Қоғам

Өскеменде өзгеше субұрқақ ашылды

Өскеменде өзгеше субұрқақ ашылды

Өскеменде шаһардың 295 жылдық мерейтойын атап өту шаралары басталып кетті. Мереке аясында қаланың Республика алаңында салтанатты жағдайда түрлі түсті музыкалық субұрқақтың тұсауы кесілді. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, сонымен қатар, «Ақ Ертіс» халықаралық өнер фестиваліне келген атақты өнер майталмандары Айман Мұсақожаева мен Шахмардан Әбілов бастаған отандық және шетелдік әртістер қатысты.

Өскеменде өзгеше субұрқақ ашылды

Жалпы, іске қосылған субұрқақпен қоса бүкіл Республика алаңының аумағы да айтарлықтай өзгеріпті. Атап айтқанда, мұнда жаңа жаяу жүргіншілер жолдары мен ерекше түнгі шамдар пайда болған. Дегенмен, бұл жолы Республика алаңына жиналған қауымның бар назары музыкалық су бұрқақтарда болды. Айта кетер жайт, облыс орталығында мұндай нысанның пайда болуына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ұйытқы болыпты.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Байырхановтың айтуынша, түрлі түсті музыкалық субұрқақтың құрылысы үш айға созылған. Ал негізі Республика алаңын абаттандыру жөніндегі жоба облыс әкімдігіне биылғы көктемде ұсынылған екен.

Өскеменде өзгеше субұрқақ ашылды

Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, құрылыс жұмыстарына қажетті тротуар мен мәрмәр плиталарын, бордюрлар, орындықтар және фонарьларды жеткізуге тек қана жергілікті тауарөндірушілер тартылған.
– Байқасаңыздар, алаңдағы құрылыс материалдарының түсі де бұрынғыдан өзгерек. Атап айтқанда, бұл жерді көріктендіру кезінде Мәскеудің тәжірибесі негізге алынды. Жалпы, бұл жұмысқа кіріспес бұрын Қазақстан суретшілер қауымдастығының төрағасы, академик Хасен Абаевтың ақыл-кеңесіне жүгінген болатынбыз, – дейді Өскемен қаласының бас сәулетшісі Дәурен Қасымов.

Өскеменде өзгеше субұрқақ ашылды

Ал енді субұрқақтың салтанатты ашылуына келетін болсақ, өскемендіктер мен қала қонақтарының көзайымына айналатын жаңа нысанды іске қосу құрметіне Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, скрипкашы Айман Мұсақожаева ие болды. Республика алаңына жиналып, нысанның тұсаукесерін тағатсыздана күткен жұртты субұрқақтың тамашасы бірден-ақ баурап алды.

Өскеменде өзгеше субұрқақ ашылды

Музыка демекші, субұрқақ әзірге оншақты ғана ән орындайды. Дегенмен, болашақта олардың санын бірнеше жүзге дейін де апаруға болатын көрінеді. Республика алаңына келушілерге ұсынылатын әуендердің арасында Бах, Бетховен сияқты әлем композиторларының шығармаларымен қатар, қазақтың «Аққу», «Махамбет», «Балбырауын», «Ерке сылқым» сияқты күйлері де бар екенін ерекше атап өткен жөн.

Өскеменде өзгеше субұрқақ ашылды

Қала басшылығының айтуынша, осындай шараның барлығы облыс орталығының ажарын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасалып отыр.
Реті келгенде айта кетейік, биыл «Казцинк» компаниясы Өскемен қаласының әлеуметтік жобаларына бір миллиард 100 миллион теңге қаржы аударыпты. Осындай қамқорлықтың арқасында шаһарда бірер жыл бұрын 300 орындық «Балапан» балабақшасы ашылса, биыл «Smash» теннис орталығы қолданысқа берілді. Бүгінде орталықтағы төрт жабық және жеті ашық кортта 500-ден астам балақай теннистің негіздерін үйреніп, жаттығуда.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button