Тікелей байланыс

Өскемендегі орталық кітапханаға Оралханның есімі беріледі

Өскемендегі орталық кітапханаға Оралханның есімі беріледі«Дидар» газетінің редакциясында өткізілген тікелей байланысқа облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдын Қиқымов келіп, оқырмандарымыздың сауалдарына жауап берді.

Еркежан ҚОЙШЫБЕКОВА, Тарбағатай ауданы:
– Аудан орталығында жастар орталығы жоқ. Сол себепті спорттық, хореографиялық үйірмелерге де зәруміз. Осы мәселені шешудің жолдары бар ма?

– Бұл мәселе жуық арада шешімін табады деп айта алмаймын. Ағымдағы жылы жоспар бойынша жеті үлкен нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Атап айтар болсақ, Ұлан ауданының Сағыр, Тарғын ауылдарында жаңа клубтар салынып жатыр. Катонқарағай ауданында Шабыт үйі, Абай ауданының Саржал ауылында мәдениет үйі бой көтеріп келеді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы Мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өткізілуде. Сондықтан сіздің талап-тілегіңіз биыл іске аса қоймайды. Ал
тиісті құжаттарын ұсынатын болса, келесі жылдары қарастыруға болады.

Г.ҚАЛИБЕКОВА, Күршім ауданы, мәдениет қызметкері:
– Біздің өңірде мәдениет саласында «халықтық» атағы бар 12 ұжым жұмыс істейді. Олардың алтауы – Күршімде, алтауы – Марқа өңірінде. Бірақ осылардың барлығының тиісті штаты, арнаулы жетекшісі жоқ. Бәрін басқа мекемелерде жұмыс істейтін мамандар 0,25 мөлшерлемемен қоса атқарып жүр. Қандай көмек көрсете аласыздар?

– Аудандарда штат жағы әлі де жетіспейді. Сондықтан 0,5, 0,25 мөлшерлемелерге жұмыс істеуге мәжбүр. Бірақ, осы себептен клубтар жұмыс істемей қалған жоқ. Бұл мәселені жуықта ғана әкімдермен болған отырыста мәселе етіп көтердік. Көп уақыт өтпей шешімін табады деген үміттеміз.

Ермек ҚЫСТАУБАЕВ, Үржар ауданы:
– Біздің облыста қалалармен, көрші мемлекеттермен мәдени байланыс жақсы дамыған. Осы үрдісті неге аудандар арасында қалыптастырмасқа?

– Бұл сауал иесі «Туған жер – алтын бесігім» акциясынан хабарсыз секілді. Біздің өңірде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен соңғы бес жылда аталмыш акция аясында үлкен шаралар өтіп келеді. Яғни, әр аудан қалаларға және басқа аудандарға барып, ауыл шаруашылық жәрмеңкесін, сондай-ақ мәдени іс-шарасын өткізеді. Біз оның форматын жыл сайын өзгертіп отырамыз. Бастапқы жылдары аудандар облыс орталығына келсе, кейінгі жылдары аудандар арасында осы ынтымақтастық жалғасын тапты. Ал жуықта өткен көршілес облыстардың форумында біз сол облыстардың іргелес жатқан аудандарына осы жәрмеңкені өткізу жөнінде меморандумға қол қойдық. Айталық, осы келісім аясында Үржар ауданы көршілес Алакөл ауданына барып, өз өнерлерін көрсетуге, мәдени байланыс жасауға мүмкіндік алды. Бұл барыс-келіс келесі жылдан бастап іске асады деп жоспарланып отыр.

Сәли ДӘУКЕНОВ, Күршім аудандық балалар шығармашылық үйі және халықтық бишілер ансамблінің жетекшісі:
– Біздің шығармашылық ұжымның жұмыс істеп келе жатқанына 27 жыл. Мәдениет басқармасы қайда бар десе, сол жерге барып, өнер көрсетеміз. Бірақ, «халықтық» атағы бар ұжымдардың штаттық кестесі неге дұрыс жолға қойылмай келе жатыр?

