Өскемендегі көпірді жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Өскемендегі Ертіс өзенінің үстінен өтетін көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан көпірмен күнделікті әрлі-берлі жүретін қала жұртшылығы да хабардар. Дегенмен, көкейде көпірге қатысты сұрақтар әлі де көп. Мәселен, бүгінде осындай алып құрылыс нысанындағы жұмыстар қандай деңгейде? Жұмыс кестеден кешіктіріліп жатқан жоқ па? Көпірде нендей өзгерістер орын алады? Осы және өзге сұрақтарға жауап алу мақсатында біз құрылыс басына барып, мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп қайтқан едік.
Жалпы, көпірді жөндеу жұмыстары 2014 жылдың сәуірінде облыс әкімінің ықпалымен басталған-ды. Ал оның пайдалануға берілу уақыты келер жылдың соңына белгіленіп отыр. Аталмыш шаруаға алматылық «А. Рязанов атындағы №25 көпір салу отряды» жауапты екенін айта кеткен абзал. Мердігер компанияның өкілі, жоба жетекшісі Александр Игнатовтың мәлімдеуінше, бұрынғы көпір әбден ескіріп, нәтижесінде нысан бастапқы деңгейінен 50 сантиметрге дейін төмендеп кеткен.
– Жаңа көпірдің ұзындығы 320 метрді құрайды. Нысанда бірнеше өзгеріс орын алады, атап айтқанда, көпірдің орта тұсындағы қос тіректің арасы бұрынғыдай 100 метр емес, 80 метрді құрайтын болады. Бұл өз кезегінде құрылыстың жалпы сапасын жоғарылатып, оның беріктігі мен төзімділігін айтарлықтай арттырмақ. Сондай-ақ, жағаға жақын тіректер арасы да 50-ден, 30 метрге дейін жақындайды, – деген Александр Игнатов жаңа көпірдің қаңқасы тұтастай темірден жасалатынын жеткізді.
Оның айтуынша, бүгінге дейін нысандағы жұмыстардың 50 пайызы тындырылған. Нақтырақ айтқанда, жаңа көпірдің бір жақ бөлігі тұрғызылып, қазір оның үстемен көлік қатынауда.
– Қазір ескі көпірдің сол жақ бөлігін қиратудамыз. Бұл жұмыс аяқталғанда, көпірдің екінші бөлігін құрастыруға кірісеміз. Ал ортада қалған ескі көпірдің оң жақ бөлігін соңғы кезекте монтаждайтын боламыз, – дейді ол.
Бұдан кейін ең бір жауапты операция, дәлірек айтсақ, жаңа көпірдің екі бөлігін бір-біріне жалғау жұмыстары басталмақ. Мұндай жұмыстар еліміздің Алматы, Астана сияқты бірер ірі қаласында ғана жүргізіліпті.
– Операцияның бірегейлігі көпірдің бір бөлігін екіншісіне жылжытуда. Яғни, қарапайым сөзбен түсіндіретін болсақ, қазірге дейін салынып біткен көпірдің оң бөлігі кейін көтерілетін сол бөлігіне астына салынған трамвай рельстерінің көмегімен жақындатылатын болады. Бұл қаншалықты ауқымды жұмыс екенін түсінген боларсыздар. Аталмыш шаруаны тындыруға шамамен бір айға жуық уақыт кетеді деп күтілуде, – деген Александр Игнатов жылжытылатын көпір бөлігінің жалпы салмағы бес мың тоннадан асатынын айтты.
Осы орайда мұндай жауапты жұмысты қолға алған мердігер компания туралы да бірер ауыз сөз қозғағанымыз орынды болар. «А. Рязанов атындағы №25 көпір салу отряды» компаниясы посткеңестік аумақтағы көпір салумен айналысатын мамандандырылған жалғыз ұйым екен. Қазір бұл компанияның бригадалары еліміздің түкпір-түкпірінде үлкенді-кішілі көпірлер салуда. Дегенмен, Өскемендегі көпір құрылысы бірегейлігімен ерекшеленейін деп тұр. Оған қоса, бұл көпірдің құрылыс материалдары түгелдей жергілікті кәсіпорындардан жеткізіліпті. Мәселен, қосынды темір құрылыстарды (шамамен бес мың тонна) өскемендік металл құрылымдарын шығаратын зауыт – «Имсталькон» жасап шығарыпты. Жалпы, қазіргі уақытта мердігерге құрылыс материалдарын облысымыздағы бес кәсіпорын ұсынып отырғанын айтқан жөн.
– Құрылыс жұмыстары кестеден кешіктірілмей жүргізілуде. Жоспар бойынша, көпір келер жылдың желтоқсанында пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, тағы бір айта кетер жайт, жөндеу жұмыстары кезінде көпір бірде-бір рет жабылып, көлік қатынасы тоқтатылған емес. Алдағы уақытта да осы мәселені басты назарда ұстайтын боламыз, – дейді жоба жетекшісі.
Бүгінде құрылыс нысанында 90-ға жуық жұмысшы екі ауысымда еңбек етуде. Олардың 35-і жергілікті тұрғындар екен.
Жалпы, Ертіс көпірінің жөндеу-монтаждау жұмыстарына алты миллиардан астам теңге бөлінгенін айту керек.
Нұржан Кенжеұлы