Қоғам

Өскемендегі теннис додасының деңгейі өсті

Өскеменде теннистен кезекті халықаралық дода жалауын желбіретті. Азиялық ATF Junior теннис сериясының бағдарламасына енетін аталмыш бәсекеге бірнеше елдің 14 жасқа дейінгі ұл-қыздары қатысуда.

Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған жарыс ойындары қаладағы «Smash» теннис орталығында өтуде.

– Өскемендегі сайысқа қатысуға ниет білдірген теннисшілер қатары жылдан-жылға артып келе жатыр. Бұл – қуанарлық жайт. Мұндай додалар облысымыздың, тіпті еліміздің жас спортшылары үшін де маңызды екені түсінікті. Өйткені дәл осындай турнирлер балғын теннисшілерге тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдай түсуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл жарысты теннис мерекесі деп атасақ та артық емес. Оны қатысушылардың жүздеріне қарап-ақ аңғаруға болады. Рас, теннис корттарындағы үлкен жеңістер бүгінгідей турнирлерден басталады. Жарыс ойындары тартысты әрі қызықты өтеді деп үміттенемін, – деген турнирдің әкімшісі Андрей Данилов жарысқа кіру тегін екенін, яғни өскемендіктер мен қала қонақтары бір аптаға созылатын бәсекенің ойындарын еш кедергісіз тамашалай алатынын атап өтті.

Белгілі болғандай, биылғы жарысқа 100-ге жуық жас теннисші қатысуда. Олардың арасында жерлестеріміз де аз емес. Мамандар әсіресе Иван Кизилов, Тимур Ысқақов, Никита Денисов, Роман Демченко, Алат Аскеров, Ерасыл Сұлтанбеков, Мәлика Әмірғалиева сияқты ракеткаларға ерекше сенім артып отыр.

Сөзсіз, облысымызда, оның ішінде Өскемен қаласында аталған спорт түрінің қарқынды дамуына теннис орталығының жанынан салынған бірнеше су жаңа корт та септігін тигізген-ді. Еске салайық, осыдан біраз бұрын ашық аспан астында орналасқан заманауи корттарда ITF бағдарламасына енетін World tennis tour M25 Ust-Kamenogorsk халықаралық жарысы өтіп, онда Қазақстанның, сонымен қатар АҚШ, Беларусь, Израиль, Литва, Өзбекстан, Польша, Ресей, Сербия, Швеция сияқты он шақты елдің кәсіпқой теннисшілері бақ сынаған болатын.

Ал бұл жолғы додаға қазақстандық спортшылардан бөлек, Қырғызстан мен Түркіменстан өкілдері қатысуға ниет білдіріпті. Сол сияқты еліміздің өзге қалаларынан келген теннисшілер де аз емес. Фавориттер қатарында әдеттегідей Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының спортшылары екен. Сайыста еліміздің намысын қорғайтын теннисшінің бірі – Аида Пасонова турнирдің ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары екенін және жарыста топ жарғысы келетінін айтты. Ол аталған спорт түріне жеті жасында келіпті.

– Шығыс Қазақстан облысына бірінші рет келіп тұрмын. Өскемен қаласы да, жарыстың ұйымдастырылу деңгейі де қатты ұнады. Биылғы дода аса тартысты өтетін сияқты. Дегенмен мен өз күшіме сенімдімін. Қарсыластарым осал болмаса да, жеңіске жетуге тырысамын, – деген жас талап болашақта әлемнің үздік ракеткасының бірі болғысы келетінін де жасырмады.

Ауқымды спорттық іс-шараның ұйымдастырылуына Қазақстан теннис федерациясының өкілдері де жоғары баға берді. Аталған ұйымның мүшесі, биылғы жарыстың директоры Дархан Жанмұханбетов бізге берген сұхбатында бұл жолғы бәсекенің алдыңғы жарыстардан артықшылығы жайында да айтып берді.

– ATF теннис сериясының бағдарламасына енген жарыс тұңғыш рет бірінші санатқа ие болып отыр. Яғни жарыстың дәрежесімен қатар, қатысушыларға берілетін ұпайлар саны да өсті. Мәселен, өз санатында топ жарған спортшы бірден 500 ұпай иеленеді. Бұл өте қомақты сый деп ойлаймын. Жалпы, Өскеменде өтетін жарыстардың қай-қайсысының да деңгейі мен мән-мағынасы өте зор. Мысалы, келесі аптада мұнда дәл осындай тағы бір ірі дода – 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы халықаралық турнир басталуы тиіс, – дейді маман.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button