Саясат

Өскемендегі оқу орталығының ашылуына қатысты

Өскемендегі оқу орталығының ашылуына қатысты


Өскеменде Мәжіліс депутаттары Василий Олейник пен Геннадий Шиповских «Силумин-Шығыс» инжинирингтік компаниясының ұжымымен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан он басым міндетін жан-жақты түсіндірді.

Сондай-ақ Парламент депутаттары «Nur Otan» партиясының қолдауымен құрылған ІТ-технологиялар және өнеркәсіптік құрал-жабдықтарға сервистік қызмет көрсету жөніндегі оқу орталығының ашылуына қатысты.

Орталықтың негізгі мақсаты – серіктес өндірістік кәсіпорындардың қызметкерлері мен іс-тәжірибеден өтуші студенттерді оқыту және олардың біліктіліктерін арттыру. Мұнда өндірісте заманауи құрал-жабдықтарды, автоматтандыру құрылғыларын және ІТ-технологияларды қалай қолдану қажеттігі үйретілмек.

– Шығыс Қазақстан – өндірісі қарыштаған өңір. Әлбетте, өнеркәсіп орындарына заман талабына сай қызметкерлер қажет. Бүгін ашылып отырған оқу орталығы сондай мамандарды даярлауға, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға өз септігін тигізеді деп сенемін. Қазір цифрлық технологиялардың дамыған уақыты, сондықтан «Nur Otan» партиясы еліміз бойынша мектептерде бір мың ІТ-сынып ашу бастамасын қолға алған. Ол бойынша да Шығыс көш бастап келеді, – деді депутат Василий Олейник орталықтың ашылу салтанатында.

Инновациялық алаңша базасында сервистік қызмет көрсетуші мамандар кәсіби тұрғыда қайта даярлықтан өтеді және шеберліктерін шыңдайды.

«Силумин-Шығыс» ЖШС-нің даму жөніндегі директоры Зоя Новолодскаяның айтуынша, бүгінгі таңда ақпараттық-цифрлық технологияларды жетік меңгерген кадрлардың жетімсіздігі байқалады. Ал аталмыш технологиялардың қолданыс аясы жыл санап кеңейіп барады. Осы жайттар бағдарламалық қамтуды әзірлеушіден бастап ақпараттық жүйелерді құру жөніндегі жобалардың жетекшілеріне дейінгі түрлі мамандарды даярлауды керек етуде. Жаңадан ашылып отырған оқу орталығы осы бағытта жұмыс істейтін болады.

Депутат Геннадий Шиповских Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі кезінде он негізгі бағытты белгілеп бергені туралы және оларды тез арада жүзеге асыруға кірісу қажеттігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы ұсынған он негізгі бағытта халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлықты жою, құқық саласын реформалау, әділетті әлеуметтік саясат жүргізу, баспана мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, жастарды қолдау туралы айтты. Еліміздің экономикалық дамуына арнаған осы нақты міндеттерді алға қойып, орындалуына біркісідей атсалысуымыз керек, – деді депутат.

«Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттар Президент атаған он негізгі бағытты халыққа насихаттау жұмыстарын қолға алғанын айтып, әрбір бағыт бойынша нақты тапсырмаларды белгілейтіндерін жеткізді.

Олар осы бағыттағы жұмыстарды бірлесіп атқаруға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосуда белсенділік танытуға шақырды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button