– Сұрағыңыз өте орынды. Маусым айында осы штаттық кестелерге байланысты тиісті қаулы қабылданды. Сол қаулыда жаңа өзіңіз айтып отырған «халықтық» ұжымдардың штаттық кестесі бекітілді. Осы мәселені өткен аптада аудан әкімдеріне жеткіздім. Мамыр айында біз сіздерге сол атақтарыңызды қорғау туралы хат жіберген едік. Сол хат негізінде дайындықтарыңыз болғаны дұрыс. Біз Астана қаласынан келетін комиссияны күтіп отырмыз. Олар келген соң, тиісті шешім шығаратын болады.

– Екінші сауалым: «Үздік мәдениет қызметкері» деген төсбелгіні қандай категорияға бересіздер? Мені ауданнан жыл сайын ұсынады. Алайда министрліктегі тізімде атым жоқ болып шығады.

– Бұл төсбелгі мәдениет саласында 10 жылдан астам жемісті жұмыс істеген қызметкерлерге беріледі. Төсбелгі Ақпарат және мәдениет министірлігі тарапынан тапсырылады. Біздің облыста 4474 мәдениет қызметкері бар, ал оның бәріне бұл төсбелгіні беру мүмкін емес. Бірақ, сіздің өтінішіңізді қарастыратын боламыз.

Дархан ҚАСЕНОВ, Зайсан қаласы:
– Бірінші сұрағым, Шілікті, Берел сынды алтын адам табылған жерлер бар. Осы қорымдар жөнінде біраз жыл бұрын сіздер «қорғаймыз, ашық аспан асты мұражайын құрамыз» деп айтып едіңіздер. Алайда, қазір Шілікті өңірінде атқарылып жатқан ешқандай жұмысты көрмей отырмыз.

– Шілікті де, Берел де − біздің өңірдің аса құнды қорымдары. Бұл құндылықтар біздің облыс қана емес, республика, тіпті, Юнеско тарапынан да қорғалуы керек. Шілікті мәселесін қарастырып жатырмыз. Ал, Берелге келетін болсақ, биыл оған 101 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

– Екінші сұрағым, биыл – Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойы. Осыған орай жазушыға ескерткіш орнатылады деп естідім. Қайда орнатылады? Және ұлы қаламгерге әлі күнге дейін Өскемен қаласынан бір көшенің аты неге бұйырмай келеді?

– Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына байланысты негізгі шаралар Катонқарағай ауданында 12 қыркүйекте өтеді. Сол жерге республикамыздың түкпір-түкпірінен құрметті қонақтар шақырылып жатыр. Ескерткіш жазушының туылған жері Шыңғыстайда бой көтереді. Ескерткіш ұлы тұлғаның туылған күніне орай ашылады. Айта кетейік, ескерткіш жазушының жерлестерінің, белгілі кәсіпкерлердің көмегімен салынды. Бір сөзбен айтқанда, халықтың қаражатымен салынды деуге болады. Көше жайындағы сұрағыңызға дәл қазір нақты жауап бере алмаймын. Бірақ, Оралхан Бөкейдің есімін Өскемен қалалық орталық кітапханасына беру мәселесі қарастырылып жатыр. Осы кітапхананың алдына жазушының бюстін қою да жоспарда бар.

Айгүл НАЗАРОВА, Үржар ауданы:
– Ауданда «Жауқазын» фестивалі 10 жылдан бері өтіп келе жатыр. Бұл байқау көптеген балалардың арманына қанат бітірді. Осы өнер байқауын облыс деңгейіне көтеруге болмай ма?

– Менің білуімше, бұл байқаудың өтіп келе жатқанына 10 жыл емес, 17 жыл болды-ау деймін. Облыс деңгейіне көтеруіге, әрине, болады. Бірақ аты бір болмаса да, заты сол байқауға ұқсас облыстық байқаулар өткізіліп жатыр. Айталық, өздеріңіз жақсы білетін «Жас қанат» байқауы, Риддер қаласында өтіп келе жатқан «Өз жұлдызыңды жақ» деген байқаулар бар.

Жанболат ЖАСАҒАН, Өскемен қаласы:
– «Шығыс шынары» мүшәйрасы қашан, қайда өтеді?

