Өскемендегі Орталық мешітке Халифа Алтайдың есімі берілді

2012 жылдың тамызында Өскеменде мұсылман қауымға есігін айқара ашқан жаңа мешіт осыдан былай белгілі дінтанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, марқұм Халифа Алтайдың есімімен аталатын болды.
Облыс орталығындағы ең үлкен ғибадат үйіне Халифа Алтай есімін беру туралы ұсыныс «Мешітімізге Халифа Алтай есімі берілсе…» деген тақырыппен «Дидар» газетінің биылғы 24 сәуірдегі санында көтерілген болатын.

– «Алмас кездік қап түбінде жатпас» деген. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялай салысымен, ата жұртын аңсап, алды-артына қарамай асыға жеткен қазақтың аяулы перзенті Халифа Алтайдың есімі – ел ішінде ерекше құрметті. Қазір кез келген қазақ отбасының төрінен құрметті орын алатын қасиетті Құран – кәрімді араб тілінен аударған Халифа ақсақал екендігін екінің бірі біледі. Бұл мәселе ҚМДБ-да бірауыздан қолдау тауып, оң шешімін тапты. Қазір құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Бұйыртса, айт мерекесінде ресми атауын алып қалады, – дейді облыстың бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы.
Серік Құсанбаев