Қоғам

Өскеменде жинаған тәжірибемді Астанада кәдеге жаратып жатырмын

Өскеменде жинаған тәжірибемді Астанада кәдеге жаратып жатырмын


– Мен Алматыда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып, Асқар Тоқпанов, Асылбек Ихсанов және Нұрқанат Жақыпбаев сынды ұстаздардың тәлімін көргендігімді қай кезде де мақтанышпен айтып жүремін. Театр саласында қал-қадірімізше біраз жыл тер төккен секілдіміз. Әлі де қартайып тұрғамыз жоқ. 2000-2007 жылдар аралығында туған өңіріміздегі қасиетті өнер ордаларының бірі – Жамбыл театрына келіп, жаңадан аяқтанып жатқан ұжымда Рүстем Есдәулетов, Төлеухан Бадығанов, Тұрсынбек Дүзбаев, Ертай Хасенов, Қанат Ниязбеков, Аманжол Хамзин сынды өнерпаздармен тізе қосып жұмыс істедік. Өскеменде еңбек еткен жеті жыл маған, менің шығармашылық өміріме үлкен мектеп болды. Актер ретінде қомақты тәжірибе жинадым. Әйтсе де, жан дүнием бір өзгерісті, шығармашылық тұрғыдан жаңа бір ізденістерді көксеп жүрді. Дәл сол тұста ұстазым Нұрқанат Жақыпбай Астанадан жаңа театр ашып, университетті енді бітірген шәкірттерінен құралған жас труппаның шығармашылық жұмысына қызу кірісіп жатқан. Ұстазыма хабарласып, жаңа театр іргесін бірге қаласқым келетінін айттым. Қуана қолдады.

Жастар театры – негізінен пластика мен музыкаға басымдық бере отырып, өнердегі өз орнын белгілеген ерекше бағыттағы жасампаз, жаңашыл театрлардың бірі. Университет қабырғасынан қалыптасқан пластикалық қабілетімнің бұл театрға жұмысқа орналасып, жастармен жарыса жүріп жұмыс істеуде үлкен септігі тиді. Оның үстіне режиссеріміз, бағыт берушіміз де өзіміздің төл ұстазымыз болғандықтан, жаңа ұжымды жатырқамай, бірден ортаға сіңісіп кеттім. Актерліктен бөлек, Жастар театры сахнасында өзімді режиссерлікте де қатар сынап, балаларға арналған ертегілерді сахналау үстіндемін. Нәтижеміз әзірге жаман емес. Мен үшін қойылымнан кейінгі балалардың шат-шадыман көңіл-күйі мен риясыз күлкісін көруден асқан бақыт жоқ. Сонымен қатар, бүгінде Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеуде де өз үлесімді қоссам деген ниетте еңбек етіп жатқан жайым бар.

Әрине, Өскеменнен Астанаға қоныс аударған алғашқы жылдар қиын болды. Баспана мәселесі, жаңа қалаға жерсіну – барлығы да өзінің ауыртпалығын түсірді. Тіпті, келген бетте жұбайым екеуіміз түнейтін жер таппай, далада тентіреп қалған кезіміз де болды. Сабыр сақтадық. Алла сәтін салып, барлығы ретімен шешілді. Өткен жылы театрым су жаңа пәтердің кілтін сыйлап, дүркіретіп қоныс тойын жасадық. Бұл – үлкен қуаныш! Сондықтан менің Астанаға, өзімнің сүйікті ұжымым – Жастар театрына деген құрметім де, алғысым да шексіз.

Жұбайым Ажар да өнер адамы. Орта мектептерде музыка пәнінен сабақ беріп, өнер ұжымдарын түрлі байқауларға даярлайды. Ұлымыз Бекжан әскери борышын Қарағандыда өтеп, сол салада қызмет етуді қалады. Қыздарымыз Ақерке мен Аяжан білімдерін алуда. Олар да өнер ауылынан алыс емес.
Арқаның климаты көбінесе желді боп келеді екен. Алғашқы жылдары, әсіресе қыс мезгілдерінде ұйытқи соғатын үскірік желін көргенде: «Апыр-ай, біз осы көп ұзамай Алтайға қайтып кетпесек жарар еді» деп әзілдесетінбіз. Қазір Астананың селіне де, желіне де, тіпті, еліне де үйрендік. Біздің мақсат айқын – оннан-мұннан жанымызға жайлы климат іздеп жүрмей, сол климатты өнер ордаларында тудыра білуіміз керек. Әрине, туған жерді, ондағы туыс-туған, дос-жарандарды сағынамыз. Кейде Алтайдың әсем табиғаты түсіңе енетіні бар. Сонда Сарыарқаның сахарасымен салыстыра қарап, қойнауы құтқа толы Өр Алтайыңды аңсап кетесің. Шіркін, Алтайдың аты – Алтай ғой қашанда.

Шығыстағы барша жерлестерімді Астана күні мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тілегім келеді.

Бейбіт Құсанбаев
Астанадағы Жастар театрының актері, балаларға арналған қойылымдардың режиссеры.

Осы айдарда

Back to top button