Қоғам

Өскеменде жастар қалашығы бой көтереді

Өскеменде жастар қалашығы бой көтередіКеше облыстық ақпараттық орталықта облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Ж.Сәрсебаев өткізген брифингте өңіріміздегі жастар ісін қолдау бағытында атқарылып жатқан ауқымды істер жайында айтылды.

Басқарма басшысының айтуынша, жуықта Ертістің сол жақ жағалауындағы Комсомол аралында жаңа жастар қалашығы бой көтермек. Құны 38 млн. теңгенің айналасындағы экологиялық жобаның әлеуметтік маңызы зор. Қалашық ішінде жастар өздері қалаған спортпен, өнердің түр-түрімен айналыса алатын көрінеді. Жалпы, қала тұрғындары үшін бұл жер – рухани-мәдени маңызы зор демалыс орны болмақ.

Алдағы аптада облысымызға Жапония елінің өкілдері келмекші. Олар осы қалашықта бой көтеретін «Қамқорлық үйіне» қаржылай көмек көрсетеді. Құны 18 млн. теңге болатын жобаға жапондар жәрдемдеспекші. «Қамқорлық үйінде» мүмкіндігі шектеулі балалар қолөнермен немесе өнердің тағы басқа түрлерімен айналыса алады. Мүгедек балалар бұл жерде әртүрлі үйірмелерге қатысып, өз шеберліктерін шыңдайды. Алдағы екі жылдың ішінде қалашық құрылысы толығымен аяқталмақшы.

Брифингте бұдан басқа жуықта тұсауы кесілетін IT-аймақ, Абай ауданында ашылып жатқан киіз үйлер қалашығы туралы айтылды. Басқосуға аудандық, қалалық жастар орталықтары мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ, «Дарын» орталығы мен Назарбаев мектебінің оқушылары қатысты.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button