Қоғам

ӨСКЕМЕНДЕГІ БІР КӨШЕГЕ ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ

ӨСКЕМЕНДЕГІ БІР КӨШЕГЕ ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ

Биыл абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ССР-і гимнінің сөзінің авторы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толғаны белгілі. Осыған орай Өскемендегі облыстық Пушкин атындағы кітапханада ғалымның қызы Дина Мұхамедханмен онлайн-кездесу болып өтті. Онлайн-кездесуге Семей, Зайсан қалалары мен Қасым Қайсенов кенті, Жаң Шүлбі және Абай ауданынан Қарауыл ауылы кітапханасы оқырмандары қатысты.
Бүгінде Дина Мұхаметханқызы Алматы қаласында тұрады. Ол қазіргі таңда әкесі Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет қоғамдық қорын басқарып, ғалымның әдеби мұрасын сақтау және есте қалдыру ісімен айналысып жүр. Кітапханаға жиналған оқырмандарға Дина Мұхамедханқызы әкесі жайында тамаша естеліктер айтып берді. 1951 жылдың 1-желтоқсанында Қайым Мұхамедханов 25 жылға бас бостандығынан айырылады. Ғалымға тағылған басты айып – Абайдың ақындық мектебін зерттегені. «Шаш ал десе, бас алатын» жандайшаптар: «Абайдың ақындық мектебі деген жоқ. Тек марксизм-ленинизм мектебі ғана бар. Абайдың шәкірттері буржуаз ұлтшылдар, панисламистер, байлар» деп ғалымды өз жолынан қанша адастырғысы келгенімен, ол өз ұстанымынан бас тартпайды. Бұл жолда қаншама азапты бастан кешсе де, Ұлы Абайға адалдық танытады.
-Менің әкем Абай үшін күресті. Абай бізге оңай келген жоқ, – деді кездесуде Дина Мұхамедхан.
Сондай-ақ, кездесуде ғалымның шәкірті, Жазушылар Одағының облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев, ақын Мәуітқазы Зүкенов сөз алып, ғалым туралы әдемі естеліктердің тиегін ағытты. Осынау кездесуде сөз алған Әлібек Қалиұлы ғалымның туғанына 100 жыл толуына орай қалалық мәслихаттың шешімімен Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы бір көшеге ғалымның есімі берілгенін де жеткізді.
Онлайн-кездесуде Дина Кайымқызы оқырмандардың сауалдарына жауап беріп, естелік суретке түсті.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button