Қоғам

Өскеменде жолақысы қымбаттай ма?

Өскеменде жолақысы қымбаттай ма?

Аптаның алғашқы күні Өскемен тұрғындары күтпеген жағдайға тап болды. Қалаішілік жолаушылар тасымалдаушы автобустар құлқын сәріден екінтіге дейін ешқандай қызмет көрсетпей қаңтарылып тұрды.
Иә, бұл күні шаһардағы трамвайлардың дәурені туды. Иін тірескен жұрт темір тағанды көліктерді аузы-мұрнынан шыға лық толтырды. Өскемендегі қоғамдық көліктерге деген сұраныстың күрт артуына байланысты қалалық әкімдік трамвай паркінің басшылығымен шұғыл байланысып, трамвайлардың санын көбейтуге келіскен.
Жолаушылар тасымалы басқармасы орталығының деректеріне сенсек, 12 мамыр күні облыс орталығындағы 322 автобустың 110-ы ғана жүрген. Қалған басым көпшілігі жол ақысын көтеруді талап етіп жұмысқа шығудан бас тартты. Оған себеп – дизель отынының 102 теңгеден 115 теңгеге (литрі) қымбаттауы.
Дейтұрғанмен жергілікті билік өкілдері бұл проблеманың жақын арада шешілетінін айтып сендірді. Облыстық ақпараттық орталықта брифинг өткізген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исақовтың сөзіне қарағанда, әзірше көлік компанияларымен жасалған келісімшарттарды бұзуға ешқандай негіз жоқ, сондықтан олармен тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр.
– Біз келісімшартты автобустардың орташа айлық қатынау жиілігі 85 пайыздан төмендегенде ғана бұза аламыз. Мәселен, бүгін ол 50 пайызды құрап, қалған күндері жүз пайызға жетсе, орташа көрсеткіш 85 пайыз болады. Әрине, біз әрбір компанияны жеке-жеке алып қарастырамыз. Бүгінге дейін олардың тарапынан келісімшарт талаптары бұзылған жоқ, – деп түсіндірген қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов жанармайдың қымбаттауы жол жүру билетінің құнын көтеруге басты себеп еместігін де атап өтті.
Оның пікірінше, жергілікті билік көлік компаниялары қойып отырған тарифті жоғарылату немесе шығындарды өтеу талаптарын орындауға әзірше асықпайды. Мәселені жан-жақты зерттеп, тексергеннен кейін барып нақты шешім қабылданады. Қалалық мәслихаттың келесі сессиясына дейін жаңа тарифтермен жұмыс істейтін арнайы топ жолаушылар тасымалдаушы барлық 14 компанияның бүкіл шығындары бойынша егжей-тегжейлі есеп жүргізіп, ұсынуы керек. Мұндай есеп биылғы сәуір айында жүргізілген, бірақ ол кезде жұмыс тобы ірі үш фирманы ғана қамтыған.
– Біз «РОСТ» ЖШС басшылығынан хат алдық. Онда олар жолаушылар тасымалы қызметін таңертең және кешкі уақыттарда, яғни адамдар көп жүретін кездерде жүзеге асыратынын жеткізген. Таңертең сағат 6-дан 11-ге дейін және түстен кейінгі сағат 15.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін. Меніңше, бұл бастаманы барлық көлік компаниялары қолдап отыр, – деген Мақсұт Исақов ол хат тексеру амалдарын жүргізу үшін прокуратураға жолданғанын айтады.
Алдағы уақытта құқық қорғау органдары хат иелерінің бұл әрекеттеріне тиісті бағасын беретін болады.
Өскемен қаласының әкімдігі жолаушы тасымалдаушылармен келіссөздер жүргізіп, күрмеуі қиын мәселені барынша тезірек шешуге тырысып бағуда. Бұл ретте шаһар басшылығының компанияларға қояр өз ұсыныстары бар көрінеді. Көп ұзамай екі тарап бір шешімге келетініне атқарушы билік өкілдері сенімді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button