Өскеменде Жастар сарайы салынады

Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалымдар, ақындар мен спортшылар, қысқасы, Өскеменнің намысын облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстарда қорғап жүрген жастар лайықты сый-құрметке бөленді.
Облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында өткен мерекелік іс-шараға жастар ұйымдарының өкілдерінен бастап қатардағы оқушыларға дейін түгел жиналды. Мұның да себебі бар. Өйткені биыл Елбасының ұсынысымен Жастар жылы деп жарияланды. Соған орай Өскеменде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар акциясы өтті. Оған барлық сала өкілдері қатысты. Қала әкімі Жақсылық Омар да бұл күні көпшіліктің ортасынан табылып, өңірдің, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жастарға жаңа табыстар, үлкен жетістіктер, отбасылық бақыт, береке-бірлік тіледі.
– Қымбатты жастар, құрметті қонақтар! Біздің кемеңгер Елбасымыз әрқашан да кейінгі буын өкілдеріне үлкен үміт пен сенім артады. Сол себептен жастар қашан да қоғамның қозғаушы күші екенін ұмытпай, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы тиіс, – дей келе Жақсылық Омар Жастар жылына орай Өскеменде бірқатар ауқымды жұмыс атқарылатынын атап өтті.
Жиында шаһар басшысы биыл облыс орталығында Жастар сарайын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек ол ағымдағы жылы студенттердің тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жатақханалар салынып, футбол алаңдарының саны артатынын да атап өтті.
– Елбасымыз жастарды еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Оған дәлел де жетерлік, – деді Жақсылық Омар.
Бұл күні Жекпе-жек сарайының табалдырығын аттағаннан-ақ жастар өңірдің танымал қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан шығармашылық туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек олар балалар шығаршылық сарайының тәрбиеленушілері құрастырған роботты техника құрал-жабдықтарын көріп, оң бағаларын берді.
– Елордада өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып қайттым. Ең бастысы, Елбасымен кездесуге мүмкіндік алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Жиын барысында Нұрсұлтан Әбішұлы «Жас сарбаз» ұйымының жұмысын жандандырып, мектеп оқушыларымен жұмыс істеуді тапсырды. Басты мақсат – балалардың бойына патриоттық сезімді ұялату, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Арыстанбек Анжиков.
Мерекелік жиында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин жас қаламгер Ерасыл Ермекұлына шығармашылық табыс тілеп, сый-құрмет көрсетті. Бұдан соң елімізге кеңінен танымал боксшы Қанат Ислам жастарға жылы лебізін білдіріп, артынан ерген ізбасары, жас спортшы Бауыржан Сатжановқа сыйлығын табыс етті. Ал Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова болса, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген жеңіл атлет Елизавета Матвееваға сый-сияпатын ұсынды. Иә, бұл күні өскемендік белсенді жастардың бірде-бірі марапаттан кенде қалған жоқ.
– Құрметті жастар! Сіздер ешбір қиындыққа мойымай, алға қойған арман-мақсаттарыңызға жетіп, өмірден өз орындарыңызды табуға тілектеспін. Еңбектеріңіз жемісті болсын! Тек алға! – деп ақжарма тілегін жеткізді Ольга Рыпакова.
Мерекелік кеште «Инкорро» тобы, «Х-Фактор» жеңімпазы Евгений Выблов, «Ты супер» телевизиялық жобасының финалисі Влад Лоскутов сынды өңірімізге танымал өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Ал «Кербез» би тобының орындауындағы «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты хореографиялық қойылым кім-кімді де бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Сондай-ақ сахна төрінде «Жасұлан» әскери мектебінің оқушылары да өнер көрсеткенін айта кеткен орынды. Олар көпшілік қауымға қорғаныс тәсілдерін көрсетіп, көрерменді бір серпілтіп тастады. Сахнада шырқалған музыкалық шығармалар арасында әсіресе, «Қазақстаным», «Спорт – ұлттық намыс», «Пусть светит твоё солнце, Казахстан» сияқты әндер жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды.
– Биыл Өскеменде ауқымды шаралар өтеді. Әсіресе жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – кейінгі буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын көтеріп, олардың арасындағы мәселелерді шешу, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ринат Ахметжанов.
Ажар Сағатбекова