Қоғам

Өскемендегі Шәкәрім көшесі кеңейтіледі

Өскемендегі Шәкәрім көшесі кеңейтіледі


Жуырда аты өзгерген бұрынғы Ворошилов көшесінің осы жазда заты да өзгермек. Шәкәрім көшесі кеңейтіліп, көлік қозғалысы екіжақты болады.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес Өскемендегі Шәкәрім (бұрынғы Ворошилов) көшесі кеңейтілетін болады. Бұл көшенің Абай даңғылы мен Белинский көшесі аралығындағы бөлігі бір жақты ғана екені белгілі. Яғни, автокөліктер тек Белинский көшесінен Абай даңғылына қарай жүре алады.

Облыс әкімінің міндеттемесіне сай көше кеңейтіліп, көлік қозғалысы екіжақты болуы тиіс. Қазіргі кезде қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көшені кеңейту жобасын әзірлеп жатыр. Көшенің жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталуға таяу. Онымен өскемендік «Инсон» серіктестігі айналысуда.

Қала әкімдігі кеңейтілу аумағына 24 жекеменшік жер телімі еніп отырғанын мәлімдеп отыр. Келешек құрылысқа қатысты енді сол учаскелер мемлекет қарамағына алынуы қажет. Аталмыш телімдерде тұрған 13 жер үй күрелуі керек.

– Біз жол салынатын жерлерде тұрған барлық үйдің иелерімен сөйлестік. Құрылыс аумағына біреудің қашасы, енді біреудің ауласы, тағы біреудің тұтас үйі еніп отыр. Нақты күрелуі тиіс үйлердің саны – 13. Олардың дені ескі ғимараттар, арасында 1910 жылы салынғандары да бар, – деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Еркін Тұраров.

Бүгінгі таңда бөлім мамандары учаске қожайындарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап өтерлігі, бұл ретте ешкімнің де құқығы бұзылмайды. Меншік нысандар заң талаптарына сай бағаланып, иелеріне тиісті өтемақы төленбек.

Жұмыстар алдағы мамыр айында басталады деп күтілуде. Мамандар көшенің (Абай даңғылы мен Добролюбов көшесі аралығы) екіжақты, төрт жолақты болатынын, қос бүйірінде жаяуларға арналған жол салынатынын, осы арамен өтетін трамвай рельстері мен сымдары ауысатынын, қосымша аялдамалар, бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер өткелі салынып, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүретінін айтты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button