлігенде, барша қатысушы әлдеқашан жетіп, аяқ суытып отыр екен. Фототілшімізбен бірге 71 және 72 болып көмбеге кірдік. Оның өзінде кішігірім сыбағаға ие болдық. Жүгіріп жеткен жастардың маңдай тері ақталды ендеше. Барлығы да облыстық дене шынықтыру басқармасының сыйлықтарынан қалыс қалмады. Ал бәрінен бұрын шаң ілестірмей көк туға бірінші жеткен желаяқ – 13-мектептің 10-сыныбын тәмамдаған Рәбіл Тәкенов болды.
– Үйіміз тауға таяу маңда. Бәлкім, үйреніп қалғандықтан болар, маған асуды бағындыру қиынға соқпады. Бірақ көк ту тұрған тұғырға бірінші жетіп, бүкіл Өскеменнің төбесінен қарап тұрғанда, ерекше мақтанышқа бөленеді екенсіз, – деді ол.
Жалпы жарысқа қатысушылардың арасында денсаулығы сыр берген ешкім болмады. Дін аман бәрі. Бұл сөзімізді жарыс барысында дәрігерлік қызмет көрсетуге даяр жүрген Максим Текчеруов бастаған жедел жәрдем өкілдері растайды.
Біздер үшін Отан біреу, ту жалғыз!

«Нұрлы жол» саябағында көк туды көкте желбіретіп Арман Сейітов тұр.
– Мемлекеттік рәміздер күні болғандықтан алып шықтым. Бұл – біздің қасиетті байрағымыз. Мұны көрген әрбір азаматтың көңілі тасып, рухы асқақтайтыны анық, – дейді С.Аманжолов атындағы жоғарғы колледждің патриот студенті.
Мерекеге жиылған жұрт таласа-тармаса алға ұмтылып, Арманмен суретке түсуге асығуда.
– Бұл күні Өскемендегі әрбір білім ошағында, әскери бөлімшеде және кәсіпорында Әнұран шырқалды. Жұмыс күні де, мереке шымылдығы да солай түрілді, – деген қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина мемлекеттік рәміздерге жеке-жеке тоқталып, олардың қадір-қасиетін жас ұрпаққа түсіндіріп өтті. Сондай-ақ ол мынау бейбіт заманда да ерлік жасап, халықтың аман-саулығын күзетіп жүрген батырларды марапаттады.
Тасқын Бақытбекұлы, Антон Тишкин, Дәулет Әкімжанұлы, Руслан Базарбекұлы сынды №5518 әскери бөлімінің жауынгерлері белгісіз жанның шабуылына тап болған бойжеткенді арашалап қалыпты. «Азия Авто» акционерлік қоғамының электр монтаждаушысы Павел Качесов пен «Қазцинк» ЖШС-нің краншысы Александр Попов сынды батырлар тілсіз жауды жеңген екен. Олардың бірі көршісін, екіншісі бес жасар баланы өрт ішінен аман алып шығыпты. Ал қалалық №2 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкері Виталий Бақтыбаевтың жасаған ерлігі тыңдаған жанның жүрегін елжіретпей қоймайды. Виталий суға кеткен нәрестенің соңынан өзенге түскен анасын құтқарған. Сәбиді Ернар есімді жігіт құтқарған болатын.
Іс-шара барысында балаларға да арналып түрлі ойын ұйымдастырылды. Спорттық жарыс, сурет байқауы дейсіз бе… Сан қилы. Топ-топқа бөлінген бүлдіршіндер тәуір-ақ сынасты.
«Керек қылса Отан үшін құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Біздер үшін Отан біреу, ту жалғыз!», – деп №20 мектептің өнерлі оқушысы Дильназ бізге тақылдап өлең айтып берді.
Оразай Жеңісұлы,
Жасын Қалибек