Өскемендегі жаңа көпірдің екінші бөлігі іске қосылды
Өскеменде Ертістің үстінен салынып жатқан көпірдің екінші бөлігі іске қосылды кеше. Жаңа құрылыс нысанының қолданысқа берілер сәтін тағатсыздана күткен көпшілік үшін бұл жағымды жаңалық болды.
Естеріңізге салсақ, Ертістің оң және сол жағалауын жалғаған көпір құрылысы басталған кезде белгілі бір мерзімге көліктердің арылы-берілі қатынасы тоқтатылуы тиіс еді. Алайда, бұл жағдай қала тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық туғызатынын ескерген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мердігер компанияға қозғалысты тоқтатпауға пәрмен берді. Соның арқасында құрылыс жұмыстарымен бірге екі бағытта да мәшинелер ағылып жүріп жатты.
– Көпірге жаңа металл конструкцияларды орнатып бекіту, қозғалыс аумағын ұлғайту жұмыстары 2014 жылдың маусымында басталған. Жұмыс 2016 жылы аяқталады деп жоспарланған болатын. Алайда, кейбір қаржылық мәселелерге байланысты нысанды іске қосу мерзімі сәл шегерілді. Дегенмен, өткелдің бірінші бөлігі былтыр іске қосылса, екінші бөлігі биылғы қарашаның 4-і күні ашылды. Ендігі жұмыс ортада тұрған ескі көпірді бұзып, ол жерге жаңадан тіреулер қойылады. Содан кейін 2017 жылдың көктемінде көпірдің екі бөлігі біріктіріліп, құрылыс толық аяқталады, – дейді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықов.
Бөлім басшысының айтуынша, кешеден бастап ондағы қозғалыс өзгерген. Айталық, оң жағалауға бағыт алған көліктер көпірдің оң жағымен, яғни, соңынан іске қосылған бөлігімен жүрсе, сол жағалауға барғысы келетіндер бұрынғыдай қатынай береді.
Серік Құмарғалиұлы