Өскемендегі қырық екі көшенің жолы жөнделеді
Алдағы уақытта Өскемендегі жөндеуді қажет ететін жолдар қалпына келтіріліп, жасыл желектер отырғызылып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға арналған ойын алаңқайлары салынады. Шаһарды аралаған қала әкімі Ерлан Аймұқашев тиісті мамандарға осындай міндеттерді жүктеді.
Шаһар басшысының айтуынша, жолды орташа жөндеу жұмыстарына биыл қала бюджетінен 500 млн. теңге бөлініп, оның 50 млн. теңгесі шұңқыр жолдарды қалпына келтіруге жұмсалмақ.
– Ағымдағы жылы қаладағы 42 көшенің жолы жөнделеді. Оның ұзындығы 95 шақырымды құрайды. Қазір Абай даңғылы мен Оржоникиздзе көшелері жөнделіп жатыр. Енді Защитадағы көпірді, Пограничная көшесін, Тәуелсіздік даңғылы мен Бажоваға дейінгі аралықты, Аблакетка аумағынан Промбазаға дейінгі жолды, сондай-ақ, Образцова мен Ворошилов көшелерін жөндейміз, – дейді Ерлан Аймұқашев.
Қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықов тұрғындарды жол жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырды.
– Күндіз бұл көшеде жол кептелісі жиі болады. Соған байланысты көлік жүргізушілері ренжіп жатыр. Ал түнде жөндеу жұмыстарын жүргізейік десек, осы маңайда тұратын тұрғындар шағымдануы мүмкін, – деген келе Асқар Жақсылықов шұңқыр жолдарды жөндеу жұмыстары біраз уақытты алатынын жеткізді.
Абай даңғылындағы жол жөндеу жұмыстары 10 маусымда аяқталмақ. Бұл аумаққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның өкілдері асфальттің сапасына үш жылға дейін кепілдік беріп отыр.
Шаһар басшысы А.Күленов кентіндегі 16 шағын ауданда салынып жатқан балалар мен ересектерге арналған демалыс орнының құрылысыменде танысты.
– Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өз сөзінде тек қала аумағын ғана көркейтуге баса мән бермей, қала сыртында орналасқан аймақтарға да көңіл бөлуді тапсырған болатын. Қыркүйекке дейін құрылысы аяқталатын алаңқай тұрғындардың сүйікті мекеніне айналатынына сенеміз, – дейді Ерлан Аймұқашев.
Аталмыш аудандағы Ә.Молдағұлова мен Энтуазистер көшесіне күзге дейін көріктендіру жұмыстары жүргізілетін болады. Мұнда балаларға арналған ойын алаңы мен тренажерлік алаңқай салынады. Сонымен қатар, екі мың гектар аумаққа көшеттер отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейік, 16 шағын аудан таулы аймақта орналасқандықтан бұл жердің ауа райы құбылмалы. Осы жағдайды ескерген қала әкімшілігі тұрғындарға жаз бен қыс мезгілінде қолайлы болу үшін жабық павилионды аялдамалар салуды жоспарлап отыр.
– Энтузиастар көшесінде жаяу жүргінші жолақтары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар мен баспалдақтар салынады. Содан кейін көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек, – дейді жоба жетекшісі Сергей Чернышев.
Қала әкімшілігі Ә.Молдағұлова мен Энтузиаст көшелерінде жүргізілетін құрылыс жұмыстарын бірінші қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп отыр.
Славский жағалауындағы Стрелка шағын ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға арналған «Street workout» (Көшедегі жаттығу) ойын алаңы ашылды.
– Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бірінші маусымға дейін осындай ойын алаңдарын ашуды тапсырған еді. Енді бұл жер жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген құлшынысын арттыратын спорттық орындардың біріне айналады, – дейді шаһар басшысы.
«Street workout» ойын алаңын өскемендік жеке кәсіпкер Аркадий Тарлыков өз қаражатына салдырып, қала тұрғындарына тарту етті. Құрылыс нысанын мерзімінен бұрын тапсырған Аркадий Тарлыковтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына тек қана отандық өнімдер пайдаланылған.
– Көптен бері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шағын демалыс орнын салып, олардың да қоғамның ажырамас бір бөлшегі екенін түсіндіргім келген. Соның реті осы жылы келді, – дейді Аркадий Тарлыков.
Ажар Сағатбекова