Өскемендегі театр құрылысы жазда аяқталады
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ облыс орталығындағы бірқатар құрылыс алаңдарында болып, ондағы жұмыстардың барысымен танысты, тиісті тапсырмалар берді.
«Босфорус» біріккен қазақ-түрік кәсіпорнының тапсырысымен Өскемендегі Пермитин көшесінің бойында салынып жатқан «Дедеман-Өскемен» қонақ үй кешені аяқталуға таяу. Мұнда қазір 70 шақты жұмысшы еңбек етуде. Ғимараттың жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. 140 нөмірден тұратын төрт жұлдызды қонақ үйдің ішінде үлкен үш конференция залы, екі мейрамхана және түрік моншасы мен фитнес алаңдары болады. Құрылыс алдағы наурыз айына таман аяқталуы тиіс. Облыс Әкімі қала басшысына нысанды іске қосу барысында ешқандай қағазбастылыққа жол берілмеуі тиіс екенін тапсырды.
Ал Сәтпаев даңғылының бойында Неке сарайының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш нысан осы жылдың мамырында салынып бітуі тиіс. Өскеменде әлі күнге дейін өзінің Неке сарайы болмаған-ды. Облыстық мешіттің маңында бой көтеретін бұл ғимарат та қаланың ажарын ашып, маңызды мәдени орынға айналары сөзсіз. Аймақ басшысы мердігер ұйымның өкілдеріне сарай айналасының эстетикалық талғамға сай аббатандырылуын ескертті.
Қазақ драма театрының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша «АДС» компаниясы салып жатқан бұл мәдени орталық осы жылы толық аяқталуы тиіс. Мердігер ұйымға осындай міндет қойып отыр облыс басшылығы. Ең соңғы мерзім – маусым айы. Қазір құрылыс алаңында қажетті материалдар да, еңбек күші де жетерлік. Негізгі жұмыстар аяқталған, тек нысанның іші-сыртын әрлеу ғана қалып отыр. Мәдениет ошағы заман талабына сай болуы шарт, ең бастысы, көрермендер мен әртістерге барлық жағдай жасалуы тиіс. Мұнда Еуропадан озық үлгідегі құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылмақ. Әлбетте, екі үлкен залдан, сондай-ақ, түрлі қосалқы орынжайлардан тұратын мұндай үлкен театр Өскеменнің көркіне көрік қосып қана қоймай, өңірдің мәдениет саласын өрістетуге де зор ықпалын тигізбек.
– Қаныш Сәтпаев даңғылы – қаладағы ең үздік, ең көрікті даңғылдардың бірі болады. Жолдың өзін алдағы уақытта үш жолақты етіп кеңейтеміз, өйткені, автокөліктер ағыны көбейіп барады, содан кейін екі жағына аллея жасалады, даңғыл үстіне жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер салынады. Сондай-ақ, жоспарда Ертіс үстінен өтетін үлкен көпірді жөндеу жұмыстары да бар. Осы даңғыл бойындағы нысандар бұл аумақты шаһардың мәдени-демалыс, көңіл көтеру орталығына айналдыруы тиіс, – деді қаланы абаттандыру жоспарына қатысты облыс Әкімі.
Осы даңғылдың бойында салынып жатқан келесі әлеуметтік нысан – Жеңіл атлетика манежі. Оның құрылысы жоба бойынша өткен жылдың соңында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ мердігер ұйым – «Алтайстрой» серіктестігі қосымша қаржы сұрап отыр.
– Келісім бойынша жобаның құны 850 миллион теңге болатын. Одан артық қаржы бөлінбейді. Қаражат тек құрал-жабдықтарды алуға ғана қарастырылған, – деп кесіп айтты аймақ басшысы. Естеріңізге салар болсақ, манеж өңір кәсіпорындарының қаржысына салынуда.
Атап өтерлік жайт, мұндай манеж ешбір облыста жоқ. Ол 650 көрерменге арналған. Мұнда 200 метрлік жүгіру жолы, биікке секіру секторы болады. Осы жерде облыс Әкімі тілшілер қауымына спорттық орталықтың жаңа директоры – Денис Рыпаковты таныстырды. Ол жұбайы, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен бірге осы манежде жас жеткіншектерді жаттықтыратын болады, олар Өскеменге біржолата көшіп келген. Олимпиада чемпионының өзінен тәлім алуға ниет білдіргендердің аз болмасы да анық. Аймақ басшысы манеждің барлық балалар үшін әрдайым ашық болуын және алдағы күзде осы алаңда іргелі халықаралық сайыс өткізуді тапсырды.
Бұдан әрі облыс Әкімі көршілес Жекпе-жек сарайына бас сұғып, осында өтіп жатқан 1998-1999 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы бокстан ел чемпионатына қатысты.
Қан орталығы ғимаратының іргетасы осыдан алты жыл бұрын қаланған-ды. Түрлі себептерге байланысты тұралап қалған бұл құрылыс соңғы кездері қайта жанданып, жұмыстар қарқын алған. Нысанды аралап көрген облыс Әкімі құрылысшыларға орталықты осы жылдың маусым-шілде айларына дейін толық аяқтап шығуды қадап тапсырды.
Ержан Әбіш