Қоғам

Өскеменде жылдағыдан өзгеше мерекеленді

Өскеменде жылдағыдан өзгеше мерекеленді


Мұсылман қауымның ұлық мейрамы саналатын Құрбан айт Өскеменде жылдағыдан өзгеше өтіп жатыр. Үш күн тойланатын қасиетті мерекенің бірінші күні оқылатын айт намазда халық мешіттерге сыймай қалды. Халифа Алтай атындағы мешітке жиналған жамағатты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.

Шынын айту керек, аталмыш мешіт бой көтерген алғашқы жылдары айт намаздың сабындағылар сирек болатын. Мешіттің үлкен залы да толмайтын. Ал бұл жолы сыймай қалған біраз адам аяқ киім шешетін бөлмеде тұрып құлшылық етуге мәжбүр болды.

Алаң-елеңнен тұрып Аллаға құлшылық жасап келген өскемендіктерді өңірдің бас имамы Ермек қажы Мұқатай құттықтап, құрбан шалудың мән-маңызын, жол-жоралғысын түсіндірді. Халықты береке-бірлікке, имандылыққа тәрбиелейтін салихалы уағыздар айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жамағатты аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ атынан құттықтай отырып, қасиетті мерекенің өз деңгейінде тойланып жатқаны еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екенін айтты.

– Құрбан айт мерекесіне байланысты берілген демалыс тегін емес. Бұл мереке қазір отбасылық мерекеге айналып кеткен. Сондықтан әрбір азаматтың бұл мерекені алаңсыз тойлауына барлық жағдай жасалған. Бұл қасиетті мерекенің өз жоралғылары бар. Елдегі тұрақтылықтың, әлеуметтік-экономикалық, мәдени жетістіктердің арқасында бұл мерекені өз деңгейінде тойлауға мүмкіндік алып отырмыз, –деді Жақсылық Омар.

Православтық шіркеудің өкілі Евгений әкей де шығысқазақстандықтарды діни мерекемен құттықтады. «Мейлі қай діннің өкілі болса да оның жүрегіндегі рухани құндылық өзге дін өкілдерінің жүрегіндегі құндылықпен үндесіп жатады», – деп сөз бастаған ол ұлтаралық, дінаралық береке-бірліктің қаншалықты маңызды екенін баяндады.

Ғибадат үйінен құлшылық жасап шыққан жұрт киіз үйлердегі айттың тамағынан ауыз тиіп, мешіт алдындағы мерекелік шараның шаттығына шомды. Сахна төріне көтерілген өнерпаздар халыққа алуан өнердің құдіретін көрсетсе, кейбір кісілер спорттық сайыстарға қатысып, бақтарын сынады.

Құрбан айттың Ораза айттан ең басты ерекшелігі – құрбандық шалуында екені белгілі. Бұл күні мүмкіндігі бар мұсылманның бәрі сауапты іс жасап, құрбандық шалуға асығады. Сондықтан мешіттен шыққан жұрт Шығыс кентіндегі құрбандық шалатын орынға беттеді. Мұсылмандардың қасиетті мерекесін табиғат та сағынып қалғандай. Мал базарына барған елді малмандай су қылып, алланың аппақ нұрымен жуындырды.

Айт мерекесіне орай малдарын арнайы сатылымға әкелген сатушылардың да қарасы көп болды бұл күні. Малдың саны көп болғандықтан ба, олар жылдағыдай бағасын да аспандатып жіберген жоқ. Бірінші күні саудагерлер тоқтыны 10-15 мың, қойды 20-25 мың аралығында саудалады.
Бір-біріне «Айт қабыл болсын» айтып, айтшылап жүрген ағайын-туыстың мерекелік көңіл-күйінен Құрбан айттың құдіреті көрініп тұрғандай.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button