– Мүшәйра осы айдың 30 жұлдызында Өскемен қаласында өтеді. Қазір қатысушылар да, әділқазылар да анықталып болды. Қосымша деректер білгіңіз келсе, Өскемен қалалық мәдениет бөліміне хабарласуыңызға болады. Биылғы «Шығыс шынары» Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай өтеді.

Серік МАЛБАҒАРОВ, Абай ауданы:
– Саржал ауылында мәдениет үйі салынып жатқанын білеміз. Осы жақсы үрдіс ауданның басқа ауылдарында өз жалғасын таба ма?

– Мәдениет үйлері туралы жоғарыда айтып өттім. Ал Саржал ауылындағы мәдениет үйі біраз жыл бұрын басталып, одан кейін құрылысы тоқтап қалған болатын. Биыл 164 миллион теңге қаражат бөлінді. Алла сәтін салса, мәдениет үйінің халық игілігіне берілер күні алыс емес.

Серікхан ЖАҚИЯНОВ, Өскемен қаласы:
– Айдын Зейноллаұлы, облыстағы ақындар мектебін қайта құру мәселесін қайталай айтқалы тұрмын. Біз осы мәселені жергілікті ақын-жазушылар бірігіп, жоғарыға хат жазайық па, әлде, өздеріңіз бір жолын қарастырасыздар ма?

– Жалпы, бұл − көкейтесті мәселе. Қазір күрделі жөндеуде тұрған Металлургтер мәдениет сарайы іске қосылған соң, соның бір бөлмесіне осы мектепті ашу ойымызда бар. Бұл мектепті заңды тұлға, үйірме немесе қоғамдық бірлестік ретінде ашуға болады. Бұл мәселені біз қарастырып жатырмыз.

Баян ҚАСЫМХАНОВА, Күршім ауданы:
– Біздің ауданда музыканттар, сауатты режиссерлер жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандар жіберсеңіздер деген тілегім бар.

– Біз осы бағдарлама аясында 2011 жылы 21 адамды, былтыр 15 адамды жұмысқа орналастырдық. Биыл бұл жұмыс қыркүйек айына қарай қолға алынады. Күршім ауданына келсек, аудандық мәдениет үйінде бір мәдениет қызметкерінің орны бар. Ал режиссер мәселесін бұған дейін біз естімедік.

Арман МАРҚА, Өскемен қаласы:
– Салынып жатқан театр құрылысы қашан бітеді? Жаңа театрға Жамбыл атындағы театр ұжымы бірақ көше ме, әлде, қазақ труппасы ғана бара ма? Жаңа театрға кімнің есімі берілетін болды?

– Өскемен қаласындағы жаңа театрдың құрылысы, Алла қаласа, 2014 жылдың, бірінші жартыжылдығына аяқталады. Театрдың іске қосылу мерзімінің созылу себебі, құрылыс жобасын қайтадан қарастырдық. Жаңа театрға қазақ труппасы барады. Орыс труппасы Жамбыл атындағы театрда жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Театрға кімнің есімін беру мәселесі қарастырылып жатыр. Халықтан түскен ұсыныс-тілектер де ескеріледі.

«Дидар» газеті:
– Биыл тағы қандай мәдени шараларды өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Осы айдың 16 жұлдызында Абай ауданында Шәкерім Құдайбердіұлының 155 жылдығына орай ауқымды мәдени шаралар өтеді. Нақтырақ айтсақ, ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, ғұламаның ескерткіші ашылады. 22, 23, 24 тамызда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум өтеді. Қыркүйектің 14-і күні Өскеменде қала күніне орай «Алтын Алтай» атты музыкалық фестиваль ұйымдастырылады. Бұған көптеген жұлдыздар қатысады. Бұдан бөлек Семейдегі Өлкетану мұражайының, Абай атындағы кітапхананың 130 жылдық мерейтойларын өткіземіз. Сондай-ақ, «Туған ел – алтын бесігім» акциясының гала концерті болады. Бұл шара 1 желтоқсанда «Тұңғыш Президент күніне» орай Жарма ауданында немесе моноқалалардың бірінде өтетін болады. Және дәстүрге айналған «Жан серігім гитара», «Өз елім» сынды республикалық байқаулар өтеді.

Тікелей байланысты жүргізген – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button