Қоғам

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ
Өскеменнің төрінде «Өзбек жолбарыстарын» 4:1 есебімен ойсырата ұтқан «Астана арландары» Ташкентте жіберген есені қайтарып қана қоймай, Бүкіләлемдік бокс сериясының ширек финалына өз тобында бірінші орынға шықты. Жекпе-жек сарайында өткен тартысты кездесулерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бастаған бірқатар құрметті қонақтар тамашалады.
«Сәуірдің 2-ші жұлдызында облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында тұңғыш рет Бүкіләлемдік бокс сериясының алты маусымы аясында қазақстандық «Astana arlans» пен өзбекстандық «Uzbek tigers» командалары шаршы алаңға шығады» деген хабар ел ішіне тарағалы, спортсүйер қауым дүбірлі доданы тағатсыздана күткен-ді. Былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектерін тамашалау үшін сарайға жиналған халықтың қарасы әдеттегіден ерекше көп болуы сондықтан. Мыңнан астам адамды еркін қабылдай алатын еңселі ғимарат бұл күні аузы-мұрнынан шыға лық толды. Біраз адамдар билет таусылып қалғандықтан, ішке кіре алмай, есіктің аузынан кері қайтып жатты. Сонымен, бұл жауапты жекпе-жек қалай өтті? Бәрін рет-ретімен баяндайық.

Іргебаевпен бірге суретке түсуді ырым санайды

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

Алдымен қос команда өкілдерінің қатысуымен 1-сәуір күні «Dedeman Oskemen» қонақ үйінің мәжіліс залында дәстүрлі салмақ өлшеу, журналистерге сұхбат беру рәсімі болды. Оған «Astana arlans» клубының бас директоры, еліміздегі ең даңқты боксшы, Олимпиада және Әлем чемпионы Серік Сәпиев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов, біздің команданың бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков, өзбектердің бас бапкері Тулкин Киличев және боксшылар қатысты.
– «Astana arlans» командасы Өскеменде бірінші рет жекпе-жек өткізгелі отыр. Алдыңғы маусымда мұндай жекпе-жектер Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында ұйымдастырылған еді. Алдағы маңызды матчты өткізуге қолдау білдіріп, барша жағдайды жасаған облыс басшылығына, жауапты басқарманың басшысына және басқаларға клубтың атынан алғыс айтамын, – деді Серік Сәпиев.
Салмақ өлшеу барысында қос команданың бас бапкері шаршы алаңға шығатын шәкірттерін жеке-жеке таныстырып, қол жеткізген жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті. Бір айта кететін жайт, «Uzbek tigers» сапында 60 келі салмақта Елнұр Әбдірайымов есімді тегі қазақ жігіті келіпті. Журналистердің «Атажұртыңда бар өнеріңді көрсетуге дайынсың ба? Қандасыңа жұдырық жұмсай аласың ба?» деген ауандағы сауалдарына ол: «Бәріне дайынмын. Жарыс болған соң күш сынасу керек. Өзіме артылған сенімді ақтауға тырысамын», – деп жауап берді.
Таныстыру кезінде байқағанымыздай, осы жолғы жарысқа екі команда екінші нөмірлі боксшыларын әкеліпті. Оның да себебі бар. Бас бапкер Нұрлан Ақүрпековтің айтуынша, дәл осы кезде Қытайда бокстан Азия және Мұхит аймағы бойынша Олимпиада ойындарының лицензиялық турнирі өтіп жатқан. «Astana arlans» пен ұлттық құраманың намысын қорғайтын бірінші нөмірлі боксшыларымыздың барлығы аспан асты елінде жүр екен. Өзбектер де сөйтіпті. Алайда, бұдан Өскемендегі матчтың маңызы әлсіреп, мәні жоғалған жоқ. Керісінше, тартымдылығы арта түсті. Мұндай мүмкіндік күнде туа бермесін жақсы білетін саңлақтар шаршы алаңда барын салуға тырысты.

