Өскемендегі Алау эстафетасы өзгеше болды
Көне гректерден жеткен спорттық ойындардың алауын жағу рәсімі қаңтардың 26-сы күні Өскеменде өтті. Олимпиялық бәсекелерден кейінгі бәсі биік тұрған Универсиаданың шырағын облыс орталығында тұтатып, барлық сән-салтанатымен ару қала Алматыға аттандырдық. Асқақ Алатау, қарт Алтайдың сәлемін қабыл ал!
Бұл күні өскемендіктер мен қала қонақтары көз сүйсінер көріністің куәгерлері болды. Тәуелсіз қазақ елінің шежіресінде әлі талай айтулы аламанның алауы жағылып, дүбірі естіле жатар. Алайда, жеке шаңырақ тіктеген ширек ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет өткізілгелі отырған мәртебелі спорт мерекесінің орны бөлек тұрады ғой қашанда. Мұны бәрі түсінеді, іштей сезеді. Сондықтан да болар Универсиада алауын Шығыс жұрты ерекше қабылдады…
Алау эстафетасы өңіріміздегі іргелі білім ордаларының бірі – С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың алдынан басталды. Аймақтың атын әлемге әйгілеп жүрген алпыс спортшымен бірге салтанатты шараға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысып, эстафетаны ашты.
– Құрметті жерлестер! Беделді, халықаралық жарыстың елімізде өткізілуі барша қазақстандықтар үшін зор мақтаныш, шынайы тарихи оқиға. Бейбітсүйгіш Қазақстанға деген үлкен сенімнің дәлелі. Бүкіл дүниежүзі елдерін достық пен татулыққа шақырған Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ әлемдік аренадағы абырой мен беделі. Біз алдағы спорттық додада Көк туымыздың намысын қорғайтын саңлақтардың төрттен бірі Шығыстан шыққанын мақтан етеміз. Бұл өңірімізде жоғары деңгейлі спорттық мектептің қалыптасқанын көрсетеді. Спортшыларға алдағы ойындарда тек жеңістер тілейміз, – деп ағынан жарылған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада алауын тұтатып, оны көпшіліктің қошеметімен Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға тапсырды.
Эстафетаны облыс әкімінен қабылдап алған әйгілі жеңіл атлет «үш қарғып секірді» де 30-шы Гвардияшылар дивизиясы көшесіне түсіп алып бүлкек желіспен жөнелді. Қаумалаған қалың жұрт бірге қозғалды. Алаугерлердің соңынан «алақайлап» жүгірген балалар мәз бәрінен де. Көшелердің бойын жағалай қолдарына жалаушалар ұстап, қошемет көрсетіп тұрған оқушылар, студент жастар. Қауіпсіздікті қалт жібермей күзеткен тәртіп сақшылары да өздеріне артылған міндетке тас-түйін екенін аңғартқандай.
Спорт деген сиқыр ғой расында. Кез келгенді өзіне баурап алатын, елітіп әкететін тылсым күш бар. Оған күмәніңіз болмасын. Көзіміз жеткен бір жайтты айтайын. Алаугерлер қала көшелерімен жүріп өткен кезде, оларға елең етпеген ешкім болмады. Үлкеннің де, кішінің де назары салтанатшыларда. Адам тасымалдаудан өзге, анау-мынаумен аса шаруасы жоқ автобус, такси жүргізушілері де көліктерінен шығып, сазды әуеннің ырғағымен шерулеткен спортшыларды фотосуретке түсіріп, бейнетаспаға тартып жатты. Көпшілік арасында алау ұстаушы спортшыларды сырттай танып, атын атап, қолдау білдіріп жатқандар да болды. Алаугерлер қатарында өңірге белгілі спорт ардагерлерінен бастап, Өскемен мен Семейдің оқу орындарында білім алып, дүбірлі жарыстарда мерейімізді өсіріп жүрген студент жастар көп болды. Олардың барлығы да осындай тарихи оқиғаның қатысушылары мен куәгерлері атанғандарын мақтанышпен айтып, қуаныштарын жасыра алмады. Айталық, жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы Надежда Дубовицкая: – Алау эстафетасына өмірімде бірінші рет қатысамын. Қуанышпен қатар, бойымда сәл қобалжу да бар. Қалай дегенмен, дүйім елдің көптен күткен жарысының бастауы ғой бұл. Осындай мәртебеге ие болғаныма мақтанамын, – деп ақтарылса, Семей қаласындағы спорт колледжінде оқитын талантты жас, дзюдодан жастар арасындағы ел чемпионы, Азия және Әлем біріншіліктерінің жүлдегері Алмас Акрашев: – Эстафетаға қатысатынымды естігенде, қатты қуандым. Мұндай дәрежеге екінің бірінің қолы жете бермейді ғой. Спортшы көп. Солардың ішіндегі таңдаулылар қатарына енгенім спорттағы төккен тер мен еңбегімнің арқасы деп ойлаймын. Жастарға сенім артып, қолдау білдіргені үшін ризашылығым шексіз, – деп алғысын жаудырды.
Содан Потанин, Астана, Орджоникидзе, Қазақстан көшелерімен жылжи жүріп, Республика алаңын басып өткен алаугерлер от тұтанған шырағданды бір-бірінен кезекпен алып, Славский атындағы жағалауға келді. Осы жерде эстафетаны Рио-2016 Олимпиадасының қатысушысы, байдаркада ескек есудің шебері Екатерина Смирнова қабылдап алып, ары қарай қайықпен әкетті. Баяу аққан ерке Ертістің ағысымен құлдилап келіп, Үлбі өзенімен түйісер тұстан бірақ шықты. Бұл жерде алау фристайлшы Константин Горлачевқа табысталды. Шаңғы акробатикасының хас шебері Даңқ мемориалының түбінде арнайы жасалған мұз тұғырдан секіріп, ары қарай эстафетаны биатлоншыларға тапсырды. Енді алау шаңғышылардың қолында Үлбі өзенін жағалай өрлеп жаңа көпірге жеткенде, кезекті конькишілер іліп әкетті. Алдын ала су құйылып, қатырған мұз жолымен конькилері күн сәулесіне шағылып жалт-жұлт еткен жүйріктер әне-міне дегенше 12 шақырымға созылған эстафетаның соңғы алаугері, түйіндеушісі «Алтай» волейбол командасының үздік ойыншысы Дамир Әкімовке тапсырды. Б.Александров атындағы Спорт сарайында эстафетаның нүктесін қойған белгілі волейболшы Дамир Өскеменде тұтанған алауды биылғы Универсиаданың астанасы Алматыға арнайы ұшақпен алып кетті.
Айтпақшы, еліміздің өзге қалаларында Өскемендегідей Универсиада алауын суда қайықпен, мұзда конькимен, қар үстінде шаңғымен алып жүру, тұғырдан секірту сияқты маршруттар болған жоқ. Бұл жағынан біздің Шығыс ерекшеленіп тұр.
– Облыс атынан алауды Алматыға апара жатқаныма қуанып тұрмын. Бір жағынан бұл маған артылған үлкен жауапкершілік екенін сеземін және сол үдеден шығуға тырысамын. Ал енді спортшыларға келсек, Универсиада ойындарында жақсы нәтижелер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін, – деді алауды алып Алматыға аттанып бара жатқан Дамир Әкімов.
Сөйтіп, еліміздегі өзге қалалармен қатар Өскемен де өз алауын тұтатып, қазақ топырағында алғаш өткелі отырған XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың басталғанынан хабардар етті. Ал біз байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын саңлақтарымызға сәттілік тілейміз!
Серік Әбілхан