Өскеменде жұмыртқа неге қымбаттады?
Бір аптадан бері Өскеменде жұмыртқаның бағасы күрт қымбаттап шыға келді. Облыс орталығындағы кейбір дүкендерде жұмыртқаның он данасы 360-370 теңгеден сатылып жатыр.
Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары жұмыртқа бағасының қымбаттауына байланысты: «Толайым сауда жасайтын кәсіпорын иелерінің айтуынша, жұмыртқа бағасының қымбаттауына өндірушілердің-құс фабрикаларының өнім бағасын көтеруі себеп болып отыр. 9-қараша күні жасалған мониторингтік талдау толайым және шағын толайым сауда жасайтын сауда орындарында 1-дәрежелі жұмыртқаның он данасы-275-290 теңгені құрағанын көрсетті. Ал дүкендерде жұмыртқа 290 теңгеден және одан жоғары бағамен сатылып жатыр. Қазір жұмыртқа «Жәрдем» базарында-290-300, «Әлем» сауда үйінде – 290-310, «Горизонт» дүкенінде 310 теңгеден сатылуда. Сенбі күні Металлургтердің мәдениет сарайы жанында өтетін жәрмеңкеде жұмыртқа 285-290 теңгеден сатылатын болады» деген түсінік, мәлімет берді.
Бұл қаладағы азық-түлік бағасын бақылап отырған кәсіпкерлік бөлімінің ресми ақпараты. Ал дүкендерде жұмыртқа көзіміз көргендей 360 теңгеден сатылуда. Осы баға ауылға да жетіпті.
Күзде Өскеменде өткен құс өсірушілер форумында құс өсірушілер одағының төрағасы Руслан Шарипов еліміздегі құс өсіруші шаруашылықтардың вакцинадан бастап, құрал-жабдықтарға дейін шетелден сатып алатынын, бұл жағдай отандық құс өнімдерінің қымбаттауына әкеліп соқпай қоймайтынын айтқан болатын.
Елімізде құс фабрикалары тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Жаңадан ашылып жатқан шағын құс фермалары да көбейіп келеді. Бірақ олардың көбісі етті бағыттағы өндірістер. Біздің облыста да жұмыртқа өндіріп жатқан құс фабрикасы жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, жұмыртқа облысқа сырттан, Ресейдің Алтай өлкесі жағынан, Қазақстанның өзге облыстарынан әкелініп жатыр.
Айтып айтпай не керек, тағы бір өнімнің қымбаттап кеткеніне жұрттың бұл жолы да қайран қалудан басқа шарасы қалмады.
Жанаргүл Мұқатай