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

– Бүкіләлемдік бокс сериясы алтыншы маусымының соңғы кездесуіне әкелген спортшылардың барлығы – былтырғы Қазақстан спартакиадасының жеңімпаздары және ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшылары. 52 келі салмақта өнер көрсететін астаналық Азат Махметов, 81 келі салмақтағы Арман Рысбек және 91 келіден жоғары салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев «Astana arlans» сапында алғашқы жекпе-жектерін өткізеді. Бұлар – осыған дейін талай бәсекелерде топ жарып, шыңдалған жігіттер. Биылғы ақпан айында Ташкентте өткен кездесуде біз өзбек ағайындардан 4:1 есебімен жеңіліп қалған едік. Енді сол жіберген есені қайтаратын сәт туып тұр. Бұйыртса, біздің жігіттер жеңіске жетеді деп сенемін. Сол үшін жатпай-тұрмай дайындалдық, – дейді бас бапкер Нұрлан Ақүрпеков.
Өзбектер де Өскеменге жеңілу үшін келмегендерін айтты. «Uzbek tigers» командасының бас бапкері Тулкин Киличевтің сөзінен ұстағанымыз, топтық кезеңнің шешуші матчында кім жеңіске жетсе, сол ұжым ширек финалға топтан бірінші орынмен шығады.
– Қазір біздің еншімізде 13, ал қарсыласымызда 12 ұпай. Егер осы жолы жеңіске жетсек, «D» тобында бірінші орынға ие боламыз. Бірақ «астаналық арландар» осал қарсылас емес. Мұны жақсы білеміз. Сондықтан кезекті кездесуге тыңғылықты дайындықпен келдік, – дейді Тулкин Киличев.
Айтпақшы, Кенді Алтайға «Astana arlans» клубының қызметкері, белгілі боксшы, аягөздік жерлесіміз Рүстем Іргебаев та келіпті. Мамандардың айтуына қарағанда, тәжірибелі боксшы команданың бойтұмары іспетті. Өздерінің ырымдарына сәйкес жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу кезінде «арландар» Рүстеммен бірге фотосуретке түседі және сол матчта қазақстандықтар жеңіске жетеді. Осы жолы да солай болды…

Мұндай жекпе-жек қаламызда тұңғыш рет өтті

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

Жекпе-жек сарайындағы бокс кешін қала тұрғындары мен қонақтары біразға дейін жыр қылып айтып жүреді. Рас, Шығыста мұндай қанды қыздырып, делебені қоздыратын тамаша матч бұрын-соңды болмаған.
– Шығыс Қазақстан – еліміздегі шайбалы хоккейдің отаны. Сондай-ақ, осыдан 103 жыл бұрын Семейде қазақ футболының іргетасы қаланып, сол кездегі алғашқы клубтардың бірінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов ойнағанын тарихтан білеміз. Осы игі дәстүр бүгінге дейін жалғасын тауып, өңірімізде басқа да спорт түрлері дамытылуда. Елбасының облыстарда спортты өркендету туралы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарламалардың арқасында Шығыста бірнеше ірі нысандар салынып, өздеріңіз көріп отырған Жекпе-жек сарайы, Олимпиада чемпионы О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, жабық үлгідегі суда жүзу бассейні және басқалары қызмет көрсетуде. Мұның бәрі – халықтың денсаулығын нығайтып, жастардың спортпен шұғылдануына жасалып отырған мүмкіндіктер. Қазір облыста үш жарым мыңнан астам жасөспірім бокспен айналысады. Оларды білікті бапкерлер жаттықтырады. Жетістіктері де жаман емес. Енді міне, облыс басшылығының қолдауы арқасында Өскеменде Бүкіләлемдік бокс сериясы алтыншы маусымының кезекті жекпе-жегі өткізілуі осынау жастарды рухтандырып, болашақ чемпиондардың шығуына ықпал етеді деген сенім мол, – деп спорт мерекесінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жарысқа қатысушыларға сәттілік, төрешілерге әділ қазылық жасауға тілектестігін білдірді.
Алқалы жұрттың алдында Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, «Astana arlans» клубының бас директоры Серік Сәпиев те ақжарма тілегін айтты.
– Әлемдік деңгейдегі осындай жауапты іс-шараны өткізуге үлкен қолдау білдіріп, ұйымдастырған облыс әкімдігіне, жергілікті кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіргім келеді. Боксшыларын қолдап, қолпаштауға келген жанкүйерлерге де рахмет. Бүгінгі кеш тартысты жекпе-жектермен есте қалар деп ойлаймын. Қай команда мықты, сол жеңіске жетсін, – деді ол.
Осымен ресми бөлім аяқталып, ендігі кезек құрыш білекті, шойын жұдырықты жігіттерге келді. Алдымен шаршы алаңдағы спортшылардың өнерін таразылап, төрелік жасайтын қазылар алқасы таныстырылды. Олар: Англия, Венгрия, Ресей, Грузия, Молдова, Болгария елдерінен келіпті.
Жекпе-жек басталмай тұрып, қонақтар алғашқы жеңіске қол жеткізді. Өйткені, 60 келі салмақта сынға түсуі тиіс болған «Astana arlans» боксшысы Закир Сафиуллин белгілі себептерге байланысты шаршы алаңға шыға алмағандықтан, жарыстың ережесіне сәйкес қарсыласы Елнұр Әбдірайымов жеңімпаз деп танылды.

Қабақ жарылғанына қарамай жұдырықтасты

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

Беташар жекпе-жек астаналық Азат Махметов пен Аброржон Қадыров арасында өтті. 52 келі салмақта сынға түскен қос саңлақтың өнеріне қол соғып, қошемет көрсетпеген адам болмады. Жеңіл салмақтағылардың қимылы мен соққылары да жылдам ғой. Қорғанудан гөрі шабуылға иек артқан боксшылар бірін-бірі соққының астына алды. Десек те, Азаттың қарсыласынан бір бас жоғары болғанын айтуымыз керек. Нәтижесінде өзбек жігітінің қабағы жарылып, сорғалаған қызыл қан бет-ауызын жуып кетуі себепті дәрігерлер кездесуді жалғастыруға рұқсат бермеді. Сөйтіп, алғашқы жеңісті уысқа түсірдік. Таразы басы теңесті.

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

Бас жарылып, көз шықпаса да, қабақ жырылып, қан сорғалаған жекпе-жекті 69 келі салмақтағы жамбылдық Асланбек Шымбергенов пен Махмуд Гаипов көрсетті. Не ғыласыз, екеуі де намысты қолдан бермейтін мықтылардың нағыз өзі екен. Сілтеген соққылары қандай! Қос қабылан шаршы алаң төрінде бес раунд бойы бір-біріне беріспеді. Мойындау керек, өзбек боксшысы да осал емес. Асланбектің әрбір соққысына қарымта қайтаруға тырысты. Бірақ жергілікті жанкүйерлердің демеуінен рухтанған біздің жігіт қабағының жырылғанына қарамай, шешуші раундта тізгінді қолына алды. Бірнеше жойқын соққылары діттеген жерге дөп тиіп, қарсыластың бетін қайтарды. Әйтсе де, көңілі күпті қалың жанкүйер төрешілердің шешімін күткен. Артынша төрешілердің ұйғарымымен бұл сында «Astana arlans» боксшысы басым түскені хабарланғанда, сарайға лық толған қалың жұрт орындарынан дүрк көтеріліп, ұзақ қошемет көрсетті.
– Бұл кездесудің маңыздылығын, жауаптылығын басынан бастап сезіндік. Бапкерлеріміз де айтты. Жеңілуге хақымыз жоқ екенін білдік. Өйткені, осы матчта кім басым түссе, сол топта бірінші орын алып, плей-оффта осалдау қарсыласпен кездеседі. Сондықтан қолдан келгеннің бәрін жасадық. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер, – деп ағынан жарылған Асланбек Шымбергенов қарсыласы өзбек боксшысының да мықты екенін айтты.

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

Командаластарының жеңісті жолын «арландарымыз» – Арман Рысбек пен Қамшыбек Қонқабаев та жалғады.

ӨСКЕМЕНДЕ «ӨЗБЕК ЖОЛБАРЫСТАРЫН» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

Қарсыластарын бір соққымен сұлатып, есінен тандырып тастамаса да, еселерін жіберген жоқ бұл екеуі. Сөйтіп, Өскеменде өткен матчта «Astana arlans» командасы «Uzbek tigers» боксшыларын 4:1 есебімен тізерлетіп, Бүкіләлемдік бокс сериясының ширек финалына өз тобында бірінші сатыдан шықты. Ал өзбектер – екінші орында.

Серік Әбілхан

Суреттерді түсірген – Есімхан Орынбаев

Осы айдарда

Back